ТАРИХИ QUEST ойыны өтті

Темір аудандық музейде жастардың тарихи — мәдени мұраға қызығушылығын арттыру, музейлік жәдігерлерді кеңінен насихаттау және туған өлкенің тарихын танып, білуге ынталандыру мақсатында ауданның белсенді жастары арасында «Тарихи QUEST» танымдық ойыны ұйымдастырылды.
Шараға Темір аудандық жастар ресурстық орталығы, Жастар арасындағы Дін істері орталығы және аудан орталығындағы жалпы орта білім беретін мектептердің жас мамандары қатысты. Қатысушылар 3 топқа бөлініп, білімдерін, тапқырлығын, логикалық ойлау қабілетін және топпен жұмыс жасау дағдыларын сынады.
Квест ойыны «Таныстыру», «Ұлы тұлғаны таны», «Тарихи деректі тап», «Ескі жәдігер сыры», «Мақалдың құпиясын аш», «Жасырылған дерек» сияқты 6 кезең бойынша өтті.
Ойын барысында қатысушылар Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары Қасымұлы сынды қазақ хандары мен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы сияқты Алаш зиялыларының өмірі мен қызметіне қатысты тапсырмаларды орындады.
Қатысушыларға музей экспозициясындағы мес, көнек, жағлан сандық, тері қоржын, сүйретпе, түйемойнақ, саба, кебеже, асадал, торсық сияқты ұлттық жәдігерлердің ерекшеліктерімен танысып, олардың тұрмыстағы қолданылуын анықтады.
Квесттің мазмұны тек жалпы Қазақстан тарихымен шектелмей, Темір ауданының тарихы мен өлкетану деректеріне де ерекше бағытталды.
Қатысушылар Темір қаласының қалыптасуы, ауданнан шыққан белгілі тұлғалар, тарихи жерлер, жергілікті өнер, спорт және мәдениетке қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді.
Танымдық ойынның қорытындысымен озық ойлы командалар Темір аудандық жастар ресурстық орталығынің «МҰРА» тобы ІІІ орын, аудандық жастар арасындағы Дін істері орталығының «ТАҒЫЛЫМ» тобы ІІ орын, ал, аудан орталығындағы жалпы орта білім беретін мектептердің жас мамандарынан құрылған «ДӘСТҮР» тобы І орынды иеленіп, музей басшысының арнайы дипломдарымен марапатталды.
«Тарихи QUEST» ойыны — жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруға және музей мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған мазмұнды жобалардың бірі.
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!
Темір аудандық музейі

