ӘЙТЕКЕ БИ: ӨМІРІ. ҚЫЗМЕТІ. ҰЛЫҚТАЛУЫ

0
293

ӘЙТЕКЕ БИ- МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, КЕМЕҢГЕР ОЙШЫЛ, ШЕШЕН. ОЛ ҚЫЗБИБІ ТАУЫНЫҢ ЕТЕГІНДЕ
САМАРҚАН МЕН БҰҚАРДЫҢ АРАЛЫҒЫНДА КӨКТЕМДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН.БЕЙІТІ ӨЗБЕКСТАН, НАУАЙ ОБЛЫСЫ,
НҰРАТА АУДАНЫ СЕЙІТҚҰЛ ҚОРЫМЫ ДЕП АТАЛАТЫН ҚАБІРСТАНДА ОРНАЛАСҚАН. ОЛ ҚОРЫМДА ӘЙТЕКЕ
БИДІҢ АТАЛАРЫ ОРАЗДЫҢ, ТОҒЖАННЫҢ, АҚШАНЫҢ, ӘКЕСІ БАЙБЕКТІҢ БЕЙІТТЕРІ ДЕ БАР.

Әйтекенің туған, бақилық болған жылдары туралы әртүрлі болжамдар келтіріліп жүр. Әйтеке бидің Төледен де, Қазыбек биден де жасы үлкен. Оған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» өлеңіндегі:

Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Әлдибек, Айтбай, Майлы шешен өткен.

Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің,

Әйтеке, қаз дауысты Қазыбектен, — деген шумақтар дәлел болмақ.

Зерттеушілер Ж. Мұратбаев пен Ө. Қойшиевтердің пікірі бойынша Әйтеке би 1700 жылы қазан айында қайтыс болған. Бұл туралы Қожаберген жырау:

Өткен жылы Әйтеке би дүниеден өтті,

Келген де елу алты жасқа ажал жетті,- деп Әйтекенің жасын белгілейді.

Сонда, Әйтеке би 1644 жылы туған болады. Осы пікірді «Әйтеке би» деген кітабында жазушы Н. Әбуталиев те келтіреді.

Әйтеке бидің атасы Ораз би (1299-1385) Тұран мемлекетінің негізін салушы, Самарқанды астана еткен Әмір Темірдің ең жақын бас кеңесшісі болды. Темір мен Ұлықбектен кейін Самарқанның үшінші әміршісі болған Жалаңтөс батыр да Әйтеке бидің атасы.

Әйтеке жеті жасынан бастап атақты Жалаңтөс батырдың және атасы Ақша ханның жанында  жүріп тәрбие алады. Самарқанға үздіксіз келіп –кетіп жүрген хандар мен шахтарды, шетел елшілерін қабылдау, олармен ресми және достық жағдайда сұхбат жүргізу рәсімдерін көріп, ел басқару тәсілдеріне машықтанады. Небір шешендік, даналық сөздерді, тапқыр, мазмұнды билік, ұшқыр ойларды естіп, санасына сіңіріп, көсем де шешен сөйлеуге төселеді.

Әйтеке өз дәуірінде жан-жақты білім алған тұлға. Ұлықбек медресесінде оқыды, араб, парсы, шағатай, өзбек, түрік тілдерін меңгереді. Самарқанның мұсылмандық мешіттерінің ішкі әшекей- безендіру өнерімен және Темірдің, Жалаңтөстің мемлекет басқару әдістерімен танысып, әскери қолбасшылық дәстүр мен дағдыларға жаттығады. Ақша хан атасынан әділдік, ел басқару, елшілік байланыстар жасау жолдарын үйренеді. Ұлықбек медресесінде Әйтеке дін, құқық, аспан әлемі, жағрапия, тарих, математика пәндерін оқиды. Кейін Жалаңтөс салдырған сән-сәулетімен әйгілі Тіллә-кари (Алтынмен қапталған), Шердор (Арыстанды) медресесінде білім алады.

Нұрата аймағы – Ораз қажы, Ақша хан иелік еткен, Сыр бойынан сол бір замандарда көшкен 40 мың алшынның тұрақты қонысына айналған жер. Осы аймақты мекендеген яғни Нұрата, Самарқанд маңындағы алпыс мың үйлі алшындар мен қырық мың үйлі қарақалпақтардың және өзбектердің «Ұлыс биі» болып сайланғанда Әйтеке 21 жаста болатын.

1680 жылы Салқам Жәңгірдің кіші баласы Тәукені хан етіп сайлауға қатысқан Әнет баба, соқыр Абыз, Едіге, Майлы, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Қарақалпақ Сасық, құрама Мұхаммед, қырғыз Қоқым билер Тәукенің хан болып сайлануына ерекше ат салысты. Тәуке хан таққа отырғаннан кейін алғаш рет ресми түрде айрықша құқықты «Хан Кеңесі» сайланды. Әйтеке би кіші жүз жұртының атынан осы кеңестің он тоғыз жыл бойы мүшесі болды. Осы кезде бұрынғы «Қасым салған қасқа жолдың», «Есім салған ескі жолдың» заман өзгерісіне сай ескіруіне байланысты жаңа заң үлгілерін жасау қажеттігі туды. Тәуке хан және аталған тоғыз бидің қатысуымен 1684 жылы «Жеті жарғы» заң қабылданды. Күні бүгінге дейін негізі сақталып отырған ежелгі Солон заңымен (б. з. д. 7-67ж) терезесі тең  бұл заңның бытыраңқы елдің басын біріктіруге, халқымыздың әл-ауқатының артуына, ата-дәстүріміздің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. «Жеті жарғыға» Әйтеке би ұсынған баптарының ішінде екеуі ғана белгілі. Олар- «Сүйек құны», «Өнер құны».

Әйтеке 30 жасында Кіші жүздің Бас биі болып сайланады. Ол Хан Кеңесінің мүшесі ретінде жыл сайын үш жүздің басшыларымен ең беделді адамдары бас қосатын Ордабасыда, кейін Күлтөбе мен Ұлытауда өтетін құрылтайларға қатысып отырды.

Тәуке хан да, Әйтеке би де ел бірлігін, халық тағдырын ойлаған, мемлекет іргесін нығайтуды жүзеге асыру үшін еңбектенген, сол үшін күрескен, қиындықты бірге көтерген тарихи тұлғалар. Ел басына күн туған қиын- қыстау кезеңде Әйтеке би хан кеңесіне өз ұсыныс- ойларын айтқан, ел бірлігін мақсат еткен қайтаркер.

Күлтөбе мен Ордабасыдағы талай жиындарда оның рулық ойлау деңгейден оқ бойы озық тұлға екендігі көрінеді. 1699 жылы көктемдегі кеңейтілген хан кеңесінде халықты қырғыннан қорғау үшін қазақ елінің игі жақсыларына: «Ат төбеліндей байлықтарыңыз халыққа қорған бола алмайды. Кейбір мансапқұмар төрелер қалмақпен қақтығысты өздерінің бас пайдасына бұрып, хан тағына отырамын деген есек дәмелі арам ойдың орамына шомылып жүр…Көрініп тұрған қырғынның алдын алмасақ, халық барлығымызға лағнет айтады» — деген екен.

Әйтеке би отан қорғау үшін көрші мемлекеттерден соғыс қару- жарақтарын, зеңбірек, мылтықтар алуды және оған қажет қаражатты бай, төре, сұлтандар дәулетінен шығаруды ұсынады.

Төреден қолбасшы болмасын, төрелер арасы тату емес, бәсеке бар екендігін ескеріп, Әйтеке би хан кеңесінде «Қалың қазақ ортасынан шыққан батыр, көсем болып ел бастасын, сардар болып қол бастасын» — деген ұсыныс айтқан еркін ойдың иесі. Ондай адамды көрші мемлекеттерде оқытып, соғыстың ең алдыңғы қатарлы тәсілдерін үйрену қажеттілігін айтты. Бұл жағынан Әйтеке би стратегияны да, тактиканы тамаша меңгерген қайраткер екендігі көрінеді.

Бірақ бұл батыл ұсыныстары байлықтарын қимаған, ел тағдырын жете ойламаған төре, бай, сұлтандарға ұнамады.

