Роботын алып келді

0
6

Бүгінгі күн — барша қазақстандықтар үшін ерекше күн. Сайлау учаскелері таңнан бастап қызу жұмысқа кірісті. Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде орналасқан №53 сайлау учаскесінде дауыс берушілердің қарасы көп.

Қала тұрғыны Гүлнұр Боранбай Құрылтай депутаттарының сайлауына екі роботын ертіп келіп, дауыс берді. Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын оятты.

— Мен де отбасыммен бірге осы маңызды саяси әрі тарихи оқиғаны асыға күттім. Азаматтық ұстанымды білдіріп, өз таңдауымды жасадым. Өздеріңізге белгілі биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Өзім IT саласының маманы болғандықтан, цифрлық технологиялар саласы маған өте жақын.

Бүгін Құрылтай сайлауына осы екі роботпен бірге келдім. Оның бірі робот болса, екіншісі — робот ит. Мұндағы мақсатым — өзімнің де, сайлаушылардың да көңіл күйін көтеріп, көпшілікке ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл сыйлау, — дейді ол.

Гүлнұр Боранбай алдағы уақытта жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар күнделікті өмірімізге кеңінен енетінін айтады. Сондықтан ол осындай тарихи сәтті пайдаланып, адамдарға айтулы күнде көтеріңкі көңіл күй сыйлап, заманауи технологиялардың мүмкіндігін көрсетуді көздеген. Төрт баланың анасы өз таңдауын білдіріп, ел болашағына қатысты шешімдерге қатысуы — азаматтық жауапкершілігі екенін айтты.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.