Рухани сабақтастық-қос мерейтой

Жақында Темір ауданында Темір топырағында дүниеге келген, көрнекті қоғам және әдебиет қайраткері — Жиенғали Тілепбергеновтың туғанына 130 жыл және аудан тарихында ойып тұрып орын алатын аудандық «Темір» газетінің 95 жылдық мерейтойы Республика көлемінде аталып өтті.
Қос мерейтойды қатар өткізудің басты мақсаты – Жиенғали Тілепбергеновтың «Темір» газетінің алғашқы редакторы ретіндегі еңбегін ұлықтау, сондай-ақ оның баспасөз саласындағы ізін кейінгі ұрпаққа таныту болды.
Мерекелік жиынға белгілі қаламгерлер мен журналистер, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, сондай-ақ Жиенғали Тілепбергеновтың ұрпақтары қатысты.
Шара аясында еліміздің түкпір-түкпірнен және облыс орталығынан келген қонақтар алдымен, қоғам қайраткерінің рухына тағзым етіп, жазушының Темір қаласындағы бейітіне барып құран бағыштады, құрбан шалып, дәстүрлі зиярат рәсімін өткізді.
Қоғам қайраткерінің бейітін зиярат еткеннен кейін мерейтойға келген қонақтар мен қатысушылар тарихи мекен – Темір қаласын аралап, ондағы Ахмет Халфе мешіті мен тарихи орын болып саналатын округ әкімдігі ғимаратын тамашалады.
Сапар барысында меймандар Шұбарқұдық ауылындағы жаңадан ашылған музейге арнайы барып, ондағы ауданның тарихы, табиғаты және жеткен жетістіктері туралы мағлұмат алды.
Темір өңірінде өткен бұл мерейтойға арнайы шақыртылған жазушының немересі Әлия Абдулла ата жолын жалғаған ұрпақ ретінде өз алғысын білдіріп, ерекше әсерімен бөлісті: «Темір төрінде атамыздың 130 жылдық мерейтойының кең көлемде аталып жатқанына өте қуаныштымыз. Осы мерейлі сәтте атамыздың 1930 жылы берілген куәліктерін, жазған хаттарын, жеке шығармаларының үзінділерін және суретші Утепбергенов салған атамыздың бейнесін аудандық музей қорына тапсырып отырмыз», – деді Әлия Абдулла.
Мерейтой аясында келген қонақтар аудандық кітапханада өткен Жиенғали Тілепбергеновтың 130 жылдығына арналған ғылыми-танымдық кешке қатысып, қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығына арналған баяндамаларды тыңдады. Іс-шара ғылыми әрі мәдени сипатқа ие болып, жазушының шығармалары мен ол туралы естеліктер кеңінен талқыланды.
Кеш барысында қаламгердің туындылары мен ол туралы жазылған кітаптар, сондай-ақ сирек кездесетін материалдар аудандық кітапхана қорына тарту етілді. Бұл – ұлт руханиятына қосылған тағы бір құнды мұра болды.
Сонымен қатар, меймандар Темір ауданында жаңадан бой көтерген бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралап, өңірдің даму қарқынымен танысты. Сапар аясында қонақтар Шұбарқұдық ауылындағы Досжан Хазірет мемориалдық кешеніне барып, Темір топырағында мәңгілік мекен тапқан тарихи тұлғаның рухына тағзым етті.
Шара барысында Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов ел руханиятының маңыздылығына тоқталып, былай деді: «Мұндай тарихи шараларды кейінгі жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетуіміз қажет. Бүгін – ел руханиятындағы, әсіресе, Ақтөбе облысы мен Темір өңірі үшін ерекше күн. Публицист-жазушы, қоғам қайраткері Жиенғали Тілепбергеновтың туғанына 130 жыл және тарихтан ойып тұрып орын алатын аудандық басылым «Темір» газетінің 95 жылдығы қатар келіп отыр. Осыған орай өңірде бірқатар мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылып, ел руханияты мен журналистикасының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның еңбегі кеңінен насихатталуда. Бұл мерейлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жиенғалитанушы ғалымдар қатысып отыр. Облыс әкімдігі және Темір ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл бастама бүгінгі күні кең көлемде аталып өтуде», – деді ол.
Ауқымды шара өз жалғасын «Темір үні. Тұлға және тағылым» атты ғылыми конференциямен жалғасын тапты.
Конференция барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың мерейтой иелеріне арналған құттықтау хаты салтанатты түрде Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықовқа табысталды. Бұл — қос мерейтойдың облыс деңгейінде жоғары бағаланғанының айғағы болды.
Ғылыми жиында елге белгілі қаламгерлер мен зерттеушілер сөз сөйлеп, Жиенғали Тілепбергеновтың қазақ журналистикасы мен әдебиетіне қосқан зор үлесін атап өтті.
«Үш таған» журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаев өз сөзінде: «Жиенғали Тілепбергенов – журналистика саласында айрықша із қалдырған ерекше тұлға. Ол – «Садақ» журналының Бейімбет Майлиннен кейінгі редакторы болған, сондай-ақ Темір, Ақтөбе, Қызылорда, Петропавл қалаларында еңбек еткен. Қос мерейтойды қатар өткізу – орынды шешім, өйткені Жиенғали Тілепбергенов кезінде дәл осы газетте редактор қызметін атқарған», – деді.
Сонымен қатар, конференция барысында филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі, Журналистер академиясының академигі Серікқали Байменше және филология ғылымдарының кандидаты, Жиенғалитанушы Ғайша Ниязова өз баяндамаларында Жиенғали Тілепбергеновтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасына кеңінен тоқталды.
Ғалымдар жазушының қазақ әдебиеті мен журналистика тарихындағы орнының ерекше екендігін атап өтіп, оның еңбектері бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс деген пікір білдірді.
Сонымен бірге, «Темір» газетінің редакторы Бердіхан Меңдіханұлы ұжым атынан жиналған қауымды басылымның 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, газет тарихы мен қалыптасу кезеңдері туралы кеңінен баяндады. Газеттің өңіріміздің ақпарат кеңістігіндегі маңызы мен қоғам өміріндегі рөлін атап өтті.
Шара соңында қатысушылар қаламгердің бай мұрасын насихаттау, оны жас ұрпаққа өнеге ету, сондай-ақ аудандық басылымның өңір өміріндегі маңыздылығы жөнінде өз пікірлерін білдіріп, рухани мазмұны жоғары мерейтой әсерлі сөздермен қорытындыланды.
Бұл күн – ел есінде қалған тарихи тұлғаның еңбегіне деген құрмет пен тағылымның айғағы болды.
Осылайша, мерейтой аясындағы тағылымды шаралар Жиенғали Тілепбергеновтың өмірі мен еңбегін ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі боларлық рухани сабаққа айналды.




