Ақтөбеліктер сайлау учаскесіне жүгіріп барды

Бір топ ақтөбелік бүгін таңын жүгіруден бастап, азаматтық белсенділікті де назардан тыс қалдырмады.
Таңертең әртүрлі жастағы 20 тұрғын М.Дулатұлы атындағы №63 жалпы білім беретін мектептегі №542 сайлау учаскесіне дейін жүгіріп барды.
Сайлау күні учаскеге дейін жүгіріп барғандар қатарында кәсіби жаттықтырушы Гүлфина Гатауллина да бар.
№542 сайлау учаскесінің төрағасы Ақөрік Таңсықбаеваның айтуынша, учаскеде барлығы 2 958 сайлаушы тіркелген. Сағат 9.00-дегі жағдай бойынша оның 20 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Салауатты өмір салтын ұстанушылардың айтуынша, бұл бастама арқылы олар қала тұрғындарының спортты күнделікті өмір салтына айналдырып қана қоймай, қоғамдық өмірге де белсене араласатынын көрсетпек болған.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ




