«Тарих естелігі – ұрпақтар сабақтастығы

0
103

Аудандық «Темір» газеті бұдан бұрын Қазақ даласын зерттеуге және Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, бірнеше рет дөңгелек үстел өткізіп, көптеген мақала жариялаған болатын. Газетіміздің ұжымы, алдымызда келе жатқан Тәуелсіздік  мерекесі қарсаңында, анығырағы 7 желтоқсан күні, Темір аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде, жоғарыда аталған бағдарламаның жалғасы  ретінде, «Тарих естелігі – ұрпақтар сабақтастығы» деп аталатын жаңа  жоба бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жобаның негізгі мақсатының бірі – алдыңғы толқын ағалардың, ел ішіндегі еңбек адамдарының өмірі  мен қызметін үлгі ете отырып, сан-салалы кәсіпке деген кейінгі ұрпақтың қызығушылығын арттыру, алдыңғы буынның қадір-қасиетін таныту болып табылады. 

Ауданымызда бастау алған бұл жаңа жобаның  алғашқы шарасына, яғни «Өмірдің өзін сөйлетсек» деп аталатын пікір алысу мен сұхбаттасу сипатындағы дөңгелек үстөлге, аудандық мәслихат хатшысы Болат  Шаимов, аудан әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Бердіханқызы Көшекбаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жайнагүл Жасақбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Салиманов Бабатай Қоңырұлы, аудандық «Темір» газетінің жауапты хатшысы Дәулетбаев Әбдісәли Өтеубайұлы, кезінде түрлі мамандық саласында еңбек еткен ардагерлерден ауданның Құрметті азаматы Өтепов Нұрмұхан Исаұлы, ардагер-ұстаз Әділхан Темірхан Әділханұлы,   Шұбарқұдық ауылдық округінің ардагерлер кеңесі төрағасы Нұғыманов Матай Нұрмұханұлы, еңбек ардагерлері Ілясов Нұрсұлтан Ілясұлы, Амантай Қонаев және бүгінде түрлі салада, әсіресе білім беру мен өнер бағытында қызмет етіп жүрген жастардан Шұбарқұдық гимназиясынан Тілекші Шерниязова пен Баубек Сағидоллаев, № 1-ші Шұбарқұдық мектеп гимназиясынан Халел Көркемай мен Базарбай Айдана, № 3-ші ЖОББМ-інен Ізбасар Жасұлан мен Хамит Ерлан, № 4-ші ЖОББМ-інен Базарғали Нұржігіт пен   Гүлдана Алиева, № 6-шы негізгі мектебінен Іңкәр Тұрғанова мен Айнұр Жамбылова, Ж. Кереев атындағы ЖОББМ-інен Самал Нысамбаева мен Серік Әйгерім, Қызылжар ЖОББМ-інен Айкөркем Мақсатқызы, Ақбота Нұрғалиева, Жантөре Айдана, Оразбек Наурызбек, музыка мектебінен Оралбек Саламатов пен  Рахмет Болатұлы, оқушылар үйінен Сәлім Әсем т. б. қатысты.

 

                                                Бердіхан Әділханов

Дөңгелек үстөлді жүргізген аудандық «Темір» газетінің Бас редакторы Бердіхан Әділхановтың кіріспе сөзінде, аталмыш жиынға «Өмірдің өзін сөйлетсек» деген тақырыптың таңдалуындағы мақсат – көпті көріп, көңіліне көп нәрсені түйген ақсақалдардың ақыл-кеңесі мен жастардың да ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдап, игі істердің ұрпақтар сабақтастығын табуына  үлес қосудан туындаған   ниет екені айтылып өткен соң-ақ, жастар жағы ардагерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя бастады.         «Сіз көп жылдар бойы, әсіресе халықпен әлеуметтік салада тығыз байланыста болдыңыз. Өзіңіз қызмет жасаған кездегі қоғам мен қазіргі қоғамның айырмашылықтары байқала ма? Сіз «Заман мен замандастар» кітабын жазғанда жастарға қаншалықты пайдасы тиер деп ойладыңыз?» деген алғашқы қос сұрақ Өтепов Нұрмұхан Исаұлына қойылды.

     Өтепов Нұрмұхан Исаұлы.

