Темір топырағындағы тағылымды кездесу

Ақтөбе облысының Темір ауданында білім саласы ардагерлерінің өңіраралық тәжірибе алмасу және ынтымақтастық алаңы ұйымдастырылды.
Ұстаз – ұлттың рухани келбетін қалыптастыратын, ұрпақ санасына білім мен ізгіліктің дәнін себетін тұлға. Оның шәкірт жүрегіне қалдырған ізі, саналы ғұмырын арнаған еңбегі мен өмірлік өнегесі жылдар өткен сайын құндылығын жоғалтпай, келер буынға аманат болып жалғаса береді. Ардагер ұстаздарды ардақтау – өткенге тағзым ғана емес, білім мен тәрбиенің үзілмес сабақтастығын қамтамасыз ету.
Темір ауданы – білім мен тәрбиенің берік дәстүрі қалыптасқан, саналы ғұмырын ұрпақ болашағына арнаған ұлағатты ұстаздардың өнегелі жолы жалғасып келе жатқан қасиетті өңір. Бүгінде ауданымызда 267 ардагер ұстаз бар. Олардың әрқайсысының өмір жолы – тағылымға толы тарих, әрбір еңбегі – шәкірт жүрегінде сақталған өшпес із, ал кейінгі буынға қалдырған өнегесі – ұлт руханиятының баға жетпес байлығы. Осындай асыл жандардың еңбегін ұлықтап, мол тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында ауданның білім беру ұйымдарында 26 бастауыш ардагерлер ұйымы жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар ардагерлер кабинеті, мұражайлар және Ұстаздар аллеясы ұстаздық жолдың шежіресін сақтап, аға буынның есімін ұлықтайтын, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани құндылықтарға айналған. Бұл – Темір өңірінде ардагерлерге көрсетілетін құрметтің бір реттік шарамен шектелмей, нақты істермен жалғасып келе жатқанының айқын дәлелі. Өйткені ұстаздың ұлағаты жылдармен өлшенбейді, оның ел болашағына сіңірген еңбегі мен ұрпақ жүрегіне қалдырған өнегесі уақыт өткен сайын биіктей түседі.
2026 жылғы 4 қарашада Ақтөбе облысының Темір ауданында облыстық білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы аясында «Ардагерлер аманаты – ұрпаққа өнеге» атты тәжірибе алмасу және ынтымақтастық алаңы өтті. Бұл басқосу аға буынның тәжірибесін дәріптеп, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Ауданның білім саласы ардагерлерін құрметтеу ісі тек мерекелік шаралармен шектелмейді. Ардагерлердің хал-жағдайын білу, жалғызбасты және әлеуметтік қолдауға мұқтаж ұстаздарға назар аудару, мерейтойларында құттықтау, жас мамандармен жүздестіру – жыл бойы атқарылатын жұмыстың маңызды бөлігі. Аудандық кеңес әрбір білім беру ұйымындағы бастауыш ұйымдардың қызметін үйлестіріп, аға буынның тәжірибесін тәрбие жұмысына енгізуге ұмтылады.
Осы жүйелі жұмыстың жалғасына айналған 4 қарашадағы тағылымды бағдарлама таңертең аудан шекарасында мәртебелі меймандарды қарсы алудан басталды. Қонақтарға көрсетілген ілтипат пен жылы жүздесу күн бойғы мазмұнды кездесулерге жарасымды кіріспе болды. Әр өңірден келген ардагер ұстаздар өз тәжірибесін бөлісіп, қалыптасқан дәстүрлер мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі игі бастамаларды ортаға салуға мүмкіндік алды.
