СЕНАТ – ӨҢІРЛЕРДІҢ ПАЛАТАСЫ: МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ МӘСЛИХАТТАРМЕН БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТЫҢ БАСЫМ МІНДЕТТЕРІН БЕЛГІЛЕП БЕРДІ

0
3

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысының жұртшылығымен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және дарынды жастарымен кездесті. Іс-шараларда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және өңірді дамыту мәселелері, сондай-ақ, Палатаның мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды.

Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуде өңірлерді нәтижелі дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асырудың маңызды екенін айтты. Осыған байланысты ол заңнамалық сала бойынша алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар айқындалды. Мұның бәрі – Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру үшін қолға алынған кешенді бастамалар. Мемлекет басшысы белгілеп берген осы міндеттерді іске асыру жолында сенаторлар мен мәслихат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылы мен бірлескен жұмысын әрі қарай жалғастырудың маңызы зор», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Палата Спикері Ақтөбе облысының жоғары әлеуеті мен экономикалық өсу қарқынына назар аударды. Кездесуге қатысушылар аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелерін де талқылады.
Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі міндеттер мен биыл қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық аясында рухани дипломатияны ілгерілету тетіктері сөз болды.

Өңірдің креативті жастарымен кездесуде білімді жас буынның елді жаңғырту үдерісіндегі рөліне, олардың бойына жасампаз құндылықтар мен өршіл идеяларды сіңірудің және өскелең ұрпақты жүйелі қолдаудың маңызына баса мән берілді. Соның барысында «Ұлттық қор – балаларға», «Болашақ», «Жастар», «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі және басқа да дарынды жастардың әлеуетін арттыруға тың мүмкіндіктер беретін стратегиялық бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы айтылды.

«Қазақстан Әділеттілік үстемдік құратын заманауи әрі қуатты мемлекетке айналуы керек. Бұл мақсатқа жастардың қатысуынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Себебі, даму үшін тың идеялар, жаңа көзқарас пен сарқылмас күш-қайрат керек. Сондықтан жас буынның тұлға болып қалыптасуына жағдай жасап, олардың бойына өзін өзі дамыту, үздіксіз білім алу, талдау жасау, эмоционалдық интеллекті шыңдау сияқты қабілеттерді дарыту қажет. Бұл ретте дұрыс құндылықтарға және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Адал азамат» тұжырымына табан тіреу айрықша мәнге ие», – деген Палата Спикері жастарға Сенаттың заң шығару қызметі мен оның негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Сапар барысында сенаторлар сингапур жүйесі және басқа да озық білім беру бағдарламалары бойынша оқытатын AQBOBEK дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына барып, IT-кабинет, «Comics Room», өнер, әдебиет залдары мен өзге де мамандандырылған алаңдардың жұмысымен танысты. Бұдан басқа, Парламент депутаттары мүгедектігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының және фарфордан жасалған бұйымдар шығаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» зауытының еңбек ұжымдарымен кездесті.