Сөйтіп, 1699 ж Әйтеке би хан кеңесін тастап шығады. 1700 жылы қайтыс болады.

Әйтеке бидің қайраткерлік тұлғасын ірілендіре түсетін тағы бір қасиеті- ол қазақ қауымын өрге бастыруға кедергі келтірер кері тартпа үрдістерге батыл қарсы шыққандығында, адамды, азаматты ата тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегендігінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын арыстардың көбейе түсуін көксегендей. Бұл ойы бүгінде актуальды.

Әйтеке бидің өз отанына деген сүйіспеншілігі көпшіліктің есінде қалған мына өсиет әрі нақыл сөзінен көрінеді:

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін,

Бай болып, халқыңа пайдаң тимесе,

Батыр болып, жауыңа найзаң тимесе,

Өзгеден бөтен өз үйің күйсін» -деген ойы бүгін де керек.

Әйтеке бидің мемлекет қайраткерлігін көрсететін тағы бір қасиеті оның дипломаттығы. Ол қазақ хандарының қырғыздармен, қарақалпақтармен, орыс-қазақ, сауда және дипломатиялық, достық қарым-қатынастарды қалыптастыру, дамыту мәселелеріне белсенді қатысты.

Әйтеке би – шешен, қара қылды қақ жарған әділ қазы. Осы қасиеттері үшін халық Әйтекені «айыр тілді Әйтеке» деп атаған. Ел жадында Әйтеке би айтқан билік пен шешендік сөздер, толғаулар көп сақталған. Мысалы, «Біреуге жақсылық жасасаң- жасыр, ал біреу өзіңе жақсылық жасаса — асыр» депті, немесе «Өзгеден өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық жасама»-депті. Сонымен қатар, Әйтеке би туралы ел аузында сақталған аңыз әңгімелер мен жырларда жеткілікті. Соның бірі –авторы белгісіз «Әйтеке би» — деген ұзақ дастан.

Халық жырауы Қазанғап Байболұлы Төле биге арналған дастанында Төле биге Қаз дауысты Қазыбек биге мінездеме береді де, Әйтеке биге келгенде былай:

«Онан да өткен Әйтеке,

Қудан ұшқыр құланнан,

Мұндай шешен болмайды,

Бір сөзін жүз мақалдап,

Сипаттап қалай тіркейді

Түршіктіріп денеңді,

Барған сайын өрлейді,

Қию тауып сөйлейді.

Ерегессе біреумен

Қара жерге теңейді.

Қанша ділмар дегендер,

Ширегіне келмейді» деп термелейді. Әйтеке бидің сұңғыл шешендігін өте жоғары бағалайды.

Әйтеке өсиетінің бірінде: «Түбінде Нұрата төңірегі қалың Алшынға қоныс болып қала алмайды, тарлық етеді. Қай жағынан жау шапса да, етек –жеңін жинап үлгеруге ыңғайлы ата қонысымыз — Сыр бойы» -деген екен. Әйтеке би жерленгеннен кейін ертеңіне –ақ қалың Алшын елі Сыр бойына қарай көшбасын түзепті. Оны Бекқұл басқарған екен.

Бекқұл баба Ор, Қарғалы өзендерінің бойын мекен еткен. Заманында Бұхара, Самарқан, Хорезм аумақтарында қызметімен елеулі, беделді болып аты шыққан тарихи тұлға. Өте білікті мәмлегер, әрі шебер іскер ұйымдастырушы Бекқұл би әртүрлі себептермен және жаугершіліктен босып кеткен, көшіп кеткен- келген елді, кіші жүздік барша халықты тұрақтандырған. Ру басылармен ақсақалдармен кеңесіп, келісіп Жайық бойына, Сыр өңіріне орналастырып, әр рудың жаз жайлауын, қыс қыстауын, мал-жанның су, өрісін белгілеп беріп, қалың елді тыныштандырып тұрмысын түзеп, әдет-ғұрпын сақтап, сырттан жау тигізбей, іштен дау туғызбай, ел бірлігін сақтауға зор еңбек еткен қайраткер.

