Жаңа Конституция – заман талабы
2026 жылдың 12 ақпанында Қазақстанда жаңа Конституция жобасы ресми жарияланды. Жоба мемлекеттік басқару құрылымын, азаматтық құқықтар мен бостандықты, қоғамның даму бағыттарын жаңаша белгілейтін негізгі құжат ретінде ұсынылды.
Оның басты принциптері – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, еңбек пен инновацияны дамыту, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету және жалпыұлттық бірлікті нығайту.
Жаңа Конституция жобасы – бұл тек заң мәтіні ғана емес, Қазақстанның құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының жаңа сатысы. Жастар үшін бұл құжат – өз құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейте отырып, ел болашағына тікелей атсалысу мүмкіндігі.
Соның ішінде Конституцияның жаңа жобасында цифрландыру бағытына айрықша мән берілуі – заман талабына сай шешім деп санаймын. Қазіргі кезеңде қоғам өмірінің басым бөлігі цифрлық форматқа көшті. Білім беру, еңбек қатынастары, мемлекеттік қызмет көрсету, тіпті қоғамдық пікір алмасу алаңдары да онлайн кеңістікте жүзеге асуда. Сондықтан цифрлық құқықтарды қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту – стратегиялық маңызы бар мәселе.
Жастар үшін ашық, қолжетімді әрі қауіпсіз интернет ортасының қалыптасуы ерекше маңызды. Егер цифрлық қызметтер заң жүзінде нақты қорғалып, баршаға тең мүмкіндік берілсе, бұл жаңа бастамаларға жол ашады. Стартап жобаларды дамыту, қашықтықтан білім алу, халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу – мұның барлығы цифрлық инфрақұрылымның сапасына тікелей байланысты.
Конституция деңгейінде цифрландыруды қолдау – бұл жай ғана техникалық өзгеріс емес, болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам. Сондықтан жаңа Конституция жобасындағы осындай бастамаларды уақыт талабына сай әрі маңызды шешім деп бағалаймын.
Белсенді жас Жанова Аружан Еркінқызы