–  Әрине, өте үлкен айырмашылық бар, – деп бастады өз жауабын Нұрмұхан Исаұлы. – Біз өзіміз өмір сүріп, еңбек еткен кезеңіміздің көп бөлігін кеңес үкіметі деген мемлекетте өткіздік қой. Ол тұста халыққа мұндай жағдай жасалмағаны еді. Қазіргідей жол, газ, ғаламтор болмады. Мәселен, ата-аналар әскердегі немесе алыс қалада оқып жатқан балаларымен сөйлесу үшін АТС деп аталатын телефон бекетіне барып, бір күн бұрын  тапсырыс беріп, сағатын белгілеп, келесі күні сөйлесетін. Дүкендерде қазіргідей толып тұрған азық-түлік, киім-кешек көрінбейтін. Мысалы, ауданға шетелдік аяқкиім не көйлек келсе,   мекемелерге тең бөліп берді. Оның өзін кезегі келгендер ғана алатын. Ал, қазір заман өте ілгері дамып кетті. Бәрі бар. Ал енді менің жазған кітабыма келетін болсақ,  өткен қоғамдағы оқиғаларды жаза отырып, бүгінгі жастар өздерінің өмір сүріп жатқан ортасымен салыстырып, үлгі-өнеге боларлық жақсысын алып, пайдаланса деген ниет қой. Қысқасы, мен ол кітапты Ұлы Абай айтқандай,  жастар керек жерін пайдалансын деген мақсатпен жаздым.  Бүгінгі мына әлеуметтік желі күнделікті өмірімізге дендеп еніп кеткен бір кезеңде, біздің жазғанымызды жастар оқиды ма, оқымайды ма, ол басқа әңгіме. Ілгеріде бір данышпан: «Бір кісі өлсе, онымен бірге бүкіл бір дүние өледі. Себебі ол адамның басып өткен өміріндегі көргендері мен түйгендерін басқалар көрмеген, сезбеген» деген екен. Сондықтан, кітаптың жазылып қалғаны жақсы. Бірақ шыққан кітапты  талғаммен  оқу керек. Жақында аудандық «Темір» газетінде «Деген екен…» айдармен менің бір топ жазбаларым шықты. Онда өзіміздің жерлестеріміздің тауып айтқан сөздері жазылған. Кейінгі кезде осындай жақсы дүниелер газетке шығып жатыр. Газетке тек жазылып ғана қоймай, онда жарияланған мақалаларды да оқып отыру керек.

Бұдан кейін жастар тарапынан Дәулетбаев Әбдісәли Өтеубайұлына: «Кәсіби журналистика саласына жастардың ден қоймау тендециясы байқалады. Қоғамдағы осы құбылысқа көзқарасыңыз қалай?» деген сұрақ қойылды.

    

Дәулетбаев Әбдісәли Өтеубайұлы

– Мен, қазіргі жастарда анау айтқандай  үлкен проблема бар деп ойламаймын. Жастар арасында кәсіби журналистикаға қызығушылық бұрын да болған, қазір де бар және алдағы уақытта да бола береді деп есептеймін. Журналистика мамандығы қызығы мен қиындығы қатар жүретін күрделі кәсіп. Сондықтан бұл мамандықта алдымен табиғи дарындылық болуы керек, кейін сол бойға біткен икемділікті ізденіспен тәрбиелеу талап етіледі. Олай етпегенде бұл кәсіпті игеріп кету қиын. Осыған байланысты,  оқуды бітірсе де басқа кәсіппен айналысып кетіп жататындар кездеседі. Оның үстіне кейінгі кезеңде әрбір қалада дерлік  оқыту базасы тым нашар жоғары оқу орындары ашылып, журналистика мамандығының қадірін   қашырып жібергені шындық. Сондықтан, кейбір жастарда журналисткаға теріс пікір пайда болып, өзіне керек информацияны әлеуметтік желіден іздеу қалыптасқаны рас. Дегенмен, ұмытпасам  «Журналистер күні» өткен жиында болса керек: «Кәсіби БАҚ-тың міндетін әлеуметтік желі ешқашан атқара алмайды» деп, осында отырған Нұрмұхан Исаұлы ағамыз айтқандай, әсіресе баспасөздің қызметін әлеуметтік желі түгіл, телеведение мен радио да атқара алмайтыны шындық. Сондықтан, мен кейбір жастар арасындағы бұл тендецияны  уақытша құбылыс деп есептеймін. Мұндай жолдан Еуропа мен Америка халқы да өткен. Бізге ғаламтордың келгеніне 10-15 жыл болды.  Мәселен қазір, АҚШ-тың «Washington post» газеті аптаның әрбір күні миллион таралыммен шығып, дүңгүршектерден  бірнеше сағатта сатылып кетеді екен. Ал провинциялық аумақтарындағы басылымдардың таралымы 100 мыңнан кем емес. Демек, біз де бұл өтпелі кезеңнен өтеміз. Мен мамандығыма байланысты, жастармен көп сұқбаттасамын.  Жастарымыздың арасында журналистикаға қызығатын, мерзімді баспасөзді оқитындар аз емес. Еліміз бен жерімізді сүйетін, тәуелсіздігіміздің қадірін түсінетін жастарымыз өте көп, – деді Әбдісәли Дәулетбаев.

