«Мерейлі отбасы — 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды
Ақтөбе облысында отбасы құндылықтарын дәріптеп, өнегелі отбасылардың өмір жолын көпшілікке үлгі етуге бағытталған «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, байқауда үздік деп танылған отбасыларды құттықтады. Олардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.
Биыл ел көлемінде конкурс он үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт аралығында Ақтөбе облысынан барлығы 2093 отбасы конкурсқа қатысып, өздерінің өнегелі өмір жолын, отбасылық дәстүрлері мен жетістіктерін көрсетті.
2026 жылғы 15 мамыр мен 15 маусым аралығында конкурстың бірінші кезеңіне облыстың қала-аудандарынан 128 өтінім келіп түсті. Оның ішінде, 97 отбасы өзін-өзі ұсынса, 31 отбасы жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың ұсынысы бойынша конкурсқа қатысты.
Бірінші кезең қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласы мен облыстың әр ауданынан екі отбасынан, жалпы 23 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.
Облыстық комиссия мүшелері ұсынылған құжаттар мен бейнематериалдарды зерделеп, әр отбасының жетістіктерін, қалыптасқан отбасылық дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы еңбегін бағалады.
Байқауға еңбек адамдары мен шығармашыл әулеттер, ғылым, білім жәнеөнер саласында жетістіктерге жеткен отбасылар, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын және көпбалалы отбасылар қатысты.
Облыстық комиссияның шешімімен 5 үздік отбасы анықталды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Биыл Ақтөбе облысының атынан «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының республикалық кезеңіне Есқазиевтер отбасы жолдама алды.
Есқазиевтер әулеті – мұғалімдер мен кәсіпкерлерден құралған өнегелі отбасы. Отау құрғандарына 67 жыл болған отбасы 12 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде шаңырақ иелері 43 немере мен 44 шөберенің қызығын көріп отырған ардақты әулет.
Есқазиевтер отбасымен қатар, облыстық кезеңде жеңімпаз атанған өзге де отбасылар өздерінің өнегелі өмір жолымен, отбасылық дәстүрлерімен, еңбектегі жетістіктерімен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленді.
