Тарихи тұлға және «Темір» газеті

0
29

Темір өңірі үшін биыл ерекше тарихи белес. Қазақ руханиятының көрнекті өкілі, көркемсөз бен көсемсөздің шебері  — Жиенғали Тілепбергеновтың туғанына 130 жыл толуы мен аудан айнасы атанған «Темір» газетінің 95 жылдық мерейтойы – өткеннің асыл мұрасын жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа тағылым қалдыруға бағытталған елеулі оқиға.

Осы мерейлі дата аясында біз қазақ журналистикасы мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисті, Журналистер академиясының академигі – Серікқали Ердіғалиұлымен арнайы сұхбаттасып, қос мерейтойдың мән-маңызы, Жиенғали мұрасының әдебиеттегі орны мен «Темір» газетінің тарихтағы рөлі туралы әңгімелескен болатынбыз.

— Серікқали аға, алдымен осы айтулы шара — Жиенғали Тілепбергеновтың 130 жылдығы мен аудандық «Темір» газетінің 95 жылдығының маңыздылығы туралы өз ойыңызды бөліссеңіз?

— ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында қазақтың көркемсөз һәм көсемсөз өнерінің жылнамасында өзінің көрнекті қолтаңбасын қалдырған белгілі  қаламгер — Жиенғали Әділұлы Тілепбергеновтің (1895-1933) өмірі мен шығармашылығын жаңа ғасырмен жарыстас өсіп келе жатқан жас ұрпақ жақсы біле  бермеуі мүмкін. «Тарих бәрін ұмытып кетеді» — дегендей,  еліміз бастан кешірген өткен кезеңнің өн бойындағы  әр алуан уақыттың болмысы  өскелең буынның зейін-зердесінде сақталмауы ықтимал. Бірақ, ұмытып кеткеннің бәрін еске салатын да – сол тарих. Осы орайда, жалпы Ақтөбе облысы әкімшілігінің, ең бастысы — Темір аудандық  әкімшілігінің  Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына 130 жыл толуы мен  «Темір» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толуын ұштастыра атап өтуін  өткенге құрмет, бүгінге үлгі, әрі уақыттың заңдылығы мен қажеттілігін ескеруден туған өнегелі іс  деп  атап айтар едім. Ахмет Байтұрсынұлы:  «Тарихтың жолы — жақсыдан жақсыны іздеу»,- деп айтқанындай, Темір  ауданы  азаматтарының бір кісідей жұмылып,  Жиенғалидай ел атағын шығарған туған ұлын құрметтеп, оның есімін аялап, кейінгі ұрпаққа жете таныстыру жолындағы бұл қызметін нақ осы тарихтың мазмұнынан тек жақсыны іздеу  жолындағы игі қадам деп танимын.  Өзім көрген елжанды, ұлтжанды, туған жерінің қадір-қасиетін асқақтатып аялайтын жігіттер мен қыздар бүгінгі басшылық буында отырған кезде тарихи Темір топырағында алда да осындай өнегелі, ұрпаққа сабақ боларлық іс-шаралар жалғаса береді деп сенемін.

Сіздіңше, мұндай мерейтойлар жас журналистерге, жалпы қоғамға қандай рухани әсер береді?

Сұрағың өте орынды. Жалпы мұндай іс-шараны «әлдебір кезекті шаруа еді»- деп қабылдамау керек. Өзің сұрап отырғандай, мұның кейінгі жастарға, жалпы қоғамға рухани әсері басты назарда болуы керек. Темір өңірінде көрсетіп мақтана алатын, мақтанып көрсете алатын тарих та, тұлғалар да бар. Ғасырлар топырағы жасырған  белгісіз мұраның бетін ашып,  оны бүгінгі ұрпақтың зердесіне жеткізіп,  уақыттың өзара  байланысын осындай нақты іс-шаралармен дәйектеп отырған жөн.

Аудандық музейде үлкен шежіре қатталған екен, бұл жастарды жиі шақырып, әртүрлі тақырыптық кештер, кездесулер өткізіп тұруға мүмкіндік береді. Жұмыстың осындай пәрменді түрлерін көбірек  іске қосу керек. Музей – ескі мұраның ғана емес, сонымен бірге, қазіргі  заманның жаңа адамын тәрбиелеп, қалыптастырудың да орталығы болуға тиіс.

Талапқа сай салынған, жұмыс істеп тұрған әдемі кітапхана оқырманды өзіне тарта түседі екен.  Жалпы қазір адамды кітап оқуға тарту ісі бірінші кезекте тұрғаны  жөн. Әлеуметтік желімен жүйелі тәрбие беріледі дегенге өз басым көп сене қоймаймын.  «Адамды адам еткен – кітап» деп кемеңгер Әбіш Кекілбайұлы тегін айтпаған.  Сондықтан жастарға кітап оқытудың жолдарын іздестірген дұрыс болады деп олаймын.

Мысалы, маған мектеп оқушыларының  осы тойға орай  кітапханада өткізген  іс-шарасы ұнады. Оқушылардың Жиенғали Тілепбергеновті  жақсы білетіні, шығармаларын оқығаны білініп тұрды. Шағын сахналық көріністің өзін көз жеткізе, тартымды етіп орындады. Демек,  осы арқылы жас буын бойында әдебиетке, сөз өнеріне деген ықылас оянғаны сөзсіз.

— Бұл шараның ұйымдастырылу деңгейі мен мазмұны туралы не айтасыз?

— «Темір үні: тұлға және тағылым» атты тарихи-танымдық конференцияның, жалпы осы іс-шараның ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды деп  есептеймін. Бүкіл жұмыс бір тақырыппен жалғасып, жүйелі ұйымдастырылған; артық ештеңе жоқ. Бәрі де байырғы Темірдің замана қойнауынан жеткен үнін естіртуге, жылдар кезеңінің ескерткіштерін еске салуға, тарихтың  тағылымын  танытуға  бағытталған.   Ал Темірдің түлегі Жиенғали Тілепбергенов есімі, ол бастауында тұратын «Темір» газетінің шежіресі  бір мақсатқа —  елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға жұмылдырылғанына куә болдық.

Жиенғали Тілепбергеновтың қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы орны туралы не айтар едіңіз?

— Жиенғали – жасап болмай, жас кеткен адам.  Сол аз ғұмырында артына айта жүретін  атын, ардақтап оқитын  затын (шығармаларын) қалдырды. Тарихи-танымдық конференциядағы баяндамамда  «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»)  газетінің  1933 жылғы 28 сәуірде «Тілепбергенұлы жолдас қайтыс болды»  деп хабарландыру бергенін,  газет   басқармасында Тілепбергенұлы Жиенғалиды еске алу кеші өткізілетіні  туралы хабарланғанын айтып өттім.  Газеттегі  «Жолдас Жиенғали жаңа әдебиетіміздің жақсы қаламының бірі еді. Жиенғалидың өлімі бізге ауыр жоғалту болды» деген сөздер қаламгердің ұлттық әдебиет пен журналистикадағы  орны мен қолтаңбасын  біршама бейнелей алса керек.

Осыған жалғас  «Тілепбергенұлы Жиенғалидың өмір тарихы» деген мақала жарияланды. Атап өткенімдей, «Жиенғали Темір ауданы  кәзіргі 19-ауылдағы Әділ деген кедейдің баласы. 1895 жылы туған, 7 жасынан 16-ға дейін  елдегі дін мектебінде  оқиды. 1913 жылы Орынбордағы  татар мектебінде, онан соң «медресе Құсайнияға» кіріп оқиды. Бұл мектептердің беретін біліміне қанағаттанбай, Уфа қаласындағы «Медресе Ғалияға» да кіріп оқып, 1918 жылы бітіріп, орта дәрежелі  оқытушылық атақ алады…» деп басталатын мақала бұрын-соңды әдеби-ғылыми айналымға түскен жоқ, газеттің латын қарпімен басылған сарғайған парақтарында жатыр. Бірінші рет осы конференцияда жария етілді. Мұнда Жиенғалидің өмір тарихы  нақты көрсетілген.