Бекқұл баба – тек би емес, көріпкелдігі, болашақты болжай алатын, жағдайды оқиғаны сезіп отыратын ерекше қасиеттері де бар, жаратылысы бөлек, көзі тірісінде –ақ барша халықтан әулие атын алған тұлға.

Кеңес үкіметі кезінде Бекқұл бабаның тарихи тұлғасы, аты бүркемеленіп, айтылмады, ұмытыла жаздады. Тәуелсіздік жылдары басында аты, қызметі жаңғырып, ел ортасына оралды. Ақтөбе қаласыннан 30 шақырым жердегі қазір Бекқұл баба деп аталатын ауылдағы Қос Қоңыр- Қыземшек деген тау баурайындағы  қорымда жерленген Бекқұл бидің бейіті басына 2000 жылы бастамашыл азаматтардың қаржы-күшімен, ұйымдастыруымен көрнекті, әсем кесене тұрғызылды. Кейін жақын жерде рәсімдер өткізетін, түнейтін үй-жай салынды.

Бекқұлдың жалғыз қызынан қазақтың атақты батыры, ел-жер қорғаған Есет Көкіұлы туған.

Әйтеке би – ұрпағы жайылған текті жан. Оның Өтебас, Қараменде, Байтемір, Қосыбай, Жалтыр деген ұлдары және үш қызы болған. Ал қазіргі кезеңде бидің ұрпақтары Ақтөбеде, Ырғызда, Қарабұтақта, Алғада, Әйтеке би аудандарында, Қызылордада, Қазалыда, Аралда, Өзбекстанда тұрады.

Әйтеке бидің үлкен баласы Өтебас би әкесі дүниеден өткен соң, ағайындармен бірге Нұратадан ата қонысқа Сыр бойына көшіп келеді.

Заманында Кіші жүздің саяси-қоғамдық, әскери- әлеуметтік күрделі мәселелерімен, хан-сайлауы т.б. белсенді шұғылданған, кең көлемде айналысқан, ел бірлігін сақтаған тарихи тұлға.

Қызылорда  облысының Қазалы Әйтеке би кентінен 60км. жердегі «Қосым Қожа» қорымында жерленген. Бастамашыл азаматтар тобының ұйымдастыруымен ұрпақтары 2022 жылы мамыр айында Өтебас биге арнап жаңа кесене тұрғызып, ас берді.

Бұл мысал- факт Әйтеке бидің қалың алшын жұртының Сыр бойына оралу керек деген өсиетінің орындалғанын және оның көрегендігінің дәлелі болады.

Ұлы жүз бен кіші жүздің шектесіп жатқан тұсында қақтығысып болып, кіші жүздің бір жігіті жазым болыпты.

Әйтеке би құн даулап Төле биге барыпты. Төле би бөлек үй тігіп сый көрсетіп қарсы алыпты. Осы жолы Әйтеке би ұлы жүзге қадірі артқан Назар деген кісінің Ақшолпан есімді қызын жасауымен алып қайтады. Кейін осы Ақшолпаннан әйгілі Өтебас би туыпты. Ақшолпан ақыл-ой, мінез-құлқы, парасатты, бет-келбетті көркем, сымбатты болса керек. Билердің осындай істерін естіп тебіренген Ақшолпанға риза болған Мәмен күйші, Ақшолпанға арнап «Ақшолпан» күйін шығарған екен.

Әйтеке би,Төле би, Қазыбек би қазақтардың бір тұтас мемлекет болуын аңсаған,сол үшін күрескен тұлғалар.

Кеңес үкіметі билігі жылдары Әйтеке бидің аты аталмады, қызметі көрсетілмеді, жабулы болды, ұмыттыра жаздады.

Тек тәуелсіздік алған соң ғана Әйтеке би аты- қызметі жаңғырып, тарихи тұлғасы айтылып, жазыла бастады. Тарихтың ақтаңдағы  ашылып би баба аты, тарихи тұлғасы қайта оралды. Жазушы, қайраткер Әбіш Кекілбаев 1991ж Әйтеке би туралы алғашқы мақала жазды.

