ЖАҚСЫМАЙ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж. Қойшыбаев Жақсымай бекеті тұрғындарымен кездесті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Б.Шаимов, барлық мекеме, бөлім басшылары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Кездесуде Ж. Қойшыбаев, алдымен атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көшелерді жарықтандыру мен жол мәселесі көтерілді. Жиын қорытындысында округ әкімі С. Төлеуов, ағымдағы жылғы жоспарға сәйкес, Жақсымай бекетіндегі Теміржол көшесіне қосымша 17 жарық шамдары орнатылатындығын баяндады.
Ж. Қойшыбаев, округ әкімі С. Төлеуовке жиында айтылған ұсыныс-пікірлер, сауалдардың барлығын жеке бақылауға алып, аталған мәселелер бойынша жұмыстану керектігін тапсырды.
Осы күні Ж. Қойшыбаев, Шұбарқұдық ауылы тұрғындарымен де кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін берді.
Ауыл тұрғындары тарапынан қараусыз жүрген ит, мал бағу мәселесі көтерілді. Сондай-ақ жиында “Ауыл аманаты” жобасы сөз болды. Округ әкімі С. Төлеуов, қазіргі таңда шағын және орта бизнесті дамытуда, 28 жеке кәсіпкер тіркелгенін, оның ішінде “Ауыл аманаты” жобасы аясында 5 тұрғын несие алып, өз кәсібін жалғастырып жатырғанын мәлімдеді.
Жиын барысында Ж. Қойшыбаев тұрғындардың ұсынысын ескеріп, ағымдағы жылдың жоспарына Шұбарқұдық ауылының көше жарық-шамдарын орналастыратынын жеткізді. Сонымен бірге Ж. Қойшыбаев, кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыстар атқаруды округі әкімі С. Төлеуовке тапсырды.
Ж. Қойшыбаев, Жақсымай ауылдық округіне сапары барысында, Шұбарқұдық ауылының Техникум және Нефтяник көшесіне жүргізіліп жатқан жол құрылысы мен 150 орындық мәдениет ошағының құрылыс жұмыстарын қарады. Жол құрылысы жұмыстарын «Ақтөбе құрылыс аймақ» ЖШС жүргізді. Жоба құны – 73 миллион теңгені құрайды. Ал, «Ауыл – ел бесігі бағдарламасы» аясында, Шұбарқұдық ауылындағы 150 орындық мәдениет ошағын құрылыс жұмыстарының жоба құны — 193 687,0 мың теңге. Нысанның ауданы — 271,53 шарша метр. Жалпы құрылыс аумағы — 350,89 шаршы метрді алады. Мердігер мекеме — «СтроНЕФ» ЖШС.
Аралау барысында Ж. Қойшыбаев, Жақсымай ауылдық округінің әкімі С. Төлеуовке, құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзімін бақылауда ұстауды тапсырды.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.