Өңір басшысы Асхат Шахаров жастармен «OPEN TALK» форматында ашық пікір алмасты

0
11

Келелі кездесуде Ақтөбе жастары облыс әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізіп, өңірді дамытуға бағытталған тың бастамаларымен бөлісті.

Басқосу Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Жастар – жаңа дәуірдің күші» атты мерекелік кеш және «Жастармен бірге» ұлттық жастар акциясы аясында өтті.

Ашық диалог алаңына өңірдің белсенді жастары – волонтерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, студенттер, мәдениет, білім беру және IT салаларының өкілдері, жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты. Жастар өз жобалары мен жетістіктерін таныстырып, Ақтөбе облысының дамуына үлес қосар ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосуды ашқан Асхат Шахаров ақтөбелік жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, олардың ел мен өңірдің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

«Жастар облысымыздағы халықтың шамамен 30 пайызы. Бұл – үлкен әлеует әрі зор жауапкершілік. Сіздер білім, кәсіпкерлік, спорт, мәдениет, волонтерлік және қоғамдық жұмыстар арқылы өңірдің дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Мемлекет жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласуына жағдай жасап отыр. Құрылтай мен мәслихаттарда жастарға 30 пайыздық квотаның бекітілуі – сіздерге деген сенімнің нақты көрінісі.

Өңірде де жастарды қолдау шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз.