КЕҢҚИЯҚ АУЫЛЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

0
60

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АСХАТ ШАХАРОВ ТЕМІР АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ АЯСЫНДА КЕҢҚИЯҚ АУЫЛЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ.

Сазды-2 шағын ауданында 26,8 шақырым электр, 16,4 шақырым су құбыры және 12,3 шақырым газ желілерін салу жұмыстары басталды. Сумен және газбен қамтамасыз ету жұмыстары уақытылы, ал электрмен жабдықтау желісін салу белгіленген кестеге сай емес. Осы мәселе бойынша мердігерге жұмыстарды мерзімінде аяқтау қажеттігі туралы ресми ескерту жіберілді.
Сондай-ақ, биыл ауылда бірден 14 көшені асфальттау жұмыстары басталды. Елді мекенде мұндай жол жұмыстарының көлемі бұрын-соңды болмаған. Жұмыстарға екі мердігер ұйым – «Инженеринг» МК» ЖШС және «DEN-Group Plus» ЖШС жұмылдырылды. Соңғысы жұмыс кестесінен қалып қойғандықтан, жобаларды іске асыру барысын қатаң бақылауға алу тапсырылды.
Сонымен қатар, облыс әкімі №15, 16, 17 көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерді жаңарту жұмыстарын барып көрді. Айта кетейік, алдағы екі жылда осындай 8 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді.
«Біз бұл жұмыстарды көптен күттік. Шатырымыздан су ағып тұрғанына бірнеше жыл болды. Бармаған жер, баспаған тау қалмады, әйтеуір өтінішімізге құлақ асты. Біз өте қуаныштымыз», – деді Маржантас Жақсыбаева облыс әкімімен әңгімелесу барысында. Шатырды жабу аяқталғаннан кейін тұрғындар өз пәтерлерін жөндеуге кіріседі.
Асхат Шахаров жөндеу жұмыстарының барысы оның жеке бақылауында болатынына
сендіріп, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға Кеңқияқ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық жобалардың толық және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Д.АЙДАР.