ҚАЗАҚТЫҢ ӘНШІЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ МОЛДАБАЙ ФЕНОМЕНІ

0
80

Ән қазақ фольклорында ерекше маңызды орын алады. Ол халық өміріне мықтап еніп, оның қуанышы мен қайғысына ортақтасып, сырласып, бірге жүрген. Ақын – әншінің басынан өткен оқиға, өмірдегі жайлар өлеңде із болып қалып отырған. Әсем ән той-томалақта, жиын, басқосуларда көпшіліктің көңілдерін көтеріп, жақсы жай-күй орнатқан. Қазақта әншілердің әр топты мектеп өкілдері болған, мысалы Арқада Ақан сері, Батыста Мұхит әнші. Қазақ арасынан атақты ақындар, жезтаңдай әншілер, күй күмбірлеткен күйшілер, шығармалары елге тараған композиторлар, таңға жырлайтын жыршылар шықты. Олар қарапайым халықтың нақ ортасында болып, олардың мұң-мұқтажын, өмір-тіршілігін, қоғамдағы оқиғалар мен құбылысты, жақсылық пен жамандықты, адамгершілік пен әділетсіздікті, имандылық пен зорлықты және замандастарын әнге қосты. Солардың бірі – Молдабай.

Молдабай 1858 жылы туылған. Дүниеге келген жері – Ақтөбе уезінің болыстығының үшінші ауылы, қазіргі Мәртөк ауданының жері. Молдабай жылқы жылы туылғандықтан, атын «Жылқышы» деп қойыпты. Әкесі малшы болған. «Орынбордың алдында тағалаған жорғадай» деп өлеңде келтіргендей, әнші өзін жорғаға теңегені тегіннен-тегін емес деп болжауға болады.

Кімді болса да орта тәрбиелейді. Домбырашы, ән сала білген, тілге шешен, ұтқыр, өткір тілді атасы Торғай қонақжай, үйіне әнші, күйші өнерпаздар көп шақырылатын, көп келетін отбасы болған екен. Бұл жағдай жас таланттың әнге, домбыраға құмарлығын оятады. Сонан Молдабай малшылыққа емес, әншілікке бой бұрады.

Молдабай – тұлға. Молдабаймен композитор, күйші Қазанғап кездескен, бір-біріне аса үлкен әсер еткен. Молдабай Әбілхайыр хан ұрпағы, күйші Қамбар Медетовпен де тығыз достық қатынаста болған. Қамбар – атақты шебер күйші. Москвада өткен (1936) қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндігіне қатысып, «Ақсақ құлан» күйін орындап, өнерімен көрермендердің ду қол шапалақтауына ие болған. Қ. Медетов та Мәртөктің Жайсаң ауылынан. Молдабай Қазанғапқа өлшеусіз әсер еткен. Қазанғап осы ел аралаудан өмірді үйренді, музыканың қайнар көзі өмір екендігін түсінді, дейді А. Жұбанов «Замана бұлбұлдары» деген кітабында.

Молдабай ортадан сәл төмендеу бойы бар, атжақты, қара торы кісі екен. Таза, сыңғырлаған дауысы ел жадында қалған. Молдабайдың Желжетпес деген аты, әнші ат үстінде ән салып келе жатқанда ән ырғағын бұзбай ақырын жүріп, ән әуенімен қозғалуға үйренген. Молдабай сері қасына 20-25 жігіт ертіп жүрген, ойын-тойға барған. Жүйрік тазысы мен қыран бүркіті болған.

Молдабай мұрасы – ән өнерінің асыл қазынасы. Ол бүгінгі заманда да қажеттілігін жойған жоқ. Соңғы жылдары іздеу мен жинақтау нәтижесінде әнші Молдабай, сазгер Молдабай, сері Молдабай бейнесі анықтала түсуде, әлі де анықталады. Себебі ұмытыла бастаған есімдерді біздің тәуелсіздік заманы қайта жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Молдабай әні халық жадында. Міне, оның сол шығармашылығы әнші-сазгердің негізі.

Молдабай ән шығарған сазгер ғана емес, сонымен қатар әнді халық алдында айтып жеткізуші әнші – орындаушы. Ол шебер орындаушы өнер иесі, тыңдаушысын таң қалдырған, баурап алған әнші, орындаушылығы ерекше екпінді, бөтен әншілерде жоқ орындаушылық тәсілмен бөлектенетін өз стилі бар әнші.

