Президент биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру туралы бастамасына тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ол шетелдік серіктестерді аталған іске үн қосуға шақырды.
— Он жылға арналған бұл бастаманы Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарлама толықтыра түседі. Құжат табиғи мекендеу орталарын қалпына келтіруді, түрлерді қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді көздейді. Бұдан бөлек, Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құруға кірістік. Қазақстан аймақтық деңгейдегі табиғатты сақтау шараларына белсене қатысады. Биыл сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданды. Теңіз маңындағы бес мемлекеттің қолдауымен Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға бағытталған халықаралық бағдарлама қабылдау туралы бастама көтерді, — деді Президент.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ істің бірнеше бағытын айқындады. Мемлекет басшысы су ресурстарын басқаруда берік байланыс қажет деп санайды.
— Өткен жылы Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ әрі оған мүдделес мемлекеттердің барлығы үн қоса алады. Мақсатымыз — су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптардың жай-күйіне тәуелді табиғи экожүйелерді қорғау, — деді ол.
Бұдан бұрын Президент «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев
Экология
Қазақстанның халықаралық қызметі. Сыртқы саясат
Ереван
Саясат
Ақорда
Айнұр Тумакбаева
Авторлар