Тағылымды басқосуға Ақтөбе облысының білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Салық Мұхтарұлы Саркулов бастаған Ардагерлер кеңесінің мүшелері арнайы қатысты. Олардың қатарында облыстық кеңес төрағасының орынбасары Жания Жарылғапқызы Мұхамбетова, кеңес мүшелері Гүлжан Тәуірбайқызы Дулатбаева мен Ыхсан Көшерұлы Көшеров, сондай-ақ Мұғалжар ауданынан Ринат Абдулхаевич Әшімов, Алға ауданынан Гүлмира Әбдіғалиқызы Есенова, Мәртөк ауданынан Күләш Жақышқызы Князьбаева, Байғанин ауданынан Ерболат Құлжанұлы Құлжан, Қарғалы ауданынан Сабира Абдрахманқызы Сүлейменова, Шалқар ауданынан Қалдыгүл Оразбайқызы Уайсова, Хромтау ауданынан Серік Ізтілеуұлы Ізтілеуов, Әйтеке би ауданынан Салтанат Қасымбекқызы Қасымбекова, Ақтөбе қаласының Астана ауданынан Төлеген Қалжанұлы Қосниязов және Алматы ауданынан Әлима Закариевна Сакауова сынды ардагерлер кеңестерінің төрағалары болды. Кездесудің ауқымын кеңейтіп, тағылымдық маңызын арттыра түскен ерекше жайт – Қызылорда облысынан білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Ғалым Башарұлы Бекенов пен ардагер ұстаз Рауия Ұлпабекованың арнайы келуі. Олардың қатысуы өңірлер арасындағы рухани байланысты тереңдетіп, ұстаздық тәжірибе мен игі дәстүрлерді ортақ құндылыққа айналдыруға жол ашты. Ал мәртебелі меймандарды қабылдаған Темір ауданының білім бөлімі жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәбира Қожабайқызы Ешімқұлова бастаған аудан ардагерлері бұл кездесудің мазмұнды әрі тағылымды өтуіне өз үлестерін қосты. Осылайша, әр өңірден келген ұлағатты ұстаздар бір шаңырақ астында бас қосып, ұрпақ тәрбиесі жолындағы ортақ мұрат пен өзара ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Бағдарламадағы алғашқы аялдама Ж. Кереев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп болды. Қонақтарды қарсы алған мектеп ұжымы білім ордасының тыныс-тіршілігімен және ардагерлер ұйымының жұмысымен таныстырды. «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты тағылымды жүздесу ұстаздық жолдың қадір-қасиетін арқау етті. Ардагерлердің еңбек жолы, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы, жас мұғалімге айтар кеңесі мен өмірден түйген өнегесі жас ұрпақ үшін мәнді тәрбие сабағына айналды.
Ж.Кереев атындағы мектептің мұражайы да қонақтарға таныстырылды. Мектеп ұжымы мұражайда жинақталған тарихи жәдігерлер, архивтік суреттер мен естеліктер арқылы білім ордасының қалыптасу жолын, әр жылдары еңбек еткен ұстаздардың өнегелі қызметін және шәкірттердің жетістіктерін кеңінен баяндады. Бұл таныстырылым ардагерлердің еңбегін ұлықтап, мектеп тарихын жас ұрпақ жадында жаңғыртудың маңызын айқындады.
Мұражайдағы әрбір жәдігер мен естелік өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпақпен жалғап, ұстаздық дәстүрдің сабақтастығын сезіндірді. Қонақтар мектеп шежіресін сақтауға бағытталған игі жұмыспен танысып, тарихи мұраны ұрпақ тәрбиесімен ұштастырудың мәніне назар аударды. Осылайша алғашқы аялдама күннің басты идеясын – аға буынға құрмет пен келешек алдындағы жауапкершілікті – айқын танытты.
Ж. Кереев атындағы мектептен кейін қонақтар Досжан ишан тарихи-мәдени нысанына жол тартты. Қонақтар өңірдің рухани тарихымен, Досжан ишан есімінің халық жадындағы орнымен және оның ағартушылық мұрасының мәнімен танысты. Бұл аялдамада өткен дәуір мен бүгінгі күн арасындағы байланыс тарихи дерек қана емес, рухани сабақтастық ретінде сезілді.
Кесене басында өмірден өткен ата-бабалар мен ұстаздардың рухына Құран бағышталды. Елдің амандығы, ұрпақтың берекесі, білім мен тәрбиенің жалғастығы туралы ізгі тілектер айтылған бұл сәт қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Тарихи орынға тағзым ету – ұлттық жадыны сақтау, үлкеннің жолын сыйлау және жас буынға рухани мұраны жеткізудің мәнді үлгісі болды.
Келесі аялдама – аудандық мұражай мен кітапхана. Қонақтар мұражай қорындағы өңір тарихына қатысты танымдық материалдармен, тарихи-мәдени мұралармен танысты. Темір топырағының өткені, ел өмірінде із қалдырған тұлғалар, жергілікті мәдениет пен білімнің дамуы туралы мазмұнды мәліметтер бұл сапардың танымдық құндылығын арттырды.
Кітапханаға жасалған сапар да кездейсоқ емес. «Кітап оқитын ұлт» бастамасымен үндескен бұл кездесу кітаптың адам тәрбиесіндегі орнын, ұрпаққа білім мен тарихи жадты жеткізудегі рөлін айқындады. Ардагер ұстаздардың өмірлік тәжірибесі мен кітап арқылы таралатын білім бір арнаға тоғысты: екеуінің де түпкі мақсаты – ойлы, саналы, елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу.
Мұражай мен кітапханаға барған қонақтар үшін бұл бөлім туған өлкенің тарихын танудың, жергілікті мәдени құндылықтарды сақтаудың және оқырмандық мәдениетті нығайтудың өзара байланысты бағыттар екенін көрсеткен мазмұнды аялдама болды.
Түскі үзілістен кейін қонақтар №2 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебіне келді. Мұндағы «Сырлы сандық – сан ұрпаққа аманат» бағдарламасы ұлттық дәстүр мен ардагерлер шығармашылығын бір сахнаға тоғыстырды. Мектеп ұжымы ардагер ұстаздармен тағылымды кездесуді қазақы нақыштағы қолөнер мен ұлттық киім мәдениетін танытатын мазмұнды көрсетіліммен ұштастырды.
№2 Шұбарқұдық мектебіндегі айтулы оқиғалардың бірі – мектеп мұражайының салтанатты ашылуы болды. Жаңадан ашылған мұражайда білім ордасының тарихы, ұлағатты ұстаздардың еңбек жолы мен мектеп өміріндегі елеулі кезеңдерді бейнелейтін құнды материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл игі бастама мектептің бай шежіресін сақтауға, ардагер педагогтердің еңбегін ұлықтауға және жас ұрпақтың туған мектебіне деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды рухани қадам болды.
Көрсетілімнің көркі – «Сырлы сандық» ұлттық киімдер дефилесі. Ардагер ұстаз Жаңқай Сансызбайқызының өз қолымен тіккен киімдері көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір киім үлгісіндегі ою-өрнек, үйлесім мен көркемдік шешім халқымыздың дәстүрлі талғамын, қолөнердің нәзік иірімдерін танытты. Бұл – бір жағынан шебер ұстаздың ұзақ жылғы ізденісі мен іскерлігінің көрінісі болса, екінші жағынан ұлттық мұраны жастарға заманауи әрі тартымды түрде жеткізудің үлгісі.
Көпшіліктің ықыласына бөленген көріністің ерекше жалғасы ретінде Жаңқай Сансызбайқызы өз қолымен әзірлеген ұлттық нақыштағы панно мен тұмарды Ақтөбе облысының білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Салық Мұхтарұлы Саркуловқа табыстады. Бұл сыйлық жай ғана естелік бұйым емес, шеберлік пен дәстүрдің, аға буынның ықыласы мен өңіраралық достықтың нышаны іспетті қабылданды.
Мұндай тағылымды сәттің мәні терең: ұлттық киім мен қолөнерді тамашалаған оқушы дайын бұйымның әсемдігін ғана емес, оны дүниеге әкелген еңбек пен төзімді, атадан балаға жалғасқан өнердің қадірін түсінеді. Осы тұрғыдан алғанда, №2 мектептегі шара ұрпақтар сабақтастығын сөзбен ғана емес, нақты шығармашылық әрекетпен көрсеткен жарқын үлгі болды.
Шұбарқұдықтағы мазмұнды бағдарлама аяқталған соң қонақтар тарихи Темір қаласына жол тартты. Мұндағы Ұстаздар аллеясы білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен педагогтерге деген ел құрметін паш ететін ерекше орын ретінде таныстырылды. Қатысушылар ұстаздардың есімдері жазылған ескерткіш-тақтамен танысып, әрбір есімнің артында талай шәкірттің тағдыры, білім жолына арналған жылдар мен ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғанын еске алды.
Аллеядағы ағаш отырғызу рәсімі сапардың есте қаларлық сәтіне айналды. Ардагер ұстаздар мен қонақтар жас көшеттер отырғызып, табиғатты аялау мен жасыл орта қалыптастыруға үлес қосты. Бұл іс «Таза Қазақстан» бастамасымен үндесіп, ардагерлердің өнегесі сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен де жалғасатынын көрсетті.
Көшет отырғызудың символдық мәні айрықша: ұстаз шәкірт жүрегіне білім дәнін ексе, бүгінгі егілген тал келер ұрпаққа сая болмақ. Ұстаздар аллеясындағы ескерткіш-тақта өткеннің еңбегін ұлықтаса, жас көшеттер болашаққа деген сенімді бейнеледі. Осы екі көрініс бір кеңістікте тоғысып, «ардагерлер аманаты» ұғымының терең мағынасын ашты.
Темір қаласындағы сапар С. Байшев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте жалғасты. Алдымен қонақтар мектептің ардагерлер ұйымының қызметімен танысты. Ардагерлермен байланысты үзбеу, олардың еңбегін насихаттау, жас педагогтерге тәлімгерлік көрсету, мектептің тарихы мен дәстүрін сақтау бағытындағы жұмыстар назарға ұсынылды.
