ҚОПА АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТТЫҚ АЛАҢ АШЫЛДЫ

0
46

    Ақпан айының 3-і күні аудан әкімі Саламат  Аманбаев Қопа ауылындағы спорт алаңының ашылу салтанатына қатысты.

 

Аталмыш корд көп функционалды спорттық нысан — қыс мезгілінде шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанауға және жаз мезгілінде шағын футбол ойнауға болады, сондай-ақ, алдағы уақытта түрлі спорттық- бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Спорт нысанның пайдалануға берілуі- ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қаражаты 5 700000 теңгені құраған құрылысты жеке кәсіпкер «Асыл» жүзеге асырды. Спорттық алаңның ашылу салтанатындағы алғы сөз аудан әкіміне берілді, сонымен қатар  салтанатты түрде лента қию рәсімі де Темір ауданының әкіміне ұсынылды.

Аудан әкімі жаңа алаңның ашылуымен қопалықтарды құттықтап, ауыл тұрғындарын спортпен шұғылдануға шақырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы спорттың бұқаралығын қамтамасыз ету — бүгінгі күннің басты міндеті екенін айрықша атап өтті.

Сонымен қатар, аудан басшысы округ әкімі Ж. Маясаровқа жалпыға ортақ қолданыстағы алаңды күтіп ұстау жұмыстары бойынша ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, вандализмге жол бермеу мақсатында жаңа нысанды жеке бақылауында ұстауды тапсырды.

Хоккей кордының ашылу салтанатының соңында үш команда арасында хоккейден жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа жеке құрама және ауыл тұрғындарының ардагерлері қатысты. Сондай-ақ, мұз үстіндегі шайбалы хоккей додасында аудан әкімі Саламат Аманбаев орынбасарларымен және аудандық бөлім басшыларынан бір команда жасақтап тартымды ойын көрсетті.

                                                                                                                                 Темір Ақпарат