АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА СУҒА ТҮСУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН 200-ДЕН АСТАМ ОРЫН АНЫҚТАЛДЫ

0
41

Биыл ауа райының салқындығына байланысты облыста шомылу маусымы әдеттегіден кеш басталады. Қазір облыстың төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында суға түсу маусымын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Онда суға шомылу кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған шаралар кешені қарастырылған. Департамент мамандары облыс аумағындағы су айдындарында рейдтік шаралар жүргізуде. Алайда, су түбін тексеру жұмыстары әлі басталған жоқ.
«Себебі, көктемгі су тасқыны салдарынан көтерілген су деңгейі әлі қайтпаған. Төтенше жағдай мамандары қазір құтқарушыларды оқыту, қайықтарды, құтқару құралдарын сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Атап өтейін, облыс аумағында 200-ден астам суға түсуге тыйым салынған жерлер анықталып, ол жерлерге 300-ге жуық тыйым салу белгілері орнатылды. Сондай-ақ, биыл жазғы кезеңде қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін облыстың су айдындарында 300-ден астам адам қызмет ететін болады. Олардың қатарында, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, тәртіп сақшылары, еріктілер болады» — деп атап өтті Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсынов.
Өткен жылы облыс аумағында 11 адам суға кетіп көз жұмды. Оның 9-ы — бала. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тыйым салынған жерлерде суға түспеуді, балаларға аса сақ болуды және мас күйде шомылмауды ескертеді