Абырой биігінде

0
65

Қазақтың дана әйелдері ер азаматын сыйлап, өзінен бір саты жоғары қойған. Мұнысымен ол төмендеген жоқ, қалың жұртты ақылымен басқарып, Ел анасы атанып, биіктей түсті. Тарих беттерінен халқымыздың басына түскен қиын-қыстау кезеңдерде азаматына қолғабыс жасап, жол тапқан текті аналардың көп болғанын білеміз. Ақ жаулығымен, жылы сөзімен дау мен жауды тоқтата алған қазақ аналарының жалғасы бүгінгі күні де сарқылып қалған жоқ. Заман ағымымен тек ұрпақ тәрбиесі мен тұрмысты ғана емес, қоғамдық міндеттемені қатар алып жүретін қазақтың қайсар қыздарының легі келді.

Сондай мені мойындатқан нәзікжандылардың бірі – Дәмелі Қайырқызы. Сегіз ағайындының арасында, қарапайым отбасында тәрбиеленіп, жастайынан алған білімімен еңбекке ерте  араласады. Алғашқы қызмет жолын қаржы саласынан  бастаған Дәмелі апай, саналы ғұмырының 40 жылын осы салаға арнайды. 1986 жылы құқық қорғау саласының қызметкері Темірғали есімді азаматпен тұрмыс құрып, 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіреді. 2000 жолы жолдасы кенеттен өмірден озып, тағдырдың тауқыметін қаймықпай көтеріп шығады. Әке жолын қуып, ұлтына адал қызмет етер ұрпақ тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосады.

Дәмелі Қайырқызының отбасы мүшелері еңбек жолын бүгінгі күнге дейін толығымен мемлекеттік қызметке арнап келеді. Ол балаларын ана сүтімен адалдықты бойына дарытып, терең біліммен бірге, тәрбиеге де аса мән беріп келеді. Себебі, тәрбие ұлт пен мемлекеттің болашағын айқындайды. Тұтас бір отбасының мемлекеттік қызмет саласына — Темір ауданының дамуына қосқан үлесі өлшеусіз.

Әріптестері арасында ауданның үздік есепшісі ретінде танылған тәжірибелі маманның тиянақтылығы мен жауапкершілігін замандастары кейінгі буынға үнемі үлгі етіп отырады. Бүгінде зейнет жасына жетіп, абырой биігінен көрінген Дәмелі апамыздан әлі де үйренеріміз көп.

 

Әсемгүл Бақытқызы.