Экофестиваль қорытындысы: экологиялық бастамаларға әрбір үшінші қазақстандық қатысты
2025 жылғы 21 сәуірде Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен экофестиваль өтті, оның аясында инновациялық экологиялық жобалар мен стартаптарды көрсету үшін көрме және интерактивті аймақтар ұйымдастырылды.

Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша «Қалдықтардың екінші өмірі» атты 7 көрме аймағы құрылды.

Мысалы, Kazstonebox жобасы экологиялық және суға төзімді материал – тас қағаздан жиһаз бен қалдықтарды бөліп жинауға арналған контейнерлер шығарады. Бұл өнімдер төзімді, ылғалдан қорықпайды, бастысы ағаш пен пластикке экологиялық таза балама бола отырып, толығымен қайта өңделеді.

Technic Destroy литий-ионды батареяларды қайта өңдейді және ондағы бағалы металдарды (литий, кобальт, мыс) өндіріске қайтарады. Бұл қоршаған ортаның ластануын азайтып қана қоймай, шикізат импортына тәуелділікті азайтады.

«Жасыл технологиялар» бағыты бойынша Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы 9 аймақ ұйымдастырды.