СТИХИЯЛЫҚ САУДА

0
96

       Ақпанның 2-сі күні аудан әкімі С.Аманбаев теміржол вокзалының перронында азық-түлік өнімдерін сататын саудагерлермен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ж.Қойшыбаев, аппарат басшысы А.Сисенов, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Жолдығарин, кент әкімі Қ.Нұралы, теміржол вокзалының басшысы А.Абдуллин, теміржол полициясының басшысы Р. Әлібек қатысты.

Кездесуді өткізуге теміржол полициясы қызметкерлерінің вокзалға жолаушылар пойыздары келген кезде вокзал перронында стихиялық саудаға жол бермеу талабы себеп әрі негіз болды. Кездесу барысында теміржол полициясының басшысы Р.Әлібек стихиялық сауда нүктелері өрескел тәртіп бұзушылық болып табылатынын және Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңының 204 бабына сәйкес 5 АЕК көлемінде, яғни, 12025 теңге, ал екінші рет заңбұзушылық орын алған жағдайда 10 АЕК көлемінде, яғни 24050 теңге айыппұл төлейтіндіктерін де ескертті.

Сонымен     қатар,      аталмыш      талап —сатушылардың өздерінің де, пойыз жолаушыларының да жеке қауіпсіздігі үшін қойылған. Стихиялық сауда азық-түліктен уланудың инфекциялық ауруларының таралуына және адамдар мен жануарларға ортақ инфекциялық аурулардың таралуына әкеліп соғады және аудан тұрғындары үшін эпизоотиялық қауіп төндіреді. Бұған қоса, Шұбарқұдық кентінің әкімі Қ.Нұралы мен теміржол вокзалының басшысы А. Абдуллин саудагерлерге сауда жасайтын арнайы орындар белгіленгенін, алайда, олар өз еркімен перронға саудаға шығатынын растады.

Жиын соңында аудан әкімі аталған мәселелер тек заңнама аясында шешілуі тиіс екенін айтып, сауда жасау үшін арнайы сауда павильондарын орнату туралы ұсыныспен облыстық теміржол басқармасына хат жолдауды тапсырды. Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Жанболат Қойшыбаевқа жүктелді.

                                                                                                                                    Темір Газеті