Ақсақал болу абырой десек…

0
151

Кітап оқудан тиылсақ ой ойлаудан да тиылар едік деген екен бір ғұлама жазушы.Жақсы кітапты оқып шыққанда жақсы адаммен әңгімелесіп,сырласқандай әсерде болатының даусыз.Ойды ой қозғайтыны да содан болар.    Жақында белгілі қоғам қайраткері, халқымыздың аялы ұлы Дінмұқанбет Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабын оқып шықтым. Ғұламаның тағдыры мен ой тұжырымдарын, нақылға айналған терең толғамдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Саяси көзқарастарымен бірге жеке адам ретіндегі адамгершілікке, ақсақалдыққа толы пікірлері оқушысын бей-жай қалдырмайды.

Осыдан кейін өмір көрген, өткен күндерден көкейге түйген тәжірибе туралы ақсақалдарымыз кейінгі жастарға пайдаға жарар айтарымыз болса, ортаға салуға тиесілі екенбіз ғой дегендей ойда боласың.

Тереңге кеткен тамырға нәр беру қай-қайсымызға да қарыз іс. Исі қазақтың басын біріктіріп, Ордабасыдан елін азаттық жолына аттандырған үш биден кәрілік пен жастық хақында не айтасыздар дегенде, Төле би: «Үй сыртында төбең болса ерттеулі тұрған атың ғой, ел ішінде қария болса жазулы тұрған хатың ғой» десе, Қазбек би: «Жалтылдайды екен деп жастықты сөкпе-бәріңнің шыққан тегің сол, қалтылдайды екен деп қарттықты сөкпе – ертеңгі жетер шегің сол», Әйтеке би: «Ар сатып алған атақтан, тер сатып алған мал артық, сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық!» -депті. Артқа қалдырар мұра, ұрпағыңа айтар өсиет болса осындай-ақ болсын!

Төле би бабамыз 15 жасынан билікке араласып атақты абыздардың алдынан өтіп, бата алған. Бірде ,жасы жүзге жеткен  Әнет бабаға барады. Әңгіме арасында Төле: Ата бірлік кілті неде, оның күші қандай болмақ деп сұрайды. Сонда Әнет баба балаларды жүгіртіп жіберіп, бір бума тал шыбық алдырады. Сосын буулы жатқан талды көрсетіп:

  • Балам мынаны сындырып көрші-дейді. Төле буулы шыбықты қанша тырысса да сындыра алмайды.
  • Енді осы шыбықтарды біртіндеп сындыршы-дейді Әнет баба. Төле шыбықты біреуден алып, бырт-бырт сындырып шығады. Бұдан не түсіндің?- дейді Әнет баба.

Түсіндім- дейді сонда Төле би мысалыңыздың мәнісі былай, ынтымағы жарысқан, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. Бірлігі жоқты ынтымағы жоқты дау да, жау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой-депті.

Бәрекелді, балам «Бақ қайда барасың-Ынтымағы жарасқан елге барамын» дегеннің мәнісі осы- депті Әнет баба.

Кешегі оқуынан тоқуы терең бабаларымыз не деген данышпан, не деген зейінді десеңізші. Кешегі күні әр салада, өзі атқарған шаруасының ыстық суығына шыңдала еңбек етіп демалысқа шыққан жасы үлкендеріміз әр ауылда әр шаңырақта ақылшы, ардагерге айналып отыр. Олардың саны аудан бойынша 2742 екен. Әрине бұның бәрі  дерлік қоғамдық іске белсене араласып жүр десек артық айтқандық болады. Әрине бәрінің денсаулығы бірдей емесі белгілі. Елдік іске етене араласып, ақыл кеңесін айтып отыру үшін де күш керек, қуат керек, сергектік керек, денсаулық керек.

Кейінгі буынға үлгілік кеңес беру үшін де  өткен тәжірибеңді өткізе алатын, иландыра алатын ақсақалдық абырой керек.

Атақты батыр, өмірден түйгені мол, бабалар мұрасын мұрат тұтқан Бауыржан Момышұлы қарттарды былай бөліп бағалаған екен.1. Шал-ешкімге сөзін өткізе алмай, ешнәрсеге араласпай жанын бағып отыратын адам. 2.Қария-айтар сөзі ауылына өтімді кісі. 3.Ақсақал-аймақты аузына қаратқан абыройлы адам. 4.Абыз-халқының қамын ойлап, қабырғасы қайысатын, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам.

