Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер

0
66

Ауданымызда биыл  қолға алынған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына, әсіресе жастар жағы қатты қызығушылық танытып отырғаны рас. Бұл сөзімізге, аталған бағдарлама бағытында  ауылдарда өздерінің кәсібін ашып, белсене еңбек етіп жатқандардың басым көпшілгі жастар екені дәлел бола алады.  Сондай жастардың бірі – 1999 жылы туылған Саркөл ауылдық округінің тұрғыны Әбдіғазы Сандуғаш Айбекқызы.  Ол үстіміздегі жылдың басында, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына, «Ауыл аманаты»  бағдарламасына қатысуға өтініш берген болатын. 7 сәуірде оның ұсынған жобалары мақұлданып, 10 мамырда құс өсіру бағыты бойынша 4,6 миллион теңге және бау-бақша егу үшін 4,0 миллион теңге несие алды.

Әбдіғазы Сандуғаш алынған несие есебінен, жолдасы Әбдіғазы Мерген екеуі бүгінде, анасының атына тіркелген «Ата қоныс» шаруа қожалығы аумағына 47  бас «халамгор» және 220 бас  «Тамбов сұры» тұқымды қаздардың бір апталық балапандарын сатып алып келіп, оларды өсірумен шұғылдануда. Қазіргі кезде әрбір қаздың салмағы шамамен 3-3,5 келіні құрап  тұр. Құстарды қыркүйек айының 10-ынан бастап бордақылауға қойып, 1 айдан соң қаздың етін сатылымға шығару жоспарлануда.

Ал, бау-бақша егу бағыты бойынша 4,6 гектар жерге қауын және 3,6 гектарға «фарао Ф1» атты тұқымды қарбыз егілді. «Фарао Ф1» тұқымды қарбыздың пісу мерзімі — 60-70 күн, орташа салмағы 15-18 келі, сыртқы пішіні ұзын болып келеді. Қазірдің өзінде 10 тонна қарбыз өндіріліп, Кеңқияқ пен Саркөл ауылының дүкендерінде сатылып жатыр. Қарбыздың 1 келісі орташа 110-140 теңге  шамасында сатылуда. Экологиялық таза жергілікті өнімді тұрғындар қызу түрде сатып алуда.  Өнім жинау – одан әрі жалғасып жатыр.

—  Еліміздің халқы Қазақстанның болашағын жастармен тығыз байланыстырып, бізге үлкен үмітпен қарайды, — дейді ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Мерген және Сандуғаш Әбдіғазылар. –   Сондықтан ел басшылары жастарға ең төменгі пайызбен несие  ұсынып, барлық жағдайды жасап, тіпті бизнес-жоспарға дейін  тегін дайындалуына нұсқау беріп отыр.   Бізге бұдан артық не керек? Бойда күш пен жастық жалын, ойда асқақ арман мен талап барда құлшына  еңбек ету қажет. Бұл бір жағынан өзіміздің тұрмысымызды одан әрі жақсарта түсіп, ұрпағымыздың кемел болашағын қамдауымызға, екінші жағынан сүйікті Қазақстанымыздың, қалаберді туған өлкеміздің гүлдене беруіне үлесімізді қосуымызға зор мүмкіндік жасайды. Ел басшыларының артқан үмітін біз – жастар ақтап шығуға тиіспіз. Жыл өткен сайын  тәжірибе де мол жинақталып, бизнесіміз кеңейіп, дами түсуі үшін  тың идеялар пайда болатынына да сенімдіміз.

Әрине, «Әрекет түбі — берекет» дегендей, үнемі алға ұмтылып, адал еңбек ету – адамда бақытқа жетелейтіні рас. Қай   кезде де еңбек еткен адамға белгілі бір дәрежеде жағдай жасалғаны рас. Бірақ, дәл қазіргі кездегідей халыққа қолайлы жеңілдіктермен алуан түрлі бағдарламалар ұсынылған заман ешқашан болған емес. Ендеше жастарымыз,  осыны терең түсінген Мерген және Сандуғаш Әбдіғазылар сияқты жас та патриот кәсіпкерлерден, үлгі алуы тиіс деп ойлаймын.

Әбді СӘЛИ.