1993ж 24-25 маусымда үкімет шешімімен Ақтөбе қаласында Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында «Әйтеке биді еске алу күндері» шаралары  тойы республикалық деңгейде өткізілді.

Әйтеке бидің өмірі мен қызметін насихаттау, атын ардақтау, ескерткіш қою мақсатында бидің тікелей ұрпағы, облысқа белгілі азамат, басшылық қызмет атқарған, аудан басқарған Сәлім Шынтасов 1995 ж Ақтөбе облыстық Әйтеке би атындағы қоғамдық мейірімділік қорын құрды. Мен қордың мүшесі болдым. Кейін қордың төрағасы болып сайландым. Бидің өмірі мен қызметінің жан-жақты, көлемді мәселелерімен шұғылданып , ғылыми-танымдық-насихаттық, мәдени-шаралар ұйымдастырдым.

1997 ж 16 маусымдағы ҚР Президентінің жарлығымен Комсомол, Қарабұтақ аудандары біріктіріліп, Әйтеке би ауданы құрылып аталды.

Әйтеке бидің аруағы қолдап, қоғамдық жұмыста жолымды ашып отырды. Әкімдерге, бастықтарға, директорларға, жеке кәсіпкерлерге, ғалымдарға Әйтеке биге арнап өткізетін шара жайлы қандай ұсыныс, өтініш, мерей той, ас беру, конференция, тарихи-мәдени-әдеби –сазды концерттік шара, айтыс, спорт жарыстары – айтсамда еш қарсылық, қайтару берген емес.

Мыс: Әйтеке биге Ақтөбеде, қала әкімдігі ғимараты алдына биге ескерткіш қою жайлы ұсынысымды облыс әкімі Е.Сағындықов, қала әкімі С.Нокин бір ауыздан қолдады. Биге ескерткіш қою үшін екі рет мемлекеттік комиссияға қатысып, шешім қабылдауға әсер еткен Е.Сағындықовтың басшылығымен жүзеге асырылды.

Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде Әйтеке би туралы халық аз білді. Сондықтан, Әйтеке бидің өмірі мен қызмет – еңбегін насихаттау, көпшілікке білгізу үшін би бабаның 360-365-370-375 жылдық мерейтойлары көлемінде көпшілікті қамтыған жан-жақты, көлемді тарихи танымдық, мәдени-насихаттық, әдеби-сазды шаралар жүзеге асырылды.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әйтеке би оқулары» ұйымдастырылды, оған ғалым- баяндамашылар тартылды. Оқулар мектептерде, колледждерде ,кітапханаларда, музейлерде өтті.

Актөбеде, Шалқарда, Әйтекебиде, Қандыағашта, Ақкемерде, Қ.Жұбанов, М.Оспанов атындағы университетте, Достық үйінде, С.Баешов атындағы облыстық кітапханада «Әйтеке би –мемлекет қайраткері, ұлы би, сұңғыла шешен» т.б  ғылыми-тарихи-танымдық конференция өтті.

Мәдениет үйлерінде ақындар айтысы, «Үш кемеңгер» атты театрландырылған көрініс, «Дана бабам –Дара тұлғам- Әйтеке би» атты тақырыптық мәдени –сазды, әдеби шаралар өтті.

Мектеп оқушылары эссе жазды. «Әйтеке бидің ақ жолы» атты деректі фильм (40мин) тұсаукесері жасалды. Тарихи деректі фото-слайд құрастырылып, шараларда көрсетілді. Еркін күрестен, валейболдан республикалық, қалааралық жарыстар өткізілді. Жазушы Мұқадес Исламғалиұлы «Әйтеке би» тарихи-философиялық дилогия (2007ж) жазды. Газеттерде мақалалар жарияланып, телехабарлар берілді.

Астанада, Алматыда, Ақтөбеде, облыс, аудан орталығында, қала, елді мекендерде би баба атына көшелер, темір жол станциясы аталды.

Ақтөбеде -2008ж, Қарабұтақта-2013ж, Хромтауда-2023ж ескерткіштер орнатылды.

