ДАСТАРҚАННАН СӘН КЕТТІ, ТӘРБИЕДЕН МӘН КЕТТІ…

0
130

Дастарханның «сәні», «көркі» дегенде, бірден көз алдымызға жалт-жұлт еткен жарқыраған ыдыстар, қызылды-жасылды көл-көсір тағамдар елестейді. Тағамнан бұрын «дастарқан» деген сөзді естігенде, «тәрбие» ұғымы бірден есімізге түсуі керек. Себебі, тәрбие дастарқанның басынан басталады.

Ертеректе данагөй ата-бабамыз үйіне қонақ келгенде, шаңырақтың жас балаларына қонақтардың қолдарына су құйдырған. Қазақта «Су құйғанға сауап көп» деген тағылымды сөз бар. Мұның тәрбиелік мәні өте зор. Дастархан басына жиналған меймандар бір-біріне шежіре, аңыз-әңгімелерді айтып, көсіліп отырғанда, жас балалар қолға су құя жүріп, сол әңгімелерден тәрбие алып, бойларына сіңірсін деген ойда болған. Ауызы дуалы, шешен үлкендердің есті сөздерін естіп, би-шешендердің, ақындардың жырларын құлағына құйып өскен ұрпақ ешқашан осал болмайды.

Ал қазіргі дастархан басында қандай әңгіме айтылып жүр? Жастар үлкендердің қолдарына су құйып, тәрбие алып жүр ме? Қоғамда әлеуметтік желілер пайда болғаннан бастап, халық та кітап оқуды доғарып, телефонның ар жағындағы қызылды-жасылды жалған өмірге алданып-арбалып, қонақтықта бастары қосылса, сол жақтың әңгімесін тілге тиек етіп жүр. Арзан әңгіме, мәнсіз ойын, еріккеннің ермегі, өкінішке орай, бүгінгі таңда қасиетті ақ дастарқанның «сәніне» айналуда. Осындай әңгімені естіген ұрпақтың да сана-сезімі не болмақ? Тәрбиенің тұтқасы қайда кетіп бара жатыр?

«Ас қадірін білмесең, ашаршылықты көрерсің, Ат қадірін білмесең, жаяушылықты көрересің» дегендей, дастарқаннан тарқасар кездегі ақ жаулықты жандардың дастарқан үстіндегі асқа талас-тартысы – қоғамның бір дерті болып тұр. Есті, жасы келген адамға жараса қоймайтын тірлік. Айналамыз асқа толып тұрса да, аштықты өзіміз шақырып жатқандаймыз. Ой елегінен өткізіп, өзімізді сырттай бақыласақ, бұл қылығымыздың ешқандай сүйкімділігі жоқ.

Жақын күндері әлеуметтік желілерге жаппай тараған Наурыз мейрамы, ауыз ашар кезіндегі жиылған жұрттың дастарқанға жүгіріп келіп, бір-бірімен тамақ үшін орынсыз дауласуы – мәдениетіміздің төмендеп кеткенін тайға таңба басқандай көрсетті. Мұның барлығы – тәніміздің ғана емес, жанымыздың рухани аш екенінің көрінісі.

Қонақжай қазағымыздың дастарқан басында сақталу керек бірнеше әдептері бар. Сол әдептерді үйдің үлкендері жастарға дәріптеп, үйретіп отыруы керек. Атам қазақта: «Батасыз дастарқан – бақсыз дастарқан», «Дастарқанның батасы – берекенің атасы» деген тамаша тағылымды маржандай сөздері бар. Қазақтың әдебиетінде мазмұнды, мағыналы баталар өте көп. Өкінішке орай, батаның да мәні кетіп жатыр. Ақ батамыз тілек айтумен аяқталып, өз мәнін жоғалтуда. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Қазақтың қонақ күту салт-дәстүрін дұрыс ұстанатын отбасылар да бар. Қонақтықта, бас қосуларда қонақ күту әдебі, дастарқан басындағы әдептер туралы әңгімелер көбірек насихатталса екен. Бұл да қазақтың басқа елден ерекшелігі, қасиеті. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан бұл қасиетімізді жоғалтып, одан айырылып қалмайық.

                                                                 Арай ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ.

          РЕДАКЦИЯДАН: Автордың руханиятымыздың мәселесіне орай көтеріп отырған тақырыбын өзгеріссіз сол қалпында жариялап отырмыз. Оқырман көпшілік, ортаға салар ойларыңызды күтеміз.