Жиенғали  Тілепбергенов жалпы ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып жүрген жазушы. Қаламгерлікке  жас күнінен талпынды. Шығармалары Уфа медресесіндегі қолжазба «Садақ» журналынан бастап, ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Алаш», «Абай» сияқты басылымдарда, 20-жылдардағы «Кедей», «Сыр бойы», «Бостандық туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Ауыл» газеттерінде, «Әйел теңдігі», «Жаңа әдебиет», «Қызыл Қазақстан», «Жаршы», «Балға» журналдарында жарияланып тұрды.

Бірақ өмірден ертерек өткен Жиенғалидың әдебиет тарихындағы орны, шығармашылық мұрасы ХХ ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніне дейін елеусіз жатты. Жиенғалиді жұртшылыққа алғаш рет 1955 жылы сол кездегі жас зерттеуші Тұрсынбек Кәкішев «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған мақаласы арқылы таныстырды.

Бұл жазушының  туғанына 60 жыл толуына орай жазылған мақала еді.  «…Біздің әдебиет тарихын зерттеушілеріміз белгілі бір кезеңде әдебиетпен айналысқан қабілетті адамдардың өмірбаянын анықтау мәселесіне келгенде жеткілікті мән бермейді де, күдіктене де, қорқа соға да береді»,-дейді Тұрсынбек Кәкішев. Мысалы, Жиенғали Тілепбергенов жөнінде орынсыз күдіктер болды. Ол өзі 20-30-жылдарда әдебиетке араласқан болса, қалайша жікшілдіктен, тіпті қала берді ұлтшылдықтан аман болды дей аласың, одан да жабулы қазан жабулы күйінде қала берсін деген сияқты теріс, шалағай пікірлер айтылып жүрді. Осындай зиянды пікірдің салдарынан оның творчествосы осы уақытқа дейін зерттелінбей келеді».

Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығының ұлттық әдебиет пен баспасөзде өз орны бар екендігіне ешкімнің таласы болмаса керек. Бұрынырақта оның сөз мұрасын мұқияттауға мезірет білдірген нақты зерттеушінің жоқтығы ғана еңбектерін жұртшылық назарынан көп уақыт шет ұстады. Осы орайда айрықша жанашырлық танытқан көрнекті ғалым, білікті ұстаз Тұрсынбек Кәкішевтің Жиенғали есімін жаңғырту жолындағы қажырлы қайратын қанағатпен атағанымыз абзал. Жиенғали Тілепбергеновтің есімі мен шығармаларының халқына қайтып оралуына шын мәнінде осынау алаштың асыл азаматы тікелей себепші болды.

Көзі тірісінде Жиенғалидің үш кітабы жарық көрген. Олар – арап қарпімен шыққан «Перизат пен Рамазан», «Тілші» пьесалары және «Таңбалылар» хикаяты.  Бұларға қоса, латын қарпімен шыққан «Он тиын», «Жағрапиялық ірі жиһангездік  және жаңа дүние табу қалай болған»  деген орыс тілінен аударған  кітапшалары бар.

Қазақ тілімен қатар, орыс, татар, башқұрт тілдерін де жақсы білген Жиенғалидің аударушылық қызметі,  өзі тірі болғанда, бұдан әрі өрістеп, жаңа  туындылармен толысып, шығармашылығының жемісті  саласы бола түсетін еді.

Жиенғалидан қалған елеулі мұраның мысқалдай бір бөлігі Тұрсынбек Кәкішевтің құрастыруымен 1969 жылы алғаш рет «Ізбасар» деген атпен жарық көрді.  Нақ осы жинақ ұзақ уақыт бойы Жиенғали шығармашылығына байланысты сөздің дәйегі ретінде пайдаланылып келді. Жиенғали шығармаларының  1995 жылдан кейін ғана қайта жариялана бастағаны көпшілікке белгілі.

Темірлік болашақ жас зерттеушілер үшін ұстазым Тұрсынбек Кәкішев бастаған ізденіс жолын жалғастырып, жиенғалитанушы мәртебесіне ие болған өз шығармашылығымның кейбір мысалын айта өтейін (Күндердің күнінде «Жиенғалитанушылар» деген  тақырыптың туындауы мүмкін ғой деген ой да жоқ емес).

Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында «Ақтөбе» газетінде «Ақтөбе жағының қазағы»  деген мақала (1995) жариялап, көпшілік назарын осы мәселеге аударуға тура келді.  Темір қаласындағы жазушы зиратына зиярат етіп, Ақтөбе, Темір жеріндегі Жиенғалидың 100 жылдығын атап өту іс-шараларына қатысып, баяндама жасадым.

Бұдан кейін «Жас Алаш» газетінде «Ертерек өткен ерек жан» деген мақалам  (1996) жарияланды. Жиенғали туралы орыс тілінде жазылған  «Наследие, не предаваемое забвению» деген мақаламыз  «Горизонт» газетінде жарық көрді (1996). 1997 жылы Жиенғалидың көркем-публицистикалық ғұмырнамасына арналған алғашқы зерттеуім «Елін сүйген ерек жан» деген атпен жеке кітап болып шықты.

2000 жылы «Астана ақшамы» газетінде «Жазушы Жиенғали Тілепбергенов және оның рухани мұрасы» деп аталатын көлемді мақалам жарық көрді. 2002 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан Ж. Тілепбергеновтің бірнеше шығармасын алғысөзі мен түсініктемелерін жазып, «Перизат-Рамазан» деген атпен жеке жинақ етіп құрастырып шығардым.

2006 жылы біз жазған «Жиенғали Тілепбергенов» деп аталатын  очерк  10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы»  академиялық басылымының 6-томында жарияланды. 2008 жылы Жиенғали туралы жазылған «Ғайып жігер» деген жаңа зерттеуіміз «Сәт сағат» атты кітабымызға енді.

2014 жылы «Ақтөбе» газетінің 90 жылдығына байланысты шыққан «Ақтөбе»-90» деген кітапқа Жиенғали жайындағы «Төселіп жазу кезеңі» деген мақаламыз енді (Осы мақаланы «Ақтөбе» газеті  басылымның 100 жылдығы қарсаңында өз бастамасымен қайта жариялады).

2017 жылы «Ақтөбе» газетінде  «Жиенғали жазған Жұмағазы» деген кезекті мақаламыз шықты. Мұнда жазушының белгісіз мақаласы жайында сөз болды. Сол жылы Мәскеудің «Әлем халықтары тілдері» баспасы біздің «Жігер» деген монографиялық еңбегімізді басып шығарды.  Жиенғали Тілепбергеновтің көркем-публицистикалық мұрасы зерттеліп, зерделенген осы монографиялық еңбек  туралы республикалық «Қазақ әдебиеті», облыстық «Ақтөбе» газеттерінде  арнайы рецензия  берілді.  Осы жарияланымдарда Жиенғалидың қазақ әдебиеті мен ұлттық журналистикадағы орны жан-жақты зерделеніп, талданып,  көрсетілген.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында ғұмыр кешіп, шығармашылық қызметін жүзеге асырған Жиенғали Тілепбергенов сияқты жазушылардың бәріне ортақ бір өлшем бар. Ол – өмір сүрген кеңестік қоғамның талабы мен сол қоғамнан тысқары тұра алмайтын қалам тынысы. Компартияның басқаша ойлауға жібермейтін шектеулі шеңбері  аясында жаратылған шығармалардың, осы орайдағы авторлық ұстаным, идеялық тұжырымдардың бүгінгі бостан оймен сабақтаса алмайтын сәттері де жоқ емес. Ал әдебиеттің даму тарихымен байланысты байыптасақ, кеңестік заманда жазылып, жарық көрген шығармалардан мүлде бас тартуымызға болмайды. Бұл ұлттық әдебиеттің белгілі бір кезеңдегі шығармашылық жемістері; идеялық-тақырыптық өзгешелігіне қарамастан, қазақ қаламгерлерінің қолынан шыққан, кезінде өз оқырманын тапқан, қоғамның саяси-әлеуметтік өмірінде нақты орны болған туындылар. Жазушы Жиенғали Тілепбергенов мұраларына да осындай оймен қараймыз; осындай ұстаныммен  бағалауға тырысамыз.

