Мәжіліс депутаты Темір ауданы тұрғындарымен кездесті

0
25

 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев Темір ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысымен танысты, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесулер өткізді.

Депутат жұмыс сапары аясында алдымен «Темір орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінде болды. 1886 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан мекеменің жалпы аумағы 20 238 гектарды құрайды. Оның 8 829 гектары орман алқаптары болса, 11 409 гектары өзге санаттағы жерлерге жатады. Қазіргі таңда орман шаруашылығында 48 қызметкер еңбек етеді.

Сонымен қатар Қазыбек Әлішев Кенкияқ кентінде «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылыс барысын көрді. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 78 пайызы аяқталған. Нысанда 100-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Қазіргі уақытта ішкі инженерлік желілер толық орнатылып, сыртқы желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда.

Кездесу барысында тұрғындар ауыл мамандарына үстемақы төлеу, әлеуметтік нысандарға жалақыны көтеру, жаңа аурухана мен мәдениет үйінің қажеттігін айтты. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы, Кенкияқ ауылына инватакси қызметі, медицина қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы және эндокринологты толық ставкаға ауыстыру мәселелері көтерілді. Ал орман шаруашылығы мекемесінің еңбек ұжымы жүргізушілер мен механизаторлардың жалақысының төмендігін, орманшылар мен өрт сөндіру мамандарының тапшылығын жеткізді.

Депутат ауыл тұрғындарымен жүздесу барысында ауылды өркендету Мемлекет басшысы белгілеген басым бағыттардың бірі екенін айтты.
-Ауылдың дамуы тек жаңа нысандар тұрғызумен шектелмейді, бұл – жергілікті басқарудың тиімділігіне, әкімдердің жауапкершілігіне, тұрғындардың белсенділігіне және жүйелі мемлекеттік саясатқа тікелей байланысты. Қазіргі таңда дәл осындай тәсілді Президент ұсынып отыр, ал Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы бұл бастамалардың заңнамалық негізде жүзеге асуына қолдау көрсетіп келеді, — деді ол.

Депутаттың айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалар ауылдық округтердің рөлін күшейтті. Қазіргі таңда бюджеттің төртінші деңгейі арқылы түсетін кейбір салықтар жергілікті деңгейде қалып, бұл ауыл әкімдіктеріне елді мекендерді көркейтуге, әлеуметтік нысандарды дамытуға және тұрғындардың күнделікті тұрмысына қатысты мәселелерді жедел шешуге жол ашты. Сонымен бірге ол 2025 жылғы қараша айында жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы заң жобасы Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатада жеке тәртіппен қаралғанын атап өтті.