Құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы

0
45

Қазақстанда азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді қатысуы үшін қосымша жағдайлар жасалуда.

Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңында құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын азаматтарды көтермелеуді реттейтін жекелеген нормалар көзделген.

Заң ережелерін іске асыру мақсатында Темір ауданы  әкімінің 2026 жылғы 16 шілдедегі № 45 өкімімен, Темір ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді.

Қағидаларда қоғамдық көмекшілер мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын басқа да азаматтарды көтермелеу тәртібі, түрлері мен мерзімдері, сондай-ақ ақшалай сыйақы мөлшерлері айқындалған.

Кім көтермелеуге ие бола алады?

Қоғамдық көмекшілерді көтермелеу мәселелерін Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысының аудандары әкімдері аппараттарының жанынан құрылған Құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссия қарайды.

Бұл ретте Комиссия тиісті аумақта ресми түрде тіркелген қоғамдық көмекшілерді ғана емес, егер олардың іс-әрекеттері құқық бұзушылықтың алдын алуға, оның жолын кесуге немесе ашуға тікелей ықпал еткен болса, басқа да азаматтарды көтермелеу мәселесін қарауға құқылы.

Мемлекеттік органдар азаматтарды көтермелеу туралы ұсынысты олардың құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысқанын растайтын материалдарды қоса бере отырып, Комиссияға жолдайды.

Ұсыныс ол келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Комиссияда қаралады. Қосымша материалдарды сұрату немесе ұсынылған мәліметтерді нақтылау қажет болған жағдайда қарау мерзімі Комиссия төрағасының шешімімен 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Мерзімнің ұзартылғаны туралы ұсыныс енгізушіге хабарланады.

Комиссия отырысының хаттамасы қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде одан әрі орындау үшін тиісті уәкілетті органға – полиция басқармасына немесе полиция бөліміне жіберіледі.

Қандай көтермелеу түрлері көзделген?

Құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын азаматтарға мынадай көтермелеу

1) түрлері қолданылуы мүмкін:

2) алғыс жариялау;

3) грамотамен марапаттау;

4) ақшалай сыйақы төлеу;

5) білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу;

6) ұйымдар мен кәсіпорындарға азаматтарды көтермелеу туралы ұсыныстар жолдау;

7) құқық бұзушылықтардың алдын алуға елеулі үлес қосқан адамдарды мемлекеттік 1) наградалармен марапаттауға және құрметті атақтар беруге ұсыну.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын азаматтарды көтермелеудің өзге де шараларын қолдануға құқылы.

Құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін – ақшалай сыйақы

Қағидаларда әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға көмектесетін азаматтарға ерекше назар аударылған.

Уәкілетті органға әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы фото немесе бейнежазбаны қоса бере отырып хабарлама жолдаған азамат құқық бұзушыдан өндіріп алынған айыппұл сомасының бір бөлігі мөлшерінде ақшалай сыйақымен көтермеленуі мүмкін.

Бұл ретте азамат сыйақыны алушы ретінде Қазақстан Республикасында тіркелген қайырымдылық ұйымын көрсетуге құқылы.

Айта кету маңызды: анонимді хабарламалар ақшалай сыйақы төлеуге негіз болып табылмайды.

Көтермелеу алу үшін азамат белгіленген Қағидалар нысаны бойынша өтінішпен уәкілетті органға – полиция басқармасына немесе аудандық полиция бөліміне жүгінуі қажет.

Уәкілетті орган келіп түскен өтінішті қарайды, көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық фактісін тексереді және ақпараттың бастапқы көзін анықтайды.

Бұл ретте азаматтың хабарламасы құқық бұзушылық автоматты режимде сертификатталған бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен (камералармен) және аспаптармен тіркелгенге дейін немесе оны уәкілетті лауазымды адамдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері не өзге де үшінші тұлғалар анықтағанға дейін келіп түсуге тиіс.

Әкімшілік құқық бұзушылық фактісі расталғаннан, іс бойынша қаулы заңды күшіне енгеннен және құқық бұзушы тағайындалған айыппұлды толық төлегеннен кейін уәкілетті орган қажетті бюджет қаражаты болған жағдайда көтермелеу туралы ұсыныс қалыптастырады.

Айына бір рет осындай ұсыныс көтермелеуге үміткер азаматтардың тізімімен бірге Комиссияға жолданады.

Уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде Комиссия азаматқа ақшалай көтермелеу беруді ұсыну немесе ұсынудан бас тарту туралы хаттамалық шешім қабылдайды.

Көтермелеу түрі, оның ішінде ақшалай сыйақы мөлшері қоғамдық көмекшінің немесе азаматтың құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан жеке үлесін ескере отырып, Комиссиямен айқындалады.

Ақшалай сыйақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Төлем мөлшерін айқындау кезінде Комиссия тиісті шешім қабылдаған кезде қолданыста болған АЕК мөлшері пайдаланылады.

Ақшалай сыйақыны төлеуді уәкілетті орган – полиция департаменті тиісті қорытынды актіге, яғни Комиссия хаттамасына немесе жергілікті атқарушы органның шешіміне қол қойылған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей жүзеге асырады.

Ақша қаражаты азаматтың ағымдағы банктік шотына немесе оның қалауы бойынша өзі көрсеткен қайырымдылық ұйымының шотына аударылады.

Төлем тиісті мақсаттарға жергілікті бюджетте көзделген уәкілетті органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу – бұл тек материалдық қолдау шарасы ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті дамытудың маңызды құралы.

Бұл бастама «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтуға, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға және азаматтық белсенділікті ынталандыруға бағытталған.

Қоғамдық қауіпсіздік – баршаға ортақ іс. Құқық бұзушылықтың алдын алуға, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектесетін әрбір адамның үлесі елеусіз қалмауға тиіс.

Қоғам қауіпсіздігі әрқайсымыздың жауапкершілігімізден басталады.

Темір ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстарын және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру жөніндегі бөлімі.