Келесі жылы жалғасын табады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызындағы № 826-шы бұйрығына сәйкес, аудан әкімі Саламат Ермұханұлы Аманбаев, тоқсан сайын, алдын ала түзілген кестеге сай, әрбір округ тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, биылғы жылдың IY-тоқсанының қорытындысы бойынша ең соңғы кездесулерін 21-ші, 22-ші және 23-ші желтоқсан күндері Саркөл, Қопа, Құмсай ауылдарының және Шұбарқұдық ауылдық округінің «Қазақауыл», «Задепо», «Теріскей», «Аққұдық», «Вокзал алаңы» аумағында аяқтады. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Б. Шаимов, аудан прокуроры Қ.Уразалин, аудандық полиция бөлімінің басшысы Б.Бақтығалиев, полиция бөлімі басшысының орынбасарлары Ж. Имашев пен А. Тұратаев, мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Саркөлдегі кездесуде округ әкімі М. Шүйіншалиннің 2022 жылдың 11 айы бойынша округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспары туралы есебі және жергілікті тұрғындардың көтерген абаттандыру, ауылішілік көшелерді жарықтандыру, балаларға арналған ойын алаңын салу мәселелері тыңдалды. Сондай-ақ кездесуде аудан әкімі халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы Темір ауданының Ақсай мен Саркөл ауылдық округтерінде жүзеге асырылғанын айта келе, жиында қозғалған ұсыныстарды орындау үшін тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындармен бірлесе шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.
Кездесу соңында аудан әкімі Темір ауданының қайта құрылғанына 50 жыл толуына орай ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан Б.Әбеновті, К. Шалмановты және С. Назаровты мерекелік төсбелгімен марапаттады.
Осы күні аудан әкімі С. Аманбаев, бекітілген кестеге сәйкес мектеп ғимаратында Саркөл ауылдық округіне қарасты Қопа ауылының тұрғындарымен де кездесті. Мұнда да округ әкімі М. Шүйіншалиннің баяндамасы тыңдалған соң, С.Аманбаев, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды айта отырып, алдағы уақыт еншісінде жасалуы тиіс ауылды ауыз сумен қамту мақсатында кешенді блок-модуль орнату, балаларға арналған саябақтың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау және жергілікті өткелді қалпына келтіру бойынша мұнай компанияларымен бірлесе жұмыс жүргізу керектігін айтты. Аудан басшысы жиын соңында аталған мәселелер мен т. б. жұмыстар бойынша округ әкімі М.Шүйіншалинге iс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды және тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Ал, Құмсай ауылының тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі С. Аманбаев жиналғандарды, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, ағымдағы жылы атқарылған істер мен орын алған кемшіліктерді саралап, алдағы жоспар мен міндеттерді таныстырды. Бұл ретте аудан басшысы, «Энергосистема» ЖШС-нің Ақтөбе облысы Темір учаскесі тұрғындармен келісе отырып, Құмсай ауылындағы электр энергиясы желілерінде орын алған ақауларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетінін және газ тарату желісінің құрылысына қажетті ЖСҚ дайын екендігін мәлім етті. Жиын соңында тұрғындар ағымдағы жылы атқарған жұмысқа оң бағасын беріп, алдағы істерге сәттілік тілеп тарқасты.
Аудан әкімінің жоғарыда айтылған кездесулері 21 желтоқсан күні өткен болатын. Ал 22 желтоқсан күні С.Аманбаев осындай шараны Шұбарқұдық ауылдық округінде жалғастырды. Сондай кездесудің бірі Қазақауыл аумағында ұйымдастырылып, кездесу барысында аудан әкімі атқарылған шараларға тоқтала келе, Қазақауыл аумағын абаттандыру бағытындағы жоспарлармен бөлісті. Өз кезегінде тұрғындар сауал, өтініштерін айтып, аудан әкімі сәйкесінше жауаптарын берді және көтерілген мәселелер бойынша тиісті басшыларға тапсырмалар берді.
Сондай-ақ С. Аманбаев осы күні бекітілген кестеге сәйкес, Задепо аумағындағы тұрғындармен де кездесті. Кездесу кезінде аудан басшысы Задепо аумағындағы № 6-шы бастауыш мектебінің жиһаздарын ауыстыру, қар суынан болатын су тасқынының алдын алу сияқты т. б. мәселелерді тілге тиек етіп, жыл бойынша атқарылған шаралар мен 2023 жылы алға қойылған мақсат-міндеттер жөнінде айтып өтті. Кездесу соңында аудан әкімі Шұбарқұдық ауылдық округінің әкімі Қ. Нұралыға тұрғындар көтерген мәселелердің шешімін табу мақсатында тапсырма берді және тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. С.Аманбаев, Шұбарқұдық округіндегі осы екі аумақ бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауды аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаевқа жүктеді.
Аудан басшысы 23 желтоқсан күні Шұбарқұдық ауылдық округіндегі тұрғындармен кедесуін одан әрі жалғастырды. Мұнда Теріскей аймағының тұрғындарымен кездесуге жиналғандар Шұбарқұдық ауылдық округінің әкімі Қ.Нұралының 2022 жылдың 11 айы бойынша округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспары туралы есебін тыңдады. Кейін тұрғындар спорт алаңын салу, жаз мезгілінде ауыз сумен қамтамасыз ету, көше жарығы мен ит мәселесіне байланысты ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындарды мұқият тыңдаған аудан әкімі тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, өзекті мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешудің жолдарын қарастырды.
Осы күні аудан әкімі С. Аманбаев, Шұбарқұдық балалар музыка мектебінің ғимаратында Аққұдық аймағының тұрғындарымен жолықты. Мұнда да округ әкімі Қ. Нұралы, аудан орталығында ағымдағы жылы жасалған жұмыстарды қорытындылаған баяндама жасады. Ал, тұрғындар тарапынан Құрылысшылар көшесіне жарық орнату, Темір аудандық «Аманат» партиясы филиалы ғимаратының жанындағы жолды ретке келтіру, коммуникациялар (газ, су) желілерін жүргізу үшін асфальтті қазуға рұқсат бермеу, қаңғыбас иттер мәселесі сөз етілді. Жиын соңында аудан басшысы әр сұраққа жауап беріп, ең алдымен тұрғындардың ұсыныстарын шешу бағытында жұмыс жасалатындығын жеткізді.
Вокзал алаңы тұрғындарымен болған жиында, С.Аманбаев аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы, ал Қ. Нұралы кент аумағында жүзеге асқан негізгі істер жөнінде баяндады. Вокзал алаңы тұрғындары тарапынан ұсыныс-пікірлері өте көп екен. Атап айтсақ, тұрғындар № 50-ші, № 51-ші тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу,
«Қазақауыл» м/а Жамбыл көшесіндегі газ желілерінің қысымын арттыру, орталық саябақтағы түнгі жарық шамдарын уақытылы қосу және ақауды жедел арада жою,
«Қазақауыл» м/а «Қарлығаш» балабақшасының қоршауын ауыстыру, Шұбарқұдық вокзалының материалдық-техникалық базасын нығайту және вокзал алаңын абаттандыру, иесіз иттерді аулау мәселелерін тілге тиек етті. Жиында айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Осымен аудан әкімінің 2022 жылғы тұрғындармен есептік кездесуі аяқталды. Енді аудан басшысының тұрғындармен кездесуі, әдеттегідей әрбір тоқсан сайын кестеген сәйкес, 2003 жылы жалғасын табатын болады.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.