АРЛАН АЛҒАН АРУ

0
90

      Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласындағы ер-азаматтардың ерлігі айтылып, жазылғанымен, тылдағы еңбек майданында тер төккен қыз-келіншектердің ерлігі ескерусіз қалғандай… Әкелері, азаматтары, бауырлары соғысқа аттанғанда, елдегі ауыр жұмысты нәзік иықтарына артқан осы жандардың әр күні қиындыққа толы болды. «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен таңды атырып, түнді батырған еді.

          Анам Балаушина Ақілгек Әлібайқызының туғанына биыл 100 жыл, өмірден өткеніне 22 жыл толыпты. Менің анамның да жастық шағы осы зұлматты жылдарға тап келген. Сол уақыттары өзінің ғана емес, тұтас елдің басына түскен ауыртпалықты анамыздың әңгімесінен естіп өстік. Сол әңгімелерден құлағымда қалған, санама сіңген бір оқиғаны қағазға түсіріп, аудандық  «Темір» газетіне арнайы жолдап отырмын. Ондағы ойым, сол кезеңдегі тылдағы жағдайды бір оқиға желісімен болса да көрсету, сезіндіру еді. Оқиғаны анамның өз баяндауымен ұсынамