Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті
Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік мәселелердің бірі. Ол ел экономикасына ғана емес, халықтың билікке деген сеніміне де үлкен зиянын тигізеді. Сондықтан жемқорлықпен күрес – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, заң талаптарын күшейту, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – осы бағыттағы маңызды қадамдар. Дегенмен, жемқорлықты тек заңмен ғана жеңу мүмкін емес. Ол үшін қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастыру қажет.
Жемқорлық көбіне пара беру мен пара алудан басталады. Кейбір адамдар мәселені оңай шешу үшін заңсыз жолға жүгінеді. Алайда мұндай әрекет қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді. Адал еңбек пен әділ шешім ғана ел болашағын жарқын етеді.
Жастар арасында «Адал ұрпақ» қағидатын насихаттау өте маңызды. Себебі ертеңгі ел тізгінін ұстайтын – бүгінгі жас буын. Егер әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заңды құрметтесе, жемқорлықтың деңгейі де азаяды.
Қортындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат адалдықты ту етіп, заң талаптарын сақтағанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. «Таза қоғам – жарқын болашақ кепілі» екенін ұмытпайық.
М.А.Сатова,
Темір аудандық мемлекеттік қазынашылық
басқармасының басшысы.




