АУДАН ӘКІМІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
15 ҚАРАША КҮНІ АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ, САРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ БАРЫП, ҚОПА, ҚҰМСАЙ, ШҰБАРШИ, САРКӨЛ АУЫЛДАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ. ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУГЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ Б. ШАИМОВ, ОКРУГ ӘКІМІ М. ШҮЙІНШАЛИН, БӨЛІМ ЖӘНЕ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ. СОНДАЙ-АҚ ОСЫ КҮНІ АУДАН ӘКІМІ ОКРУГТЕГІ БІРНЕШЕ НЫСАНДЫ АРАЛАДЫ.
Қопа ауылындағы жиында аудан әкімі С. Аманбаев, тұрғындар алдында аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталса, округ әкімі М. Шүйіншалин 2023 жылдың 10 айындағы округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері туралы баяндады. М. Шүйіншалиннің сөзіне қарағанда, Қопа ауылындағы барлық газ құбырларын ауыстыру мәселесі басты назарға алынып, жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда, ал ағымдағы жылы саябақ құрылысы үшін 7000,0 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар М.Шүйіншіалин, тұрғындар тарапынан бұрын көтерілген ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша блок модульдің үздіксіз жұмыс жасауы және оператормен қамтамасыз етілуі мәселесі орындалғанын жеткізді. Аудан әкімі ауыл тұрғындарының сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдай отырып, тиісті бөлім мен мекеме басшыларына тапсырма жүктеді және әрбір көтерілген мәселе алдағы уақытта өз шешімін табатынын айтты.
Құмсай ауылының тұрғындарымен кездесуде округ әкімі М.Шүйіншалин, тұрғындардың өтініші негізінде ауылдың барлық газ құбырларын ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын және көтерме жол тегістеліп, қысқы мерзімге дайындық барысында көпірге қиыршық құм төселгенін жеткізді. Ал аудан әкімі С. Аманбаев, тұрғындардың ұсынысын тыңдай отырып, округ әкімі М. Шүйншалинге тұрғындармен тікелей жұмыс жасау керектігін тапсырды.
Шұбарши мен Саркөл ауылдарының тұрғындарымен кездесуде де М. Шүйіншалин, ауыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап өтті. Атап айтқанда, бұл екі ауылдағы жарық шамдары жаңа үлгідегіге ауыстырылған, жеті көшеге асфальт және екі көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Геолог көшесінде орналасқан саябақты жаңартып, субұрқақ орнатуға бюджеттен 18 962,027 теңге бөлініп, жақын арада жұмыстары аяқталады деп күтілде. Ауылдың су желісін жаңарту үшін де жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Екі ауылда да өткен жиынды қорытындылаған аудан басшысы, тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-тілектер кездесудің хаттамасына енгізіліп, алдағы уақытта оң шешімін табатындығын жеткізді және жиын соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Аудан әкімі С. Аманбаев, осы сапарында Саркөл ауылындағы көктемгі су тасқынының алдын-алу бағытында бөгеттерді қайта жаңғырту жұмыстарын қарады. Қазіргі таңда су тасқынына қарсы орналастырылған ескі бөгетті қайтадан жаңғырту мақсатында бөгеп, дамбы жасау жұмыстары жүргізілуде. Бөгеттің су жырып кеткен тұсының ұзындығы 70 метр. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 3 шақырым болатын бөгеттің су бұзған жерлерін қайтадан көтеру жұмыстары жасалады. Жоба “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” АҚ “Кеңқияқмұнай” мұнай газ өндіру басқармасы арқылы демеушілікпен жүзеге асырылуда. Аудан әкімі округ әкімі М.Шүйншалинге, су тасқынының алдын-алу бағытында жасалып жатқан жұмыстарды уақытылы аяқтап, жоспарланған шаралардың өз деңгейінде орындалуын тапсырды.
Сондай-ақ аудан басшысы Саркөл ауылдық округіне жұмыс сапары кезінде өңірдегі жеке кәсіпкерлермен кездесті. Мұнда өз кәсібімен айналысып отырған ауыл тұрғынының бірі – жеке кәсіпкер Н. Қолғанатов. Шұбарши ауылының тұрғыны, көп балалы әке «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6 700,0 мың теңге несие алып, жартылай дайын өнімдер, тартылған ет, тұшпара өнімдерін жасап отыр. Жеке кәсіпкер дайындаған өнімдерін халыққа қол жетімді бағада Саркөл ауылда ғана емес, көршілес Кеңқияқ ауылының тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Ауыл тұрғыны аталған кәсіптен бөлек отбасылық бірнеше кәсіп түрлерімен айналысады. Аудан әкімі С. Аманбаев, Н. Қолғанатовқа үй өнімдері сұранысқа ие болғандықтан тұтынушыға қол жетімді бағада ұсыну керектігін және сұраныс бар жерде сапаның да өсуі қажет екендігін жеткізді.
С. Аманбаев, Шұбарши ауылындағы саябақтың қазіргі жәй-күйін де қарады. Саябақтың аумағы 1000 шаршы метр. Саябақтың ішіне брусчатка төселіп, бордюр қойылады және диаметрі 3 метр болатын субұрқақ, жарық шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылады. Аталған жұмыстар қараша айының аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Аудан әкімі округ әкімі С. Аманбаев, М.Шүйншалинге аталған саябақты жаңартуды жеке бақылауына алуды тапсырды.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.