«Өрмекші адам» дауыс берді

0
5

Ақтөбе қаласындағы №19 орта мектептегі №60 сайлау учаскесіне ерекше сайлаушы келді. Ата-анасымен еріп келген балалар таңдана қараған «Өрмекші адам» да өз таңдауын жасады.

«Өрмекші адам» костюмімен келген сайлаушының ерекше образы бірден көпшіліктің назарын аударып, жиналғандарға жағымды көңіл күй сыйлады. Алайда мұндай костюм киіп келудің астарында өзіндік мақсат бар. Сайлаушы осылайша азаматтық белсенділіктің маңызына назар аудартып, әр адамның ел болашағына өз үлесін қоса алатынын жеткізуді көздегенін айтады:

— Бүгін дауыс беруге «Өрмекші адам» костюмімен бекер келгенім жоқ. Бұл образ арқылы жауапкершілікті, батылдықты және әрқашан көмекке дайын болуды көрсеткім келді. Осы әрекетім арқылы әр азамат ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділігін танытуы маңызды екенін жеткізгім келді. Елдің болашағы шешілетін сәтте ешкім шет қалмауы керек.

Біздің әрқайсымыздың ерекше қабілетіміз бар. Ал бүгінгі менің “суперқабілетім” – өз таңдауымды жасау мүмкіндігімнің бар екендігі. Студентсің бе, спортшысың ба, белгілі бір салада мамансың ба — мейлі, ең бастысы, ел болашағына бейжай қарамай, сайлау учаскесіне келіп, өз құқығыңды пайдалану керек.

Менің образым күлкі сыйлауы мүмкін, бірақ бұл әрекеттің мәні өте маңызды: болашақ әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Бір адамның таңдауы елеусіз көрінуі мүмкін. Алайда көптің таңдауы тоғысқанда, үлкен өзгерістерге жол ашылады, – деді «Өрмекші адам».

Ерекше бастама азаматтық ұстанымды білдірудің әртүрлі жолы бар екенін көрсетіп, ең бастысы – ел тағдырына бейжай қарамай, өз таңдауын жасау керегін тағы бір мәрте еске салды.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.