Ақжар елді мекені

0
106

«Атамекен – алтын бесік» деп, әр адамға өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған жері аса қымбат. Туған жердің топырағына аунап, бар жақсысын бойыңа сіңіріп өскен соң, оның баға жетпес орда екендігі сөзсіз. Кең байтақ қазақ жерінің тарыдай ғана бір бөлігін алып жатқан Шұбарқұдық ауылы – қазіргі таңда облыстағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі, Темір ауданының орталығы. Он бес мыңдай халқы бар елді мекеніне талай қоғам қайраткерлері, елімізге белгілі өнер иелері ат басын тіреген. Сонымен қатар туған жерімізден шыққан,  аудан тарихынан ойып тұрып орын аларлықтай тұлғаларымыздың бары да халыққа мәлім. Қасиетті Шұбарқұдық даласының тарихы бабаларымыздың ат тұяғымен жазылып, бізге аманат ретінде жетіп отыр. Ал бүгінгінің міндеті – аманатқа қиянат жасамау. Ұрпақ ретінде міндетімізді атқару үшін туып, өскен жеріміздің атына кір келтірмей, абыройын биікке көтеруіміз керек. Туған жеріміздің өркендеуі мен дамуына үлес қоса отырып, тарихымыздың ұмыт болмауын ескеру әсте маңызды.

Қалмаққырғаннан 7 шақырым жерде Ақжар атты елді мекен орналасқан. Төбе басында аппақ жар саз болып көрініп жатқандықтан жергілікті халық «Ақжар» деп атап кеткен. 1936 жылы  осы саздан кірпіш иленіп, сапалы А.К.З. маркалы қызыл кірпіш өндіріле бастады. 1952 жылы заводты соғыс ардагері Досқалиев Насибулла басқарса, содан кейін уақытша А. Иванов басшылық  еткен.

Аталмыш өндіріс орны күні кешеге дейін жұмыс жасады. Жергілікті тұрғын, атамыз Мадремов Махмуд Өмірбекұлы 1933 жылы туылып, Ақжар ауылында жастық шағы өткен. Әскерден соң ұшқыш қызметін атқарып, денсаулығына байланысты ауылға оралады. Содан осы кірпіш зауытында қарапайым жұмысшы қызметіне қабылданып, директорлық лауазымға дейін көтерілген. Қазіргі таңда Махмуд атамыздың үш баласы газ қызметінің зейнеткерлері, Ақжар ауылының қыры мен сырын жетік білетін жандар. Жастық шағында кірпіш зауытында қызмет атқарған, Ақжар ауылының тұрғыны, ауыл тарихының куәсі болған Байдышев Амангелді атамызды да айтпай кетпеске болмайды. Қазіргі таңда Қопа елді мекенінде тұратын 80-нен асқан зейнеткер атамызбен сұқбаттасқанымызда, кезінде Ақжар ауылы жағдайының  жақсы болғанын айтып, өзімен замандас болған Махмуд Өмірбекұлы екеуінің басынан өткерген керемет күндерін күрсіне еске алды.

Ақжар ауылы – уақытында халық көп шоғырланған елді мекен болған. Әсіресе, тағдыр тәлкегіне түсіп, жер аударылған басқа ұлт өкілдері – немістер, беларустар, шешендер, чуваштар, татарлар тұрған. Ауыл алғаш құрылған  тұста жалғыз құдық болса, кейін халықтың көбейе түсуіне байланысты болса керек,  екінші құдық қазылған. Ауылда мектеп, жасыл желекті саябақ, екі дүкен, мәдениет үйі, кітапхана, кинотеатр, жұмысшылар жатақханасы, монша жұмыс жасапты. Кейіннен үлкен клуб салынып, кітапханасында атамыз Мадремов Махмуд Өмірбекұлының жұбайы Хайбуллина Мадения Абрахманқызы кітапханашы болып бірнеше жыл жұмыс жасаған. Әжеміз Мадения Абрахманқызы – Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мамандығын бітірген тіл маманы. Өмірден озғанша баспасөздің бірде бір нөмірін жібермей   оқып, жаңалықтардан хабардар болып отыратын кісі болған. Аталған тұлғалардың отбасылық өмірі Ақжар ауылы тарихының куәсі болған. Атақтары қыр мен сырға мәлім болмаса да, оларды ауыл тарихымен байланыстыру – бүгінгінің міндеті болып отыр. Осындай өндіріс орны бар Ақжар ауылында қазіргі таңда  Мадремовтер әулеті тұрып жатыр.

Халыққа қызмет етіп, еңбек еткен тұлғаларымызды еске алу – ұрпақ парызы. Елімізге елеулі, халқымызға қалаулы тұлғаларымыз көбейе берсін!

Мадремов Махмуд.