Әлеуметтік сала мамандарына құрмет көрсетілді

0
25

Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетуге және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға үлес қосып жүрген сала мамандарының еңбегін бағалайтын ерекше күн.

Осыған орай Темір ауданы әкімінің орынбасары Мирас Жаңбырбайұлы әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жауапты да маңызды қызметтеріне табыс тіледі.

Құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары әлеуметтік сала мамандарының қоғам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету, тұрғындардың өтініш-тілектеріне бейжай қарамай, әрбір мәселенің оң шешілуіне атсалысу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Осы бағытта еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі өлшеусіз екенін жеткізіп, олардың кәсібилігі мен жанашырлығы үшін алғыс білдірді.

Мерекелік шара барысында бірқатар сала мамандары марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Л. Уразбаеваның Алғыс хатымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Байғазин Жандос Жалғасбайұлы, Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Абдуллаева Ақмарал Нұрбергеновна мен марапатталды.

Аудан әкімі Алмас Жақсылықұлының Алғыс хаты Темір аудандық «Жанұя» отбасын қолдау орталығының психологі Сағындықова Бибіжан Максимқызы мен Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Алтыбаева Ұлпан Оңғарбаеваға, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының маманы Бектлеуова Гульмира Муратовнаға табысталды.

Әлеуметтік сала – адамға жанашырлықты, жоғары жауапкершілікті, сабыр мен кәсіби біліктілікті талап ететін маңызды бағыттардың бірі. Күнделікті қызмет барысында тұрғындармен тығыз байланыста болып, түрлі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Шара соңында марапат иелеріне ізгі тілектер айтылып, еңбектеріне ризашылық білдірілді. Сала қызметкерлеріне толайым табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық және жауапты қызметтеріне жетістіктер тіленді.