Ел болашағы жолындағы еңбекке – лайықты құрмет

Ауданымызда Конституциялық референдум кезеңінде белсенділік танытып, қоғаммен түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Бұл жиын ел болашағына жауапкершілікпен қарап, қоғамдық-саяси науқанға белсене қатысқан жандарға көрсетілген зор құрметтің айқын белгісі болды.
Референдум қарсаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы аясында аудан көлемінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Коалиция мүшелері тұрғындармен кездесулер өткізіп, реформалардың мазмұны мен маңызын түсіндіріп, халықтың саяси белсенділігін арттыруға айрықша үлес қосты. Бұл жұмыстар ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастама ретінде ерекшеленді.
Салтанатты шара барысында бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан Алғыс хат табысталды. Сонымен қатар жалпыұлттық коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов қол қойған Алғыс хаттар да иелеріне берілді.
Марапаттарды AMANAT партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғалиев Азамат Жұбатқанұлы өз қолымен табыстап, азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Өз сөзінде ол мұндай белсенділік қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайтудың маңызды факторы екенін жеткізді.
Марапат иелері референдум қарсаңында өткізілген кездесулерге қатысып, тұрғындармен ашық диалог орнатты. Олар халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсіндіруге атсалысты. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың саяси сауаттылығы артып, елдік бастамаларға деген қолдау күшейе түсті.
Бұл марапаттау рәсімі – қоғам игілігі жолында еңбек еткен азаматтардың еңбегі әрдайым бағаланатынын көрсететін маңызды қадам. Алдағы уақытта да ел болашағына үлес қосқан белсенді жандарды қолдау мен ынталандыру жалғасын таба бермек.
AMANAT партиясының Темір аудандық филиалы



