«Ауыл аманаты» басты назарда

0
79

26, 27 мамыр  күндері аудан әкімі Саламат Ермұханұлы Аманбаев Шұбарқұдық, Кеңестуы және Ақсай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  



Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Шұбарқұдық ауылдық округінің тұрғындарымен өткізген кездесуінде аудан әкімі, қазіргі таңда «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасы аясында, кент бойынша 16,7 миллион теңгені құрайтын 3 жобаның құжаты «Ақтөбе» ӘКК-не  тапсырылғанын, оның ішінде құс шаруашылығы бағытында 1 жоба қаржыландырылып, 2 жоба (1 құс шаруашылығы, 1 тігін цехы)   мақұлданғанын тілге тиек етті және табысты арттырудың жолдарын, негізгі бағыттары мен алға қойған міндеттерін түсіндіріп, жоба төңірегінде  қойылған сұрақтарға  жауап берді. Сондай-ақ кездесу барысында қосымша әлеуметтік желі платформасында, @temir_akparat парақшасы арқылы, тікелей эфир ұйымдастырылды. Жиын соңында аудан басшысы, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары мен кент әкімі Қ. Нұралыға «Ауыл аманаты» жобасын күн тәртібінен түсірмей, жобаны түсіндіру бағытындағы жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

Ал  27 мамыр күні аудан әкімі С. Аманбаев, осындай кездесуді Кеңестуы ауылдық округінің тұрғындарымен де өткізді. Кездесуде аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты, несие шарттары мен бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға  жауап берді.
Қазіргі таңда бұл округ бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал шаруашылығы бағытында 125,0 миллион теңгелік  25 жоба іске асырылуда. Мұның ішінде құс шаруашылығы (2 жоба – 6,0 миллион теңге), өсімдік шаруашылығы (2 жоба – 13,0 миллион теңге), кооперативтерді жабдықтау (1 жоба – 15,0 миллион теңге), шағын және орта бизнес ашу (10 жоба – 55,0 миллион теңге)  бар. Сонымен қатар, мал шаруашылығына тауарлық несие түрінде берілуіне байланысты 1 жоба дайындалып, өсімдік шаруашылығы, тігін цехын, наубайхана, көлік жөндеу орталығын ашу және бау-бақша егу бойынша жобалар мақұлданды. Моншаны кеңейту, құс шаруашылығы және шаштараз ашу бойынша қатысушылардың құжаттары кепілмен қамтамасыз етуді бағалау туралы есеп сатысында. Екі қатысушы жоба аясында жаңадан тіркелді.
Жиын соңында аудан басшысы, округ әкімі Ж. Маясаровқа халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына қажетті деңгейде түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ аудан әкімі С. Аманбаев, Ақсай ауылдық округіне  барып,  «Ауыл аманаты» жобасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындармен кездесуде аудан әкімі, жеңілдетілген несие берудің шарттарын айтып ғана қоймай, жобаның орындалу барысын түсіндірді.
Жалпы, Ақсай ауылдық округі бойынша барлығы 13 жобаның   құжаттары тапсырылған. Оның ішінде 29,5 миллион теңгені құрайтын 6 жоба қаражатын қолына алып, кәсіптерін бастап кетті. Сонымен бірге, 19,8 миллион теңгелік 7 жобаның құжаттары мақұлданды. Аталған жобалар бағыттары бойынша 5-еуі құс шаруашылығы, 1еуі дәстүрлі емес сала – қоян өсіру, 2-еуі өсімдік шаруашылығы, 1-еуі сүт өңдеу, 4-еуі кәсіпкерлік мақсаттағы жобалар болып табылады.

Кездесу қорытындысында аудан басшысы, округ әкімі Е. Бегимовке жоба аясында айтылған ұсыныстарды назарға алуды  тапсырды.

ТЕМІР ГАЗЕТІ.