САБЫН ӨНДІРУ КӘСІБІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
Қазіргі таңда Шұбарқұдық кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Ә.Оразай 72 %-дық кір сабын шығарумен айналысуда. Ол үш түрлі сабын түрін шығарады. Өнімдері аудан орталығындағы бірқатар шаруашылық дүкендерінің сөрелерінде тұр. Кәсіпкер айына 3400-3500 дана өнім шығарады. Ол өз өнімдерін аудандағы сауда орындарында, сондай-ақ көршілес Мұғалжар мен Байғанин аудандарында да айналымға енгізген. Ә. Оразай болашақта өз кәсібін кеңейтуге ниеттеніп отыр.
Аудан әкімі С. Аманбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Жолдығаринмен және мемлекеттік кірістер басқармасының аудандық бөлімше басшысы С. Айжарықовпен бірге, Ә. Оразайдың жеке кәсібімен танысты. Танысу барысында аудан әкімі, Е. Жолдығаринге шағын және орта бизнес иелеріне мейлінше қолдау көрсетіп, кәсібін дамытуға қолайлы жағдай жасауды және мемлекеттік грант бөлуді, С.Айжарықовке жеке кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қала және ауылдық округтерде тиісті профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып, көрсетілетін жеңілдіктер мен банкроттық деп тану мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды және жас кәсіпкерге отбасылық кәсіпті одан әрі дамытуда сәттілік тілеп, жеңілдетілген несие алу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысу мен мемлекеттік тапсырыс арқылы тендерлерге түсу үшін қазақстандық қамтуға қол жеткізіп, тиісті талаптарға сәйкестендіру жолдарын қарастыруды ұсынды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.