Күннің негізгі қорытынды алаңы осы мектепте өткен «Ардагерлер аманаты – ұрпаққа өнеге» атты кеңейтілген отырыс болды. Қатысушылар бір күн ішінде көрген игі бастамаларды ортақ талқылауға салып, ардагерлер кеңестерінің жұмысына қатысты мәселелерді жүйелі түрде қарастырды. Жиынның ашылуында ардагер ұстаздардың ел дамуына қосқан үлесі, олардың жас буын тәрбиесіндегі орны атап өтілді.
Алғашқы құттықтау сөз Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықұлы Жақсылықовқа берілді. Аудан басшысы ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздарға құрмет білдіріп, олардың білім саласының дамуы мен қоғамның рухани өміріндегі айрықша орнына назар аударды.
Жиын барысында Ақтөбе облысының білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Салық Мұхтарұлы Саркулов сөз сөйлеп, көшпелі кеңейтілген отырыстың мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталды. Басқосудың негізгі бағыттарын айқындап, ардагер ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың бай тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесіне тиімді пайдалану, өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту және ардагерлер ұйымдарының жұмысын жаңа деңгейге көтеру мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты талқылауға бағыт-бағдар беріп, қатысушыларды ортақ мақсат төңірегіне жұмылдыра білді. Салық Мұхтарұлының мазмұнды ойлары мен ұтымды ұсыныстары кеңейтілген отырыстың тағылымдық мәнін арттырып, алдағы жұмыстардың басым бағыттарын айқындауға негіз болды.
Темір ауданының білім бөлімі жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәбира Қожабайқызы Ешімқұлова «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында баяндама жасап, аудан бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бастауыш ардагерлер ұйымдарының қызметі, аға буынға қамқорлық, ұрпақ тәрбиесі, тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық және қайырымдылық бастамалар – баяндаманың негізгі бағыттары болды.
С.Байшев атындағы мектеп директоры Сандуғаш Қойшыбайқызы Тасбауова «Өнегелі өмір – өшпес мұра» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Алтықарасу мектеп-бөбекжайының Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғалия Ғалымжанқызы Кибашева «Ұрпақтар сабақтастығы – тәрбие мен тағылымның алтын көпірі» тақырыбында сөз сөйледі. №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Зейнеп Серікбайқызы Жанатаева «Ардагерлер – ардақтылар» тақырыбында өз ойларын ортаға салды.
Кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Жоламанқызы Сабенова «Ардагерлер – елдің алтын тірегі» тақырыбында сөз сөйлеп, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталды. Өз сөзінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсету тек мерекелік іс-шаралармен шектелмей, олардың әлеуметтік жағдайына тұрақты көңіл бөлу, жан-жақты қолдау көрсету және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау арқылы жалғасуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ардагер педагогтердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың өмірлік тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін жас мамандарға үлгі ету, ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы кәсіподақ ұйымының маңызды рөлін айқындады. Ұстазға көрсетілген құрмет – ұлт болашағына жасалған қамқорлық екенін жеткізіп, ардагерлердің өнегелі жолын дәріптеу мен олардың қоғамдағы беделін арттыру баршаға ортақ міндет екенін ерекше атап өтті.
Отырыстың ашық пікір алмасу бөлімінде әрбір ардагермен тұрақты байланыс орнату, әлеуметтік қолдауды қажет ететін ұстаздарға ерекше көңіл бөлу, жас педагогтер мен оқушылар үшін тағылымды кездесулерді жүйелі өткізу, ардагерлердің өмір жолы мен естеліктерін жинақтау, мектеп мұражайлары мен ардагерлер бұрыштарын толықтыру, бастауыш ұйымдардың жұмысын үйлестіру мәселелері талқыланды.
Кеңейтілген отырыстың соңында ұсыныстар қаралып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын қамтыған қаулы қабылданды. Осылайша, сапар барысында көрген тәжірибе нақты міндеттермен сабақтасып, ардагерлер ұйымдарының өзара байланысын нығайтуға бағытталған ортақ қорытынды жасалды.
Ұстаздың еңбегі зейнет демалысына шығумен аяқталмайды. Оның тәрбиелеген шәкірті, қалдырған өнегесі, берген ақылы мен адамдық үлгісі ұрпақ жадында өмір сүреді. Ардагерге көрсетілген құрмет – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа салынған рухани көпір. Темір топырағындағы тағылымды басқосу осы ақиқатты тағы бір мәрте айқындады.
Сатанова Роза Жаниқызы,
Темір аудандық білім бөлімі жанындағы
аудандық ардагерлер кеңесінің
төрағасының орынбасары.