Ақтөбе қалалық әкімдігінің алаңына орнатылған Әйтеке би ескерткіші

Москвада акад.Герасимов атындағы ғылыми-реконструкциялық лабораторияда би бабаның антропологиялық бет-бейнесі жасалды.

Мәскеу қаласында Герасимов лабораториясында жасалған
Әйтеке бидің бюсті. Әйтеке бидің ұрпағы С.Шынтасовтар әулетінің музейге тартуы7

2009ж  жазда Өзбекстанда Навой облысы, Нұрата ауданында Әйтеке би мавзолей-кешені ашылды. Оның құрылысын салуды ұйымдастырған, бастамашы Өзбекстандағы ҚР елшісі З.Тұрысбеков болды. Мавзолей-кешен Атымтай-Жомарт жеті қазақ жігіттердің қаржысына салынды. Олардың бірі жерлесіміз ақтөбелік Арынғазы Беркінбаев болды.

Кешен құрамына мавзолей, мешіт, айван-асхана, қонақ үй, хауыз-фонтан кіреді. Мавзолей ұзындығы 11м, ені 9м үлкен ғимарат. Оны Өзбекстанның жоғарғы дәрежедегі шеберлері өте жоғары сапалы жаңғақ ағаштарын пайдаланып өрнектеген.

Мавзолей –кешеннің ашылу салтанатына  Ақтөбеден алты адам ресми делегация сый- құрмет- сыяпатымызды апарып қатыстық. Салтанатты шарада Әбіш Кекілбаев баяндама жасады. Өзбекстанның мәдениет саласының басшы қызметкерлері, Нұрата Кинемек,Үш құдық,Тамды аймағын қоныстанған қазақтар қатынасты.

Біз осы сапар барысында Ташкентте Төлеби, Самарқанда Жалаңтөс, Әмір Темір музей мавзолей –бейіттеріне соғып, рухтарына арнайы құран оқып, тағзым еттік. Олар салдырған керемет әсем, өрнекті зәулім мавзолей, медресе сарайлар ғимараттарын, мәдениет- сәулет ескерткіштерін көріп, тамашаладық.

Әйтеке би атындағы Ақтөбе облыстық қоғамдық мейірімділік қоры бидің 350жылдығына 1995ж құрылып, «Тәуелсіз Қазақстанның» 30 жылы кезеңінде өзінің алдына қойған жоспарын –мақсатын би бабаны таныту, насихаттау, ұлықтауды орындады. Ескерткіш орнатылды. Ол қоғамдық- белсенді азаматтық позиция негізінде бірінші кезеңде атқарылды.

Ендігі, алдағы уақыттағы жұмыс- ол «Әділетті Қазақстан» екінші кезеңде атқарылатын жұмыстар. Оның өз мақсаты, жұмыс жасау рет- әдіс, тақырыптары бар. Уақыт талабы бұл.

Әйтекебитану, қоғамдық, бастамашылдықпен, азаматтық белсенді позиция негізінде атқарыла, жалғаса берер.

Әйтседе «Әділетті Қазақстан» кезеңінде айыр тілді, қара қылды қақ жарған би мемлекет қайраткері Әйтеке би Байбекұлының тарихи орны, тұлғасы еңбегіне арналған жүйелі жұмыс үкіметтік ресми мекеме негізінде атқарылған жөн. Сондықтан, бір облыстық басқарма, небір жоғарғы оқу орны базасында «Әйтекебитану» ғылыми-зерттеу, насихаттау, тәжірибелік орталық құрылып, ол би бабаның ел басқару, философиялық, құқықтық, адамгершілік, шешендік мұрасын зерттеп, насихаттап, өмір тәжірибесіне енгізіп жан-жақты ғылыми жүйелі жұмыс жасаса дұрыс болар еді.

Биыл Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығы қалай аталып өтеді? Және алдағы 400 жылдығының 20 жылында қандай көлемді жүйелі мерейтойлық жұмыстар атқарылады. Бұл жұмыс –екінші –«Әділетті Қазақстан» кезеңінің еншісінде.

                                                 Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы,

                                                        ҚР мәдениет қайраткері,

                                          Ақтөбе облысының Құрметті азаматы,

                                          Құрметті профессор, әйтекебитанушы.