«Темір» аудандық газетінің 95 жылдық тарихы — үлкен жол. Осы басылымның өңір журналистикасындағы рөліне тоқталып өтсеңіз?

— Мен өз еңбектерімде Жиенғалидың журналистік жолын нақты деректермен баяндадым, белгісіз туындыларын жарыққа шығарып, талдап, жұртшылыққа таныттым.   Жазушының  шығармашылық өмірі Темір аудандық газетімен де байланысты болғандықтан, «Темір» газетінің тарихын да қоса зерделеуге тура келді.

Алайда жиырмасыншы жылдардан басталып, 1930 жылға дейін созылған  үш сатылы (губерния-уезд-болыс) аумақтық бөлініс, бұдан кейінгі  қос сатылы (округ-аудан) басқару үлгісі,  1932 жылдан басталатын облыс-аудан нысанындағы қайта құрылу үдерісі, басқа да аумақтық өзгерістер  өңірлік ұлттық баспасөздің, соның ішінде «Темір» газетінің   тарихына  да белгілі бір дәрежеде әсер етпей қалмағанын айтқан жөн.

Жиенғали  1932 жылы Алматыдан туған жері – Темір қаласына оралып, аудандық «Социалды майдан» газетіне тілші болып орналасқанда, газет редакторы Хамит Құрмашев еді. Көп ұзамай Жиенғалидің өзі  жауапты редактор болып тағайындалады.

Жиенғали   басқарған «Социалды майданды» Темір аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінің ғана газеті деп біржақты түсінуге болмайды. Мұның мынадай себептері бар:  Ақтөбе губерниясы 1928 жылы дербес округке айналғаны мәлім. Ал 1930 жылы округ ажырап, ауданға бөлінді.

Осыған орай 1930 жылы «Кедей» газетінің басқармасы: «Округты жоғалту ісімен байланысты «Кедей» газеті екіге бөлініп, Темір, Шалқар аудандарына баратын болды. Сондықтан «Кедей» газеті 20-августан бастап Ақтөбеде шығуын тоқтатады. Ендігі хат, хабарлар «Кедей» газетіне тапсырылсын» деп, Темірдің аудандық  партия комитетіне жіберілсін.

Темір ауданы мен Шалқарда  екі жерде газет болады. Шалқарда шығатын газет Шалқар, Ырғыз аудандарын қарайды. Қалған аудандарды Темірде  шығатын газет қарайды. Бұрынғы жазылушыларға сүректері (срок -С.Б.)  біткенше газет жіберіліп тұрады. «Газет тарап жатыр» деп,  агент, тілшілеріміз  газетке жазылушылар, оқушылар  жинау жұмысын тоқтатпауы керек. Бұл жөнде  қосымша  тағы да хабарландырамыз» деп жазды.

Таратылған «Кедей» газетін бастапқыда Темір және Шалқар қалаларында шығару туралы ұйғарым болса керек. Өйткені  бұл жайында басқа да  дереккөзі мәлімдейді. Бірақ іс жүзінде «Кедейдің» ізіндегі газеттер Ырғызда және Темірде шықты (Ал  Шалқардың аудандық газеті 1932 жылғы 20 тамызда  «Социализм туы» болып жарық көрді).

Темірде шығару жоспарланған газет «Кедейдің» шын мәніндегі жалғасы болды. Ақтөбеде шығарылған 89-нөмірінен кейін  «Кедейдің» келесі 90-нөмірі 1930 жылғы 1 қазанда  Темір аудандық партия комитетінің, аудандық атқару комитетінің  және кәсіподақ бюросының органы болып, «Кедей» атымен Темір  қаласында Рахмет Оразғазиннің редакторлығымен шықты,  газет таралымы 6500 дана деп көрсетілді. Осы нөмірінде  газет өзі туралы «бес күндікте екі  шығады,  7 июнь 1924 ж. шыға бастады» деп жазды. Газет мәтіні аралас, араб-латын  қаріптерімен басылды. Темірдегі алғашқы нөмір «Астық мәселесі – сатсиалдық құрылыс мәселесі»  деген маңдайшамен жарық көрді.

1902 жылы туған Рахмет Оразғазин  (кейбір жарияланымда «Рахметқали», «Рахметәлі» деп, тегі «Оразғалин» деп жазылып жүр, бірақ ол өз қолтаңбасы қалған өмірбаянында есімін «Рахмет» деп көрсеткен. – С.Б.) – Ақтөбенің Әлімбет болысының 10-ауылының тумасы. Еңбек жолын губерниялық соттың хатшысы болып бастаған. Бұдан кейінгі қызметін 1925-1927 жылдары «Кедей» газетінде  редакцияның хатшысы әрі іс жүргізушісі болып жалғастырды. 1927-1928 жылда  Ақтөбе уезінің  Әлімбет болыстық  атқару комитетінің  хатшысы болады. Екі жыл мұғалім болып қызмет етеді. Сол замандағы сауалнаманың бірінде ол мамандығын «хат шаруашылығы» (письмоводство) деп көрсетіпті. Ауыл мектебін, оқытушылар курсын және Қазақ халық ағарту институтының (ҚХАИ-КИНО)  ІІІ негізгі бөлімін бітірген. Өмір жолы 30-жылдардың басында «Кедей»-мен қайта табыстырған тәрізді.

Темір жерінде «Кедейдің» екінші өмірін жалғастырған Рахмет  газет жұмысына 1925 жылдың шамасында қатыса бастаған.  Сол кезде «Жайлыбай» оқшаушасымен көзге түсуі – жас газетшінің Жиенғали Тілепбергеновтің журналистік үлгі-өнегесін көргенін сездіреді. Ал «Баспасөз» деген көлемді мақаласында  қаламы қалыптасып қалғанын аңғартады. 1929-1930 жылдары ішінара Ақтөбенің губерниялық «Кедей» газетінің жекелеген нөміріне уақытша редактор ретінде қол қойған,  Темір аудандық «Социалды майдан» газетінің тұңғыш редакторы  Рахмет Оразғазиннің бұдан кейінгі журналистік һәм жалпы өмір деректері белгісіз (Болашақ зерттеушілердің осы бағыттағы ізденгені орынды болар еді).

Хамит Құрмашев —  Рахмет Оразғазиннен кейінгі екінші  редактор. Хамиттен кейінгі редактор — Жиенғали. Жиенғали дүниеден өткен соң,  газет редакторы Опа Алпанов болды. 1936 жылы газетті қостанайлық Сыздық Омарханов басқарды. Ол 1937 жылы  «халық жауы» болып жазаланған, облыс бойынша  қуғын-сүргінге ұшыраған  алты редактордың біреуі.  Сыздықтың өмір жолы да толық зерттелмеген.   Одан кейін Хасен Әлекенов газет редакторы болды. Хасен соғысқа шақырылғаннан  кейін газет редакциясын  Қарағұл Латыпов  басқарды.

Бір кезде «Кедейден» көркейген «Социалистік майдан» бірнеше әкімшілік-аумақтық реформаны бастан өткеріп, қазір  аудандық «Темір» газеті болып баспасөз  шежіресін жалғастыруда.  «Темір» газетінің  төл  тарихын 1930 жылғы 1 қазаннан,  яғни «Кедейдің» 90-нөмірі шыққан күннен бастауы  ұрпақ  сабақтастығына адалдық  болып табылады.

«Социалды майдан» шыққан кезде Ақтөбе жерінде қазақ тілінде басқа аудандық газет болған жоқ. Ырғыздағы газет енді қалыптасып жатты және ол Ырғыз, Шалқар аудандарына ғана тарады. Ал қазіргі облыстың басқа  аумағына Темірде шығатын «Социалды майдан» тарап, былайынша айтқанда, облыстық газеттің дәрежесінде болды. Сондықтан да конференциядағы баяндамамда бүгінгі «Темір» газеті Ақтөбе  атырабындағы «аудандық газеттердің атасы» дедім. Бұл тарихи әрі ғылыми негізделген тұжырым. Сондықтан мұның журналистерден жауапкершілікті талап ететінін еске сала отырып,  АҚШ-ты сегіз жыл басқарған Президент Барак Обаманың «Өзіңізді еш уақытта арзанға бағаламаңыз»  деген сөздерін  темірлік әріптестеріме арнаған болар едім.