 Ардагерлер кеңесі жұмысы қандай сипатта жүргізіледі?

     

Матай Нұғманов

              

  Бұл сұраққа  Матай Нұғманов: «Ардагер ұйымы – өзінің Жарғысы бар, тіркеуден өткен заңды қоғамдық ұйым. Ұйымның мақсаты – ардагерлерді зейнетке шыққан соң отбасы, ошақ қасында отырып қалмай, қоғамдық өмірге белсене араласып, өзінің көпжылдық тәжірибесін кейінгі толқын жастармен бөлісіп, еліміздің дамуына үлесін қосуына мүмкіндік жасау болып табылады. Ардагерлер  жиналыстар мен шараларға қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырады. Мәселен, кейінгі кезде ауданымыздағы түрлі салалардағы жүз беріп жатқан оң өзгерістерге де ардагерлердің үлесі бар. Біз алдағы уақытта да қоғаммен бірге болып, қолдан келер пайдамызды келтіруден аянбаймыз, әсіресе  Президентіміз мен Үкіметіміздің, жастарымыздың да жақсы бастамаларына қолдау көрсетеміз.  Біздің негізгі де басты міндетіміз осы».

     Бұдан соң Нұрсұлтан Ілиясқа: «Біздің естуімізше сіз, өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасадыңыз, кітабыңыз шыққан. Басқа салада жүріп, кітап жазу оңай емес. Жазу жолына қалай келдіңіз?» деген сұрақ қойылды.

     

Нұрсұлтан Ілияс.

  

    – Менің мамандығым механизатор болғанымен, жас кезімнен бастап, комсомол мен партиялық ұйымның, басқа да қоғамдық жұмыстарына белсене араластым.  Сондықтан сол ұйымдарда  өткен шаралар мен ауылда болып жатқан игі істерді халыққа жеткізіп тұру керек еді. Ол кезде мұны іске асыруға ең қолайлы құрал – аудандық газет болатын. Бұл бағытта маған газетте жұмыс жасайтын ағалар хабар мен мақаланы қалай, қай уақытта жазу керек екенін айтып, көп жәрдем берді. Осылай мен газетке мақала жазуды әсте-әсте игере бастадым. Кейін облыстық газет пен радиоға  мақала жазуға көштім. Зейнетке шыққан соң  жазуды азайтып едім. Кейін газетте еңбек етіп жүрген журналистердің ұсынысымен қайта қолға алдым. Мұнда, әсіресе өткен қоғамнан есте қалған жақсы істерді жазуға көбірек көңіл бөлдім. Нәтижеде, жастарға үлгі боларлық бірталай дүниелер пайда болды. Кейін ардагерлер тарапынан жазғандарымды кітап етіп басып шығару туралы ұсыныс  түсті. Сөйтіп жазғандарым кітап болып шықты. Қысқасы, адамда талап болса, алға қойған мақсаты сөзсіз орындалады. Ол үшін тынбай еңбек етіп, іздену керек деп ойлаймын.

      Жастар тарапынан осындай сұрақтар қойылғаннан кейін жиналғандар  өз ойларын ортаға салып, жеке пікірлері мен ұсыныстарын айта бастады.

 

Темірхан Әділхан.

– Бүгін мына жерде жастар жағының мұғалімдері, соның ішінде әдебиетшілер көп жиналған екен. Сондықтан осы бағытта бірер сөз айта кетейін. Әдебиет – мемлекеттік құрал. Мұғалімге берген оқулық – бағдаршам.  Онда жазылған әрбір материалды оқытушы терең түсініп, оқушыға керекті тәрбиелік дәнді тауып алып, ұсыну керек. Міне, оқытушы ең алдымен осы тұрғыдан ойлану және іздену қажет. Бұл тұрғыда оқытушыға үш-ақ нәрсе керек. Бірінші – ойлап сөйлеу, екінші – оқушыға ой тастау, үшінші – оқушыны ойландыру. Егер осыны мұғалім іске асыра алмаса, 45 минут босқа кетті деген сөз. Сондай-ақ, оқытушы оқушыға сөздің этомологиясын, түпнұсқасын, қайдан шықанын түсіндіруге көңіл бөлу керек. Мәселен, «бауырым» деген сөз бар. Ана құрсағындағы сәбиде, ең бірінші бауыр пайда болады екен. Олай болса, бұл сөздің мағынасы –  шыққан тегіміз бір, қанымыз да жанымыз да бір дегенді білдіріп тұр. Сонымен бірге, біз қазір араб сөздерінен қашуға тырысамыз. Бұл дұрыс емес. Өйткені біздің  тілімізде  40 пайыздан  астам қазақ тіліне икемделген араб сөздері бар. Мұғалім жан-жақты болып, яғни жаңашылдыққа ұмтылып, оқушыны жалықтырмай, түрленіп отыруы керек.

