Маңызды мәселелер талқыланды
Аудан әкімі С. Аманбаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында үй жануарлары арасында жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар пысықталды және аудандық ауылшаруашылығы саласының есебі тыңдалды. Күн тәртібінде «Үй жануарлары арасында аусыл, сарып және өзге де жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша қабылданған шаралар» туралы аудандық ветеринария стансасы басшысының міндетін атқарушы М. Шәмиевтің баяндамасы тыңдалды және аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Е.Жолдығарин ауылшаруашылығы саласындағы өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, 2023 жылғы міндеттерін тізіп өтті.
Бұған қоса, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысына тоқталып өтті. 2022 жылы диагностикалық тексеру қорытындысы бойынша 44 мың (бас) мүйізді ірі қара малынан, 66 мың 500(бас) ұсақ мүйізді малынан және 293 (бас) түйе малынан қан алынып, сарып ауруына тексеру жүргізілді. Профилактикалық егу жүргізу жұмыстары толыққанды орындалды.
Жиын соңында аудан әкімі аудандық ветеринария стансасы басшысының міндетін атқарушы М. Шәмиевке эпизоотияға қарсы іс-шараларды бекітілген жоспарға сәйкес жүргізуді және үй жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауды және аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Жолдығаринге «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындарын барынша аграрлық бизнеске тартуды, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуін жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, аудан әкімі өткен жылы аграрлық сектор бойынша есеп берген бірнеше индикаторлар мен көрсеткіштерді орындамаған және «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеткіліксіз жұмыс жүргізген жекелеген округ әкімдерінен түсініктемелер алуды, бұдан былай ағымдағы жылдың көрсеткіштері мен жүктелген тапсырмалардың орындалуы бойынша ай сайын талдау және мониторинг жүргізіліп, орындалмаған жағдайда жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. Аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаевқа жүктелді.
Темір Ақпарат.