«ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» ФЕСТИВАЛІ
25 ҚАҢТАР КҮНІ Н. БАЙҒАНИН АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ, ХАЛЫҚ ПЕН МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА МӘДЕНИ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОРНАТЫП, БОЙЫНДА ӨНЕРДІҢ ҰШҚЫНЫ БАР ЖАНДАРДЫ САХНАҒА ТАРТУ МАҚСАТЫНДА, «ЕКІ ЖҰЛДЫЗ» ФЕСТИВАЛІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. АУДАНЫМЫЗДА БҰРЫН ДА ӨТКІЗІЛІП КЕЛЕ ЖАТҚАН, КӨРЕРМЕННІҢ ҚЫЗЫҒА ТАМАШАЛАЙТЫН БҰЛ ШАРАДА АУДАНЫМЫЗДЫҢ ӘР САЛАСЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮРГЕН ЖАНДАР ӨНЕР КӨРСЕТТІ.
Көрермендерге тамаша көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шараға он жұп қатысты. Олар — Темір ауданы «Мансап» орталығынан Қайнарбек Оразбекұлы мен Индира Барсаева, «Балауса» бөбекжай балабақшасынан Тобылова Айгерім және Қошаханова Гүлшара, жастар ресурстық орталығынан Сәкенов Данияр мен Ешмағанбетова Диана, аудандық орталық ауруханадан Серіков Әлібек пен Әділгерейова Айгерім, «Ар-Амир» сауда желісінен ерлі-зайыпты Дайыров Жолдас және Бақтыгерей Нұржамал, № 1-ші мектеп гимназиясынан Байшора Нұрлыбек пен Балтабаева Ақбота, «Қарлығаш» бөбекжай балабақшасынан Жұбангарина Ақнұр мен Жұмабекова Сандуғаш, «Көркем-ай» студиясынан Халал Көркемай жәнек Қарасаева Райхан, жеке кәсіпкерлер Раш Саяжан мен Таңатарова Алина, № 4-ші Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінен Құдайберген Айдана және 11-сынып оқушысы Базарбекова Аяулым болатын.
Өнері бірінен бірі асып түсіп жатқан әрбір жұп, фестивалдың талабына сай, өздерінің нөмірін орындаған соң, жүргізушілер олардың мамандықтары, қоғамға, жалпы өнер мен өмірге деген көзқарастары т. б. қызықты сұрақтар қойып, қанағаттандырарлық жауаптар алуы да, залға лық толған көрермендер тарапынан қолдау тауып, қошеметеуге ұласып отырды.
Шара соңында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділет Қалмағанбетов, «Ел іші – өнер кеніші» екенін айта келе, бүгінгі «Екі жұлдыз» фестивалінде өнер көрсеткен барлық жастардың өнеріне тәнті болғанын жеткізіп, ризашылығын білдірді және сыйлықтар табыс етті.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.