ШҰБАРҚҰДЫҚ — ОРТАҚ ҮЙІМІЗ

0
57

ШҰБАРҚҰДЫҚ КЕНТІНДЕ БОЛҒАН СУ ТАСҚЫНЫ САЛДАРЫНАН АУЫЛІШІЛІК БІРНЕШЕ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛДАРЫ ЗАҚЫМДАНҒАН БОЛАТЫН. ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ АҚЫЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСШЫЛАР ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛДАРЫН ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРУДЕ. МӘСЕЛЕН, Ж. КЕРЕЕВ КӨШЕСІНІҢ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫ ТОЛЫҚ ҚАЛЫПЫНА КЕЛТІРІЛДІ. ӨЗГЕ ДЕ КӨШЕЛЕР БОЙЫНША ЖОЛДАРДЫ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА.

Бұл ретте, әр жылы көктем мезгілі басталысымен-ақ ақылы қоғамдық жұмысшылар ауылішілік көшелер мен көпқабатты үйлердің аулаларында, саябақтар мен орталық алаңдарда, ауыл сыртында тазалық жұмыстарын жүргізетінін айта кетуіміз керек. Биыл да осы жұмыс қолға алынуда.
— Тұрғындар арасында кент тазалығына аяқ асты қарайтындар өте көп. Кентіміздің аумағы мен төңірегін таза ұстап, көркейту өз қолымызда. Шұбарқұдық кенті — ортақ үйіміз. Сондықтан оның тазалығына тек мекеме қызметкерлері ғана емес, барлық тұрғындар өздері тұратын көшелерінің, аулаларының айналысының тазалығына бей-жай қарамай, қоқыс қалдықтарын кез келген жерге тастамай, ауыл тазалығына атсалысуы қажет. Ауылдың келбетін келтіретін тазалық – әрбіріміздің өз ауламыздан басталатынын естен шығармауға тиіспіз. Мәдениеттілік – ең бірінші кезекте тазалықтан басталады. Қазіргі таңда ауыл шетінен малдың өлекселері де жиі ұшырасып жүр. Мал ұстайтын тұрғындар арасында ҚР “Ветеринария туралы” Заңының 25-бап, 6-тармақшасындағы: «Жануарлар қырылған кезде, бірнеше жануар бір мезгілде ауырған немесе олар әдеттен тыс мінез көрсеткен жағдайларда тиісті мекемелерге хабарлауға және ауруға күдік келтірілген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейін жануарларды оқшаулап ұстау жөніндегі шаралар қолдануға міндетті” деп көрсетілген жолдарды елемеулерінің салдарынан, үй жануарларының өлекселерін мал қорымдарына жеткізілмей, елді мекеннің шет жақтарында, қоқыс орындарында тастай салу деректері орын алуда. Бұндай жағдайларда мал иелері ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті аурулардан өлуі мүмкіндігін және әрі қарай жабайы аң-құстар арқылы жұқпалы аурулардың таралу қауіптілігін ескере бермейді. Сонымен қатар, түсіктер мен шуларды, жануарлардың нәжісі мен несеп сұйықтықтарын қоқыс полигондарына тасымалдау арқылы қоршаған ортаға үлкен зиян келтіруде. Ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру базасында табылған жануарлардың өлекселеріндегі құлақ сырғаларының нөмірлері теріліп, өлген малдар иелері анықталған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабының 9-тармағыдағы 2-тармақшасына сәйкес әкімшілік жаза қолданылады. Мәдениеттілік тазалықтан басталатынын ескере отырып, кент тұрғындарын қоғамдық орындарды, ауылымыздың аумағы мен төңірегін ластамауға және қоқыс тастамауға шақырамын, — дейді Шұбарқұдық ауылдық округнің әкімі Сауытов Бағдат Наурызұлы.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.