ӘКІМ АЛТЫҚАРАСУДЫ АРАЛАДЫ
ЖУЫҚТА АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ, АЛТЫҚАРАСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРЫП, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Р. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ А. ҚҰЛМҰХАНОВ, АЛТЫҚАРАСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ Ә. БОРАНҚҰЛОВПЕН БІРГЕ, ЖАҢАДАН САЛЫНЫП ЖАТҚАН АУЫЛДЫҚ АМБУЛАТОРИЯНЫҢ, «ШҰБАРҚҰДЫҚ-ОЙЫЛ» ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНА АСФАЛЬТ ЖАМЫЛҒЫСЫН ТӨСЕУ, АУЫЗ СУ ЖЕЛІЛЕРІН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ, АУЫЛҒА КІРЕБЕРІС АУДАНДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫНЫҢ СУ ӨТКІЗУ ҚҰБЫРЫНА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ, С. АМАНҒОСОВ КӨШЕСІ БОЙЫНДА АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫ ҚҰРЫЛЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫН ЖӘНЕ ОСЫ ТАС ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА ОРНАЛАСҚАН «ЗАПКАЗПРОМСТОРОЙ» ЖШС-ның ШАҒЫН АСФАЛЬТ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ҚАРАДЫ.
Алтықарасуда жаңадан салынып жатқан амбулатория бір уақытта 40 науқасты қарауға негізделген. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасы бекітілетін блоктар салынуда. Тапсырыс беруші – Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасы. Аудан әкімі округ әкімі Ә.Боранқұловқа денсаулық сақтау мекемесі ғимаратының сапалы жүргізілуіне жергілікті деңгейде тиісті қолдау мен бақылауды іске асыруды тапсырды.
Бұдан кейін С.Аманбаев, «Шұбарқұдық-Ойыл» облыстық маңызы бар автомобиль жолына асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарымен танысты. Бүгінде бұл аумақта су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда тас жолдың асфальт жамылғысын төсеу және су өткізу құбырларын қайта орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұған тапсырыс беруші — Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Аудан басшысы С. Аманбаев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Құлмұхановқа, көктемгі су тасқыны кезінде аталған аумақта қауіп келуін ескере отырып, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын бақылауға алуды және жол белгілерін орнатуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Осы тұста аудан әкімі, «Шұбарқұдық-Ойыл» тас жолының бойында орналасқан «ЗапКазПромСторой» ЖШС-ның шағын асфальт зауытының жұмыс барысын қарады. Қазіргі уақытта аталған зауыт Құмқұдық ауылына кіреберіс жолын, Шұбарқұдық кенті мен Алтарасу ауылының көшелерін асфальт қоспасымен қамтамасыз етіп тұр. Аудан әкімі «ЗапКазПромСторой» ЖШС зауыт өкілдеріне құрылыс материалдарын өзге өңірлерден тасымалдамай, жергілікті жерде өндірудің маңыздылығын атап өтіп, асфальттың сапалы өндірілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Ал, Алтықарасу ауылының ауыз су желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қарау барысында Ә. Боранқұлов пен А. Құлмұханов, аудан әкімі С. Аманбаевқа, ауыз су желілерін қайта жаңғырту жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жобалық — сметалық құжаттама сараптамадан өтіп жатқанын, сапараптама қорытындысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына бюджеттік өтінім берілетінін, бас жобалаушы – «Ақтам-Инжиниринг» ЖШС екенін жеткізді. Аралау барысында С. Аманбаев, А. Құлмұхановқа су құбыры желілері мен блокты-модульдік станциялардың қондырғыларын салу жобаларын іске асыруды, ауылдағы тұрғындардың таза ауыз суға қажеттіліктерін үздіксіз қанағаттандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі С. Аманбаев, Алтықарасу ауылдық округіне іс сапарының соңында, ауылға кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолының су өткізу құбырына күрделі жөндеу және С. Аманғосов көшесі бойында автомобиль жолын салу жұмыстарымен де танысты. Су өткізу құбырына күрделі жөндеу жобасының бас мердігері – «МКК Элит Строй Групп» ЖШС.
Мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстары осыдан бір ай бұрын басталып, жөндеу жұмыстарын күзге дейінгі мерзімде аяқтау жоспарланған болса да, аталған мердігер компания құрылысқа әлі кіріспеген. Аралау барысында нысанда құрылыс материалдары да, құрылысшылар да жоқ екендігі анықталды. Осыған байланысты аудан әкімі С. Аманбаев, А. Құлмұхановқа жауапты мердігер компанияға қатысты Заң аясында барлық жауапты шараларды қолдануды тапсырды.
Ал, С. Аманғосов көшесі бойында автомобиль жолын салу жұмыстарымен танысу кезінде де, ұзындығы 6 шақырымды құрайтын асфальттау жобасының бас мердігері – «МКК Элит Строй Групп» ЖШС екені анықталды. Қазіргі кезде мұнда автомобиль жолын салу бойынша жол құрылыс материалдары тасылуда екен. Аудан әкімі С. Аманбаев, аралау барысында А. Құлмұхановқа, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң түрде бақылауға алуды және жол белгілерін орнатуды қамтамасыз етуді, сонымен қатар егер мердігер компания 10 күн ішінде қажетті жұмысшылар мен арнайы техника әкеліп, жұмыс қарқынын күшейтпесе, Заң аясында шара қолданып, материалдарды сотқа жіберуді тапсырды және осы күнгі берілген барлық тапсырмалардың орындалуын бақылау — аудан әкімінің орынбасары Р. Құдайбергеновке жүктеді.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.