Молдабай әртүрлі қалыпқа ене алатын актерлік қабілеті бар болған әнші екен. Ойын-тойда жиналған топтың көңілін көтеріп, ішек-сілелерін қатырып күлдіреді екен. Осы шеберлігі туралы оны Көкжар жәрмеңкесінде көзімен көрген Сарышолақ шалқарлық шайыр өзінің «Намыс» атты дастанында

Тәңірберлі Молдабай,

Әуелете әндетіп,

Белден басып жалғанды-ай

Күлкіге бөлеп сәндетіп,

Ішегі жұрттың түйіліп,

Аяқ-қолдан әл кетіп,

Ол шайтанды да күлдірер,

Өлгенді де күлдірер. – деп жырлайды.

Серінің даңқы жер жарып, дәурені дүрілдеп, Ақтөбенің ғана емес, Орынбор жәрмеңкесінің сәніне айналады.

Сөйлер сөзге келгенде

Орынбордың аузында,

Тағалаған жорғадай – леп әндетеді. Молдабайдың осынша танымал болуына ықпал еткен күйші, Орынбор, Темір, Қарақамыс жәрмеңкесінің басшысы Үсен төре еді.

Молдабай дауысы ерекше кең, диапазоны күшті болған екен. Қойбасы тауы мен аудан орталығы арасында үлкен қырат бар. Ол «Бестеңге» деп аталады. Бір бай кісі жолда келе жатып бес теңге ақшасын қыр басында жоғалтып алыпты. Ақша табылмаған. Сонан қырат «Бестеңге» деп аталып кеткен көрінеді. Сол «Бестеңгенің» үстінде тұрып таңертең Молдабай домбырамен ән салғанда әншінің дауысы төмендегі ауыл-аймаққа естіледі екен де, сиыр сауып жүрген әйелдер шаруаларын қоя қойып, оның әнін тыңдайды екен. Елде осындай әңгіме бар.

«Орынбордың қос босағасы» атанған Молдабай мен Әкімгерей әншілер Орынбордың жәрмеңкесінің сәнін де, мәнін де келтірген атақты өнер иелері болыпты. Орынбор жәрмеңкесін – Меновой двор, оны қазақтар «Мінәнай» деген екен. Бала кезімде Марқа әжем, бала жұбатқанда, аяғына салып, тербетіп, шайқағанда «Әйт, шу, әйт, шу, қара нар, Орынборға тура бар» -деп әндетіп отыратын. Сондағысы осы сауда сапарына баратын жолды айтып Орынбор жәрмеңкесін әнге қосқан ақынның өлеңінің бір пұшпағы екен.

Молдабай – ән шығарған композитор, шығармашылығы жұрттан асқан талантты тұлға. Оның көптеген әндері болған, кезінде ел арасына тараған. Әттеген-айы, Молдабай әндерінің жазбаша да, ауызекі де көп сақталмағаны, көбі уақыт өте ұмытылған. Бірақ бар, мысалы, «Қойшының әні», «Бестоспа», «Сусар-ай», «Молдабай». Қалғанын жинау, іздеу, зерттеу керек.

Молдабай атын ән тарихында қалдырған шығармасы – Молдабай. Бұл ән кезінде халық арасында кең тараған, көбірек орындалған. Сөйтіп, Молдабай – бір әнмен өнерде, ел жадында қалған дарын.

«Молдабай» әні – ерекше ән. Төкпе ән, ойнақы ән, көңілді, дауысты да көтеру керек, термелеп, өсиет нақылдап айтылады. Табиғат, этнографиялық баяндау бар. Әнші өзін де таныстырады, айта кетеді. Мысалы:

Тәңірберлі Молдабай

Малға жарлы болса да,

Айтар сөзге келгенде,

Тілге шешен, әнге бай, -деп баяндайды. Біз білетін жиырмасыншы ғасырдың 50-60 жылдарында «Молдабай» әні ел аузында айтылатын, «Қазақ әндері» деген жинаққа шығатын. Өзіміз естіп, әуенін үйренгенбіз. Қазірге дейін сол әуен ұмытылған жоқ. Бірақ өмір өзені аққан сайын Молдабай әні де көмескеленіп, сахнада, той-жиында айтылуы азайды ғой. Қазіргі ән жинақтарына жаңа әндер жинақталып, басылып, бұрынға әндер енбейді. Солай ұмытыла бастайды. Мінеки, 50-60 жылдары айтылған «Молдабай» әні 70-80 жылдары айтылмай қалды.

