Ақтөбе облысында жаңа оқу жылында 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді

0
6

 

Жаңа 2026–2027 оқу жылында Ақтөбе облысындағы 449 мектепте 194 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл олардың қатарын 20 166 бірінші сынып оқушысы толықтырды.

 

Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірде 7 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның ішінде Ақтөбе қаласында – 3, Темір ауданында – 2, Мұғалжар және Мәртөк аудандарында бір-бір мектептен пайдалануға берілді. Жаңа білім нысандарының төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасауды, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуді тапсырған болатын.

 

Президент тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2023–2026 жылдары Ақтөбе облысында барлығы 14 заманауи мектеп салынды.

 

Жаңа мектептерде оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда заманауи пән кабинеттері, кітапхана, оқу және спорт залдары, асхана, медициналық пункт, мәжіліс залы, шығармашылық және коворкинг аймақтары қарастырылған.

 

Білім беру нысандары цифрлық оқыту технологияларымен, жоғары жылдамдықты интернетпен, бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.

 

Сонымен қатар, биыл облыстағы 9 білім ордасы күрделі жөндеуден өткізіліп, оқушылар игілігіне берілді.