«Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады

0
139
«Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады

Ертең «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады. Облыстық әкімдік пен Отбасы банк бірлесе биылға 600 млн теңге бөлді.

Ақтөбе облысы бойынша жастарды тұрғын үймен қамту үшін жаңа бағдарлама енгізілді. Енді жас мамандарға 15 млн теңгеге дейін несие беріледі.

Бұл тұрғын үй несиесін рәсімдеу үшін алғашқы жарна сұралады.

«Биыл қазан айында облыс әкімі өңірдегі жастармен кездесу өткізіп, онда тұрғын үй мәселесі көтерілді. Ералы Тоғжанов Астана қаласында өткен «Aktobe Investment-2022» VII Халықаралық инвестициялық форумы аясында «Ақтөбе жастары» бағдарламасын жүзеге асыр үшін меморандумға қол қойды. Облыс әкімдігі, «Отбасы банк» АҚ АОФ бірлесе отырып жастарды тұрғын үймен қамту үшін жаңа бағдарлама тұжырымдамасы әзірленді. Биыл 600 млн теңгені бөлінді. Оның 300 млн теңгесін «Отбасы банк» АҚ, қалған 300 млн теңгесі жергілкті бюджеттен бөлінді», — деді облыстық ішкі саясат басқармасы бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиев.

Талап бойынша 18-35 жас аралығындағы жастар бағдарламаға қатыса алады. Ерлі-зайыптының біреуі ғана үміткер ретінде тіркеледі.

Әрі соңғы 1 жыл ішінде Ақтөбеде тұрақты тіркеуде тұруы тиіс.

Сонымен бірге өтініш беру кезінде, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің облыста тұрақты тіркеуде тұруы міндеттеледі әрі жеке баспанасы болмауы тиіс.

«Денсаулық сақтау, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, спорт салаларымен қатар жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, БАҚ қызметкерлері мен әлеуметтік сала мамандары, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласының мамандары, мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік мекемелерде жеке еңбек шарты бойынша жұмыс істеп жүрген адамдар қатыса алады. Жалпы қарыздың ең жоғары сомасы — 15 млн теңге. Несие 23 жылға дейін беріледі. Пайыздық мөлшерлеме — 5%. Бастапқы жарна – 10%. Өтініштер 15 — 30 желтоқсан аралығында жазбаша нұсқада Ақтөбе қаласы Әйтеке би көшесі 39 мекенжайында орналасқан Облыстық жастар ресурстық орталығында қабылданады. Кейін өтініш 14 күн бойы қаралады. Жолдаманы алған өтініш беруші 10 жұмыс күні ішінде төлем қабілетін растау өту үшін «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Банк тексеруінен өткеннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде қатысушы тұрғын үйді таңдап, құжаттарды «Отбасы банк» АҚ-ға ұсынуға міндетті», — деді Елеусіз Нұрғалиев.

Дереккөз: ҚазАқпарат