 

  Амантай Қонаев:

   

  – Мен сөздің емес, істің адамымын. Сондықтан, сөзімді қысқаша айтсам, жақсы кітаптардың жарыққа шыға бергені пайдалы деп ойлаймын. Өйткені, кітаптан көп үлгі-өнеге алуға болады.  Сондай-ақ, жастарымыздың мерзімді басылымға, әсіресе өзіміздің «Темір» газетіне жазылып, оны уақытында оқып отыру да көп нәтиже бермек. 

 

   Болат  Шаимов.

 

 

      – Өңірімізде шежіре мен аудан тарихын жақсы білетін, тіпті кезі келген жерде қызықты етіп баяндайтын қариялар көп. Меніңше, осындай ақсақалдардың сөздерін жазып алып, жариялағанымыз жөн. Осы жерде: «Жастар жазғанды оқи ма?» деген де мәселе  көтеріліп жатыр. Әрине, тартымды, қызықты етіп жазылса, неге оқымасқа? Журналистің атауы мен жүріс-тұрысы әдемі болған соң, оған қызығушылар көп, бірақ бұл мамандықты игеру оңай емес. Бұл мектеп жасынан қалыптасады дер едім. Жасыра алмаймыз, қазір мектепте граматикаға көңіл бөлінбейді. Сөздің айтылуы мен жазылуы және диалекті дегендері бар. Қазір кейбір балалар «келатырық», «баратырық» деп жазады. Бұл дұрыс оқытпаудан, газет, кітап оқымаудан шығып жатыр. Кейбір кісілер газетке жазылмайды. Мен газетке жазылмауды ұят деп санаймын. Газеттегі, ең болмағанда аудандағы жаңалықтарды оқып жүретін жастардан мұндай келеңсіздіктер шықпас еді деп ойлаймын.

 

      Нұрлыгүл Көшекбаева.

     

  – Мына жерде журналистика саласы біраз әңгіме болды. Менің негізгі мамандығым осы сала болған соң, өз пікірімді айта кеткенді жөн көремін. Журналистиканың өзіне тән қызығы мен қиыншылығы бар. Қазір кейбір жастарда: «Блогер мен журналистің айырмашылығы болмай қалды. Арнайы оқу орнын  оқымасам да, әлеуметтік желіде қолымдағы телефонмен-ақ блогер бола аламын» деген ой пайда болды. Бірақ журналистиканың өзінің тәртібі мен әдебі бар. Сондықтан әрбір нәрсені өзінің маманы дұрыс жасай алады деп ойлаймын. Қазір ақпарат ағыны өте көп. Сондықтан, журналистер осыны пайдаланып, жеңіл жағына ауысып кетті. Бұрын кейбір науқандық мезгілдерде, мәселен қой төлдету кезінде шопанның ауылына барып, сол жақта жатып, бәрін өз көзімен көріп, еңбек адамдарымен тікелей сұқбаттасып жазып, хабар, тіпті очерктер жазатын. Әрине мұндай әдіспен жазылған дүниенің әсері де көп болатын. Осы жағы қазір кемшін. Осыған байланысты, кейде басқа салада жүрген ағаларымыздың жазғандары әсерлі шығып жатады. Бұл да құптарлық іс. Журналист болу не болмау міндетті емес. Ең бастысы өз салаңыздың мықты маманы болсаңыз, журналистің назарында жүресіз. Қандай жағдайда болсын, пікір айтуда, жазуда т. б. жауапкершілікті сезіну –басты мақсаттың бірі болуы тиіс. Тек бір жақты кетіп қалуға болмайды. Ретті жерінде жітістікті, керек тұста кемшілікті де жазу қажет.

            Дөңгелек үстөлді қорытындылаған аудандық «Темір» газетінің Бас редакторы Бердіхан Әділханов,  редакция тарапынан қолға алынған «Рухани жаңғыру»    бағдарламасы аясында, «Тарих естелігі – ұрпақтар сабақтастығы» атты  жоба бойынша алдағы уақытта да түрлі шаралар ұйымдастырылатынын айтып өтті және осы жоба аясында білім ұжымдары мен түрлі ұйымдар мен мекемелерде  аталған тақырыпқа сай   жұмыстар атқарылып, оған қатысқандар  өз пікірі мен ұсынысын айтуды, сонымен бірге  оқырмандар да газетке  мақалалар мен сұқбаттар жазып, редакцияға жолдауын қалайтынын жеткізді.

                                                                                                                              Ә. ДӘУҰЛЫ.