Әрине мұңдай абыздар көп емес, болса да сирек. Олардың ақылын тыңдап, айтарын есту үшін есті жастар айшылық алыс жерлерден ат арылтып келетін болған. Ондай мысалдарды өткен кезеңдерден жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Қазір ше….

Бүгінде, айтатын болсақ, абыздар тапшы болғанмен ардагер қарттарымыз бен ақсақалдарымыз құдайға шүкір бар. Әрине бәрі бірдей келелі пікір келісті ой айтып жүрмесе де өткен өмір тәжірбиесін үлгі етерлік үлкеннен құр алақан емеспіз. Ақсақалдарымыз бен жергілікті биліктің бірлесе біте қайнасқан жұмысының нәтижелері соңғы кезде жұрттың жылы ықыласына бөленуде. Мысалы Тасқопа елді мекенінде бес жылда бірде-бір қылмыс болмауы жетістік емес пе? Ауыл қазір жаңаша өмір сүруге бейімделе бастады. Өз күнін өзі көруі қажет екеніне бағытталды. Мал өсіріп оның өнімдерін ұқсатудың жолдарын іздестіруде. Жастардың арасында да салауаттылық салыттары орын ала бастады.Ішімдіксіз той жиын өткізуге бейімделу жиі болмаса да төбе көрсетуде. Дастарханға арақтың орнына ағарған (шұбат, қымыз) ене бастады. Қазақтың дәстүрлі астарының ауыл дастарханынан көптеп көрінуі игілікті іс. Ауылдың қылмысқа байланысты шаруада қол жеткізген жетістігінің бір сыры ұлттық құндылықтарды ұлықтауда жатқандығын ұқтыратын сияқты.

Ауыл алтын бесік. Осы өңірдің ыстық суығына қақталып, қиындығына қайыспай өскен тұлғалары – бүгінгі ардагерлері.

Тасқопалықтардың бұл жетістігінен өзге ауылдың округтер үлгі алу керек. Ауыл ішінде имандылық идеясының игі іске айналуы құптарлық іс емес пе. Жақсы жетістік ,үлгі етер үрдіс қой.

Сонау, 2015 жылы Досжан хазіреттің 200 жылдығы тойына келген «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Шарафадин Әміров ауыл жәйлі әңгіме қозғалғанда былай дегені бар: «Ақмола облысының екі мыңға жуық тұрғыны бар,соңғы он жылда бірде-бір қылмыс, жағымсыз оқиға болмаған ауылында болдым. Ауылдың ішкі тұрмысының тізгінін ақсақалдар қолына алған» деген еді. Әр ауыл да ақсақалсыз емес. Осы айтқандай болып жатса кәнеки.

Жасыратыны жоқ, үлкен кісілер мен жастар араласып отырған жерлерде мағыналы сөздер айта алатын ақсақалдар некен-саяқ. Кейбір жағдайларда жастарды сөзді тыңдамайды деп кінәлап жатамыз. Терең ойлы сөздер айтылса, жастар тыңдайды, оған куә болып жүрміз. Көп жағдайларда үлкендеріміз ұсақ-түйек әңгімелерден әрі аса алмай жатады. Тіпті жиындарда да, көрініп қалу үшін бе, әлде бас пайдасының ыңғайына қажетсіне ме, жұртқа таныс  өмірбаянын қайталап, жалған турашылдықпен тыңдарманын ығыр қылып,  осыны қойшы дегізіп, жүргендеріміз де жоқ емес.

Әйгілі Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?»-деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес, көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес, соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» -деген екен. Әрине даудың да бетін қайтарған,жаудың да бетін қайтарған сөз екенін данышпан бабаларымыз айтудай-ақ айтып кеткен.Сондықтан да ақсақалдарымыз аталы сөз, айшықты ой айта білсе тыңдарманы тұшынатыны, тәрбиелік тәлімге жаратары ақиқат.

Халқымыздың ескі мақалының бірі «Аспанда ай ортақ, көкте күн ортақ, жерде жақсы адамдар ортақ» -дейді. Әр ауылда ісі үлгілі, сөзі киелі үлкендері болған. Соларды дәріптеу, аталы сөздерін бүгінгі ұрпақтың ұлттық тәлім тәрбиесіне арқау ету, айтып отыру, бүгінгі ақсақалдарымыздың ақыл арқауына айналып отырса дейміз.  «Халық даналығынан асқан ұлылық, халық жинақтаған өмірлік тәжірбиеден асқан құдірет жоқ». «Ережеден өнеге артық, елге сылдыр сөзіңнен гөрі ісің керек» -дейді ұлы қоғам қайраткері Дінмұханбет Қонаев.

