ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ

0
48

ЖУЫҚА АУДАН ӘКІМДІГІНДЕ АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ Е. ТӨЛЕУОВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН, АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНЫҢ КҮН ТӘРТІБІНДЕ «ТЕМІР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БАРЫСЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ» (БАЯНДАМАШЫ ТЕМІР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ А. ҚОҚАНОВ) ЖӘНЕ «2023 ЖЫЛДЫҢ 11 АЙЫНДА БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ЖҰМСАЛУЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ БАРЫСЫНДА ЗАҢДЫЛЫҚТАРДЫҢ САҚТАЛУ БАРЫСЫ» (БАЯНДАМАШЫ АУДАНДЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ Н. АДАЕВ) ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Темір қаласының әкімі А. Қоқанов, бүгінде Темір қалалақ округі бойынша, шағын және орта кәсіпкерлік саласында 51 жеке кәсіпкерлік нысаны тіркелгенін, оның 5-еуі үстіміздегі жылы жаңадан ашылғанын, окургте «Ауыл аманаты» бағдарламасы бағытында 11 жоба дайындалғанын, бүгінгі таңда 2 жоба – наубайхана мен фаст фуд қаржы алуға құжаттарын тапсырғанын, аумақта сәуір айынан бастап, елді мекендерде сенбілік ұйымдастырылып, қоқыс төгілетін орынды қалпына келтіру, көшелерді үйінділерден тазалау, бұзылған үйлердің орнын тегістеу жұмыстары жүргізілгенін, қалалық саябақты абаттандыруға аудандық мәслихаттың шешімімен 122 500 мың теңге бөлініп, жұмыстар қызу жүргізіліп жатқандығын, Жамбыл ауылының кіреберіс көлік жолының құрылысына ЖСҚ әзірленгенін, С. Бәйішев атындағы орта мектеп алдына қиыршық тас төселгенін, қаладағы балалар және воркаут алаңдарын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарына смета дайындалуда екендігін, қалаға денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленіп, аудандық сессияда қаражат бөлінгенін т. б. айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н. Адаев, 2023 жылдың 11 айында аудандық бюджеттің шығыс жоспары, жыл басындағы бос қалдықты есепке алғанда, 8 942 478, 0 мың теңге, нақты орындалғаны 8 070 052,0 мың теңге немесе 90, 2 пайыз болғанын айта келе, 11 айдың қорытындысында қаржыны көп көлемде игермеген бөлімдер мен округтерге тоқталды. Оның айтуынша бұл бағытта сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі 71 пайыз, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобилдер жолдары бөлімі 86 пайыз, жұмысппен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 96 пайыз, Кеңқияқ ауылдық округі 96 пайыз, Темір қаласы 90 пайыз, Жақсымай ауылдық округі 99 пайыз қаржыны игерілмеген. Сондай-ақ ол, Кеңқияқ ауылына қарасты «Сазды-2» ауданындағы электр желілерін салуға, Еңбекшідегі су құбыры желілерін тартуға, Тасқопа ауылына кіреберісіндегі 11-12 шақырымдық аудандық маңызы бар автомобил жолын орташа жөндеуге, Кеңқияқ ауылындағы А.Құнанбаев, Балуанов, Сәңкібай ата, Мұнайшылар, Ә.Молдағұлова, Н. Байғанин, Қ. Сағырбаев, Парковая, Корпусная көшелері бойынша автомобил жолдарын құруға бөлінген қаржының жыл соңына дейін игерілмей қалу қауіпі бар екенін жеткізді.
Ал мемлекеттік сатып алу саласындағы 2023 жылдың 11 айында атқарылған жұмыстар жөнінде Н. Адаев, 1,8 млрд. теңге қаржы көлемінде 112 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу өткізілгенін, бүгінгі таңда барлық жобалар бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, мердігерлер анықталғанын айтып, әрбір жобаға қанша қаражат бөлінгенін нақты атап шықты.
Күн тәртібіндегі қос баяндама тыңдалған соң, кеңес мүшелері Темір қаласы аумағындағы көпірлер мен бөгеттер, орман шаруашылығының жұмысы, қала мәртебесіне қатысты, игерілмеген қаржы туралы, 2024 жылға жоспарланған жобалар жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.
Отырыс соңында аудандық қоғамдық кеңес осында айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, тиісті шешім шығарды.