  • Өңірлік баспасөздің бүгінгі беталысы мен болашағына қатысты пікіріңіз қандай?

— Өңірлік баспасөз өлмейді.  Ол керек. Оқырманға ең жақын  басылым сол.  Бірақ қазіргідей ақпарат ағыны тасыған заманда жазғаныңды жұртқа оқыту оңай емес.  Сол үшін де жақсы мағынасында бәсекелестік керек. Қазір адамдар оқығаннан гөрі көре салуды, тыңдай салуды оңай көреді. Оқып отырғысы келмейді. Осындай жағдайда оқырманның газетті әлеуметтік желіден бұрын, телдедидардан бұрын  қарауын қалыптастыру қажет болады. Бұл орайда  газеттің өзі жүргізетін акциясы, күрделі тақырыбы,  үлкен деңгейде шешу талап етілетін  проблеманы көтеруі  керек болады. Газет материалдарының композициясын жетілдіру қажет. Мысалы, бір беттік материалды оқырманға еріксіз оқитындай дәрежеге жеткізу үшін оның  құрылымын өзгертіп, дизайнын  ұдайы жетілдіріп отырған жөн. Газетті жоқ-бармен толтырып, ведомостқа айналдыруға болмайды, кем дегенді бір нөмірде бір оқылатын материал болуы керек.  Ал бұл үшін ізденуге тура келеді. Сын материалдар көбейсе, газет сөзінің пәрменділігі артады. Жиенғалидың оқшау сөздері сияқты жарияланымдарды жүйелі беріп отырса, оқырманның беті бері бұрылады. Журналистің ұдайы зерделеп, зерттеп жүретін өз тақырыбы болғанын қалаймын.  Және де сөзді дұрыс  қолдануда газет алғы шепте болуы керек. Жақында жарық көрген «Тілге тілмаш»деген кітабымда тіл мәселесінің осындай түйткілдері  сөз болады. Жалпы журнализм бағытында айтылатын кәсіби кеңес аз емес, оны бір сұқбаттың  деңгейінде түгендеу мүмкін болмас.

— Қазір цифрлық дәуірде жергілікті баспасөздің қоғамдағы миссиясы өзгеріп келе ме?

— Баспасөздің бүгінгі функциясы мен принципі  — барша басылымға ортақ, бәрі де заң шеңберінде жұмыс істейді. Жергілікті баспасөздің  аудиториясы шағын болуы мүмкін, бірақ адамға арнап айтатын сөзінің салмағы бірдей.  Облыстық газет айтқан сөзді, аудандық газет те айта алады. Мәселе — осыған кімнің қалай құлақ түргенінде, сол сөзді қалай жеткізе білуде. Билік органы өз баспасөзін,  оның жарияланымдарын  ұдайы қолдап,  қорғап, ынталандырып отырған жерде,  газет сөзінің салмағы артады.  Газет — қоғамның   құбылнамасы,  қоғам нені тілесе, сол газет сөзіне айналады;  ал газет сөзі қоғамның өзінің жүрер жолын айқындап, бағытын түзетіп, міндетін  белгілеп беріп жатса, әрине  жақсы. Бұл үлкен кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан жас әріптестерімнің әр кез ізденіс жолында жүргенін қалаймын. «Темір» газетінің оқырмандарына, тілшілер активіне, қаламдас журналистерге зор шығармашылық табыс тілеймін.

-Сұхбатыңыз үшін рахмет!

P.S. Өткенді қастерлеу – келешекке жауапкершілікпен қараудың белгісі. Жиенғали Тілепбергеновтей тұлғалардың мұрасын жаңғыртып, «Темір» сынды тарихы терең басылымдардың бағасын арттыру – рухани сабақтастықты сақтаудың маңызды жолы. Бұл мерейтойлар Темір өңірінің мәдени жадын байытып қана қоймай, жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық сөз өнеріне деген құрмет ұялататыны анық.

Бибіжан Максимқызы