Қазір «Молдабай» әнін  керемет шебер орындаушы – атақты әнші Бекболат Тілеухан, Қазақстанның түкпір-түкпірлерінде ән айту дәстүрін көрсетіп ән салып, үлкен бір көрініс, баяндау, концепция жасайды. Сонда батыстың, шығыстың, оңтүстіктің, солтүстіктің әншілерін атап отырып, олардың әндерін нақышына келтіріп , әр аймақтың өз ән айту ерекшеліктеріне сай шебер орындайды, әрі айтқанда мына аймақ әншісі былай айтқан екен, енді мына аймақ әншісі былай деп әндетіпті деп, қазақтың бар аймағына көшіп келе жатқандай әсер етіп, бір ауылдан екінші ауылға келіп, кетіп өзіңді бірге жүргізіп айтып береді де батыста Молдабай деген әнші болған, соның «Молдабай» әнін айтайын деп орындап береді. Бірнеше рет қасында отырып тыңдадым, қолын алдым. Бір рет Көкшетауда облыстық мәдениет басқармалары бастықтарының жиыны болып, барғанымда Ерекең Ақтөбеден келіп отыр ғой, елінің Молдабайын айтып берейін деп жақсылап, отырғандарды таңғалдырып орындап берді.

Домбыраның жанын алып, үлкен күшпен екпіндетіп тартып, Молдабайды төкпектете орындап, дауысын аса жоғары көтеріп, созып, дауысын да, қолын да, домбырасын да ойнақшытып әнді орындағанда отыра алмайсың, баурап алып кетеді, әннің, орындаушының жетегінде жүре бересің.

Тағы бірде Бекболат әнші «Молдабай» әнін Ақтөбеде студенттер сарайында көрермендер алдында орындап, жұртшылықты дүр сілкіндірді.

«Молдабай» әнін ақтөбелік даусы табиғи қойылған әдемі, екпінді, күшті көтеріңкі әуенді, талантты жақсы әнші Қоянбай Тобағабылов орындайды. Қазақ сахнасында қазірде Молдабай әнін әр түрлі екпін ерекшелік пен домбыра тарту шеберлігімен орындайтын жас әншілер бар.

Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Нұртас Омаров «Молдабай» әнін эстрадалық әуенмен ерекше орындап, республикалық байқауда Гран-при иегері атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Ақтөбеде тағы басқада әртүрлі әуенде орындаушылар, үйренушілер бар. Мәртөкте де бар. Басқа аудандардың әншілері де «Молдабай» әнін айтса, үйренсе дұрыс болады. Себебі «Молдабай» әнін жаңа заман рухы талабына, ырғағына сай етіп, өңдеп, айтуға әбден келеді.

«Молдабай» әнін Қазақстанда орындаушылар көп. «Қоңыр» триосы әуелетіп, әндетіп айтады. «Жетісу сал-серілері» ойнақы, көңілді, қимылды, музыка аспаптарын дүңгірлетіп, қағып, соғып, ұлттық ерекше стильдегі киімдер киіп, көтеріп, екпіндетіп орындайды. Жеке дәстүрлі орындайтын әншілер сахнадан, теледидардан көрініп жүр.

Биыл (2023 ж.)қазан айында Алматыда өткен Республикалық «АлашStar» көп жанрлы өнер байқауында «Ауыл балалары» ансамблінің әншісі, байғаниндік 6 жасар Аңсар Қазыбай дәстүрлі ән орындау номинациясы бойынша «Молдабай» әнін орындап Бас жүлдеге ие болып, Стамбулда өтетін Халықаралық  байқауға жолдама алды. Ансамбль жетекшісі әнші баланы дайындаушы Ақбаян Бисенбайқызы Есенғұлдің шәкірті «Молдабай» әнін айтып жеңіске жетіп, Байғанин ауданының аты шықты. Әнші «Молдабай» әнін айтса , аты шығады, байқауда жеңімпаз болады.

Молдабайдың әнін кезінде Республика сахнасында тамаша орындай білген, ел арасында таратуға үлкен еңбек еткен әнші – Әли Құрманов (1901-1969). Әли Құрманов «Молдабай» әнін ерекше екпінмен, ойнақы, еркін, бай мимика, бет, қол, дене қимылдарымен орындаған. Домбыраны әр түрлі қағу тәсілдерімен қолдарын неше сақ қимылдата жүгіртіп, сілтеп, ойнақшытып тартып, тыңдаушыларының айызын қандырып, көрермендерін қыздырып айтқан. Ол Молдабайдың «Молдабай», «Сусар-ай», «Қойшының әні», «Бестоспа» әндерін орындаған. Тенор дауысты Әли Молдабайдың әнін айтқанда көрермендер ду қол шапалақтап, әншіні сахнадан жібермей, әнді қайталап айтқызған.

(Жалғасы келесі санда)
Құрманбек Еркін
Жолмырзаұлы,
Молдабайтанушы,
«Құрмет» орденінің иегері,
ҚР Мәдени қайраткері