$10 млрд-тан астам инвестиция және 8,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны: Үкіметте химия және металлургия салаларындағы ірі өнеркәсіп жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралды

0
3

Премьер-министр Олжас Бектенов химия және металлургия салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға бағытталған ірі өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экспортқа бағдарланған өндірісті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жалпы инвестиция көлемі шамамен $10 млрд және 8,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашатын 5 ірі бастаманың жүзеге асырылып жатқанын баяндады.

Абай облысында қуаттылығы 300 мың тонна катодты мыс балқыту зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестицияның жалпы көлемі $1,5 млрд-қа жетеді. Зауыт жұмыс істеп тұрған Бозшакөл, Ақтоғай және Шығыстүстімет кен орындарынан концентраттарды өңдеуге арналған. 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізіліп, инфрақұрылымға қосылу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Қарағанды облысында «Qarmet» АҚ өндіріс көлемін арттыра отырып машина және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін өнімнің жаңа түрлерін шығару арқылы ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. Инвестиция көлемі $3,5 млрд-ты құрайды. 2028 жылға дейін жыл сайын 9 млн тоннаға дейін көмір өндіруді, 5 млн тоннаға дейін темір кені концентраты мен болат өндіруді қамтамасыз ету жоспарлануда. 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы өндірістік қызмет толық қалпына келтірілді, жабдықтарды күрделі жөндеу аяқталды, 8 шахтаның 7-еуінде көмір өндіру жұмыстары жүргізілуде, бұл өндіру көлемін 7%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Қостанай облысында «ССКӨБ» АҚ базасында қуаты жылына 2 млн тонна, құрамында 90%-дан астам темір бар ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Кәсіпорын металлургияда экологиялық таза технологияларды енгізу үшін тірек нысанына айналады. Бүгінгі таңда халықаралық қаржы институттарының қатысуымен газ жеткізу, инфрақұрылымға қосылу және қаржыландыру көздері мәселелері пысықталуда. Инвестициялардың жалпы көлемі $1,2 млрд-ты құрайды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 1 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Батыс Қазақстан облысында «Сатимола» кен орны базасында калий хлоридін шығару бойынша байыту-өндірістік кешен салу жобасы іске асырылуда. Кәсіпорын қуатын жылына калий хлоридін 12 млн тоннаға дейін біртіндеп арттыра отырып, төрт кезең бойынша іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобада бұрғылау жұмыстары жүргізілуде, жер телімдері алынды, тау жыныстарын мұздату үдерістері іске қосылды, сыртқы инфрақұрылым қалыптасуда. Жобаның жалпы құны $2,4 млрд-тан асады.

Сондай-ақ Премьер-министрге Маңғыстау облысындағы «KazAzot Prime» ЖШС аммиак-карбамид кешенінің құрылысы туралы баяндалды. Жоба ішкі нарықтың минералды тыңайтқыштарға деген сұранысын қамтамасыз етеді. Іске асыру нәтижесінде 700 жұмыс орны ашылады. Іске қосу 2029 жылы күтілуде. Инвестиция көлемі шамамен $1,5 млрд.

Кеңес барысында заманауи өнеркәсіптік кластерлерді қалыптастыруға кешенді көзқарастың қажеттілігі атап өтілді.
«Осы секторлардағы жаңа жобалар қосылған құны жоғары өнім шығаруға, заманауи технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті кластерлерді қалыптастыруға бағытталған индустриялық өсудің берік тұғырына айналуы тиіс. Олардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындары, сервистік компаниялар, логистикалық орталықтар және заманауи инфрақұрылым белсенді түрде дамуы керек.

Біз мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға, барлық өңірдің экономикасын жандандыруға мүмкіндік беретін қуатты мультипликативтік әсерге сенеміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекеттік органдарға жобаларды жүзеге асыруға сапалы қолдау көрсетуді қамтамасыз ету тапсырылды. Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика министрліктері барлық жобаларды уақтылы іске қосу шараларын қабылдауы керек.