Жолдау және жастар

Аймақта Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын түсіндіру жалғасуда. Осыған орай А.Досжанова атындағы конференц-холл кітапханасында «Президент Жолдауы — жаңа тарихи кезеңдегі ел дамуының бағдары» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Жиынды М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқу ісі жөніндегі бөлім жетекшісі Айнұр Қаниева жүргізді. Ол өз сөзінде Президент Жолдауында білім мен ғылымды дамыту, адами капитал сапасын арттыру, цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық технологияларды енгізу мәселелеріне басымдық берілгенін атап өтті.
— Қоғамның алға жылжуы білім мен ғылымның дамуына, сондай-ақ заман талабына бейім, білікті мамандардың қалыптасуына байланысты.
Жастар — ел дамуының стратегиялық ресурсы. Сондықтан олардың сапалы білім алуы, кәсіби тұрғыда қалыптасуы, қоғамдық өмірге белсенді араласуы маңызды, — деді А.Қаниева.
Сондай-ақ ол жастар саясатының негізгі бағыттарына тоқталып, сапалы білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, патриоттық тәрбие, жастар бастамаларын қолдау және заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастырудың маңызын жеткізді.
Жиынға қатысқан Ақтөбе қаласы полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Қуаныш Мырзагелдин өз сөзінде Жолдауда көтерілген заң мен тәртіп қағидаттарына тоқталып, жастарды кибершабуылдар мен интернет-алаяқтықтан сақ болуға, бейтаныс адамдармен онлайн таныстық орнатқанда қырағылық танытуға шақырды. Сонымен қатар жеке деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін түсіндірді.
Ал «Медико-профилактикалық іс» факультетінің 2-курс студенті Әнел Хайроллаева «Инфрақұрылым — ұлт болашағына салынған инвестиция» тақырыбында баяндама жасады. Ол ауылдық жерлердегі медицина мен білім беру нысандарының қолжетімділігі, тұрақты жұмыс орындарын ашу және көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселелерін көтерді. Студенттің пікірінше, жастардың ауылда қалуы үшін сапалы инфрақұрылыммен қатар, кәсіби өсу мен тұрақты еңбек ету мүмкіндіктері де қажет.
«Жалын» дебат клубының белсенді мүшесі Қадыр Мерей интернетті тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды.
— Жолдауда цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселесі де көтерілген. Ол өзекті тақырып деп есептеймін. Өйткені қазіргі таңда көбі интернетті ойын-сауық үшін қолданады. Алайда оны білім алуға, ақпарат іздеуге және кәсіби дамуға мүмкіндік беретін пайдалы құрал ретінде пайдалануды үйренуіміз керек. Сонымен қатар интернеттегі қауіпсіздікке мән беріп, жалған ақпарат пен алаяқтық әрекеттерден сақ болған жөн, — деді ол.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.
FacebookTwitterWhatsAppTelegramVK



