Темір қаласында семинар өтті
Темір аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің жұмыс жоспарына сәйкес, С. Бәйішев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде, «Педагогтардың кәсіби шеберлігі – әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың басты шарты» деген тақырыпта аудандық семинар-практикум өтті.
Семинар-практикумды Темір аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі С. М. Карабалина ашып, барлық қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Семинарға кәсіподақ төрайымы Н. Ж. Сабенова, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Г. Т. Темірханова, әдіскерлер мен аудандағы білім беру мекемелеріндегі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және мұғалімдер қатысты. Семинар барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 726-шы қаулысы негізінде бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы біраз ақпараттар берілді.
Сондай-ақ семинарда мектеп басшысы С. Тасбауова «Тың ойдан нәтижеге бағытталған жол» тақырыбында TED-X форматында мектептегі педагогикалық жұмыстарға, ал оқу ісі жөніндегі орынбасарлар әдістемелік, тәрбие, сынып жетекшілерінің, фокус топтарының жұмыстары мен зерттеу сабақтарының жүргізілуіне шолу жасады. Семинарды әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Г. Т. Темірханова мен кәсіподақ төрайымы Н. Ж. Сабенова қорытындылады. Аудандық семинарды ұйымдастырғаны үшін С. Байшев атындағы ЖОББМ ұжымы, мектеп директоры мен семинарда іс-тәжірибесімен бөліскен мамандар Темір аудандық білім бөлімінің басшысы атынан марапатталды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.