«Теңге ұлттың – тірегі»
15 қараша – Ұлттық валюта теңге күні мерекесіне орай және Қазақстан Қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толуы қарасаңында Темір аудандық музейінде «Теңге ұлттың – тірегі» көрмесі өтті.
Көрмеге Баймағамбетова Гүлнар Ойлыбайқызы бастаған Темір аудандық қазынашылық басқармасының ұжымы қатысып, музейдегі археология-этнография, саяси-әлеуметтік экономикалық залдарындағы тақырыптық экспозициялармен танысты.
Айта кету керек, Қазақстан Қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толуына орай музейде ҚР Қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы, Темір ауданының тумасы Мыңбаев Рахым Төлегенұлы және Темір аудандық қазынашылық басқармасы туралы арнайы экспозиция жасақталып, жәдігерлермен толықтырылды.
Аудандық қазынашылық басқармасы 1998 жылы 6 қаңтарда құрылды. Басқармада 12 адам қызмет атқарады. 1998-2014 жылдары Темір аудандық қазынашылық басқармасын Зоя Шаменова басқарды. Ал 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін Гүлнар Баймағамбетова басқарады.
Төл валютамыздың алғаш пайда болуы, өзгеруі және түрленуі тарихы:
Ұлттық валютаны теңге деп атауды — Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов ұсынды.
1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті.
1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді.
Теңге Ұлыбританияда басылып шықты.
1993 жылдың 12 қарашасы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.
1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді.
Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот — Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета — Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.
Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.