Мерекелік шараларға қатысты
Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күніне орай, аудан әкімі С. Аманбаев, бірқатар шараларға қатысты. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілермен бірге ашық аспан астындағы тимбилдингке және аудандық полиция бөлімі ұйымдастырған спорттың футбол түрі бойынша 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдердің арасындағы облыстық ашық турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ аудан әкімі С. Аманбаев, аудандық мәслихат төрағасы Б. Шаимовпен бірге, Кеңестуы ауылдық округінің тұрғыны, еңбек ардагері К. Өтеуовтің шаңырағында болды.
Тимбилдинг барысында мемлекеттік қызметшілер әртүрлі бағыттар бойынша өзара сайысқа түсті. Шара соңында аудан әкімі, қызметтерінде жетістіктерге жеткен қызметшілерді марапаттады.
Ал, Қазақстан полициясы күні қарсаңында ұйымдастырылған теңбіл доп додасына Ембі қаласынан, Байғанин, Қарғалы, Ойыл аудандарынан, Шұбарқұдық кенті және Кеңкияқ ауылдық округінен барлығы 6 команда өзара бақ сынасты. Жиында сөз алған аудан әкімі, турнирдің маңыздылығына тоқталып, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген үздік полиция қызметкерлерін түрлі аталым бойынша марапаттады және облыстық ашық турнирге қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудан әкімі С. Аманбаев, аудандық мәслихат төрағасы Б. Шаимовпен бірге Кеңестуы ауылдық округінің тұрғыны, К. Өтеуовтің шаңырағында болған кезінде, ардагерге Алға шипажайына емделу үшін сертификат табыстады. Айта кетейік, Кеңестуы ауылдық округі әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Өтеуов, Қопа ауылын газдандыру жолында белсене еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Еңбек ардагері зейнеткерлікке шықса да, жинаған тәжірибесін жастардың бойына сіңіріп, округтің қоғамдық өміріне араласып келеді.
Ардагер, аудан басшыларымен әңгіме барысында, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жылдан-жылға артып, инфрақұрылым, спорт нысандары және жаңа дәрігерлік амбулатория салынып, жолдардың жайы жақсарып келе жатқанына тоқталды. Кездесу соңында ардагер қарттарға құрмет көрсетіп, өлшеусіз еңбектерін ұмытпағандары үшін алғысын білдірді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.