Қазір ХХІ ғасыр технологияның жан-жақты дамыған кезі. Әсіресе ұялы байланыстағы әртүрлі сайттарға үлкен де кіші де телміріп қалған кезең. Ондағы хабарлардың пайда зиянына талдау жасап, тоқтау салып жатқан орын жоқ. Интернет емген сананың қандай қоқысқа толып жатқаны бір Құдайға ғана аян. Осы бағытта тәрбиеленген ой сананың «жемісі» әлеуметтік желіден көрініс тауып жатқанын көріп жүрміз.

Бірде Бөлтірік шешеннен қасындағы жас өнерпаздар сұрапты дейді: «Ақ ата, тәнің мен жаның бірдей сау болсын» деген сөзіңнің мәнісі не? -деп. Сонда Бөлтірік айтқан екен: -«Тәні саудың бәрінің жаны сау бола бермейді. Тән мен жанның саулығы бірдей болуы-кісі бойында сирек кездесетін байлық.кісінің жанын аздыратындардың түрі көп: күншілдік деген бар, содан сақтан, кекшілдік деген бар, содан сақтан, астамшылық деген бар, одан алыс жүр,сараңдық деген бар,одан қалыс жүр, қараулық деген бар одан таза бол, ынсапсыздық деген бар,одан ада бол, бәлеқорлық деген бар одан аулақ жүр. Жаның осы жеті жаманнан аман болсын деген екен. Бөлтірік сияқты шешендердің сөзін ұрпақтың санасына жеткізу көргені көп ардагерлеріміздің де үлес қосар тәлімі емес пе?

Одан бері де басқа өңірдің абыздарын айтпағанда өз ауданымыздың жері мен елінің киесі дарыған, атағын халық құрметтегендеріміз қай саланы алып қарасақ та үлгі тұтуға тұрады. Қоғам қайраткерлері Алпысбай Қалменов, генераль-лейтенант Жанесен Кереев, Алаштан ән оздырған Қызыл ақын, Нұрпейіс Байганин, мұнайшы Нәрен Имашеов, дәрігерлер Сайым Балмаханов, Әжімағи Смағұлов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, ғалым Рәбиға Сыздықова, қарапайым еңбектің ерен  үлгісін іздесек тоғыз Еңбек Ерлеріміз  тағысын тағы соза берсек, бүгінге дейін де үлгі етерлік ұрпақтармен сабақтасып жатқан жоқ па? Даңқы үш жүзге мәшһүр, дәстүрлі дініміздің ұлағатты үлгісі Досжан хазірет ілімдерін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіре алып жүрміз бе? Ақсақалдарымыз айтпаса өткеніміздің үлгісін тұрмысымызға тұғыр етпесек, «Бүгініміз өткеніміздің шәкірті» деп қалай айта аламыз.

Өткеніміздің озық жақтарын өмірге енгізуде ақсақалдар әлеуетін тиімді пайдаланудың қажеттілігін өмір көрсетіп отыр. Өйткені бүгінгі күні адамгершілік ар ұяттың ұлттық құндылықтардың алдына, қолында бар қонышынан басқандардың мүддесі шығып тұрған мезгіл.

Халқымыз «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген ескі де, есті, қай кезде де мәнін, маңызын жоймаған даналығы бар.Ақсақал болу-абырой десек құндылықтарымызды қалыптастыруда үлкендеріміздің де белсенділікпен үлес қосқаны қажет-ақ.

Қарттардың әлеуетін ежелден тиімді пайдаланған ұлтпыз. Қазір ше…

Әңгімені түйіндей келе айтарымыз әдебімен әдемі көрінетін ұрпақ тәрбиелеу ұлттық міндетіміз. Әдептілік, сыпайылық, ізеттілік, адамгершілік деген сөздердің түп-тамыры ортақ. Қазақтың тек өзіне ғана тән болмысы, дүниетанымы барын ескерсек, қазір рухани құндылықтарға баса көңіл бөлетін кез, былайша айтқанда, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, ұлттық мәдениеті мен әдет-әдебін қалпына келтіріп, алға оздыратын уақыт жетті. Сен не дейсің қадірлі оқырман.

                                                                                                                                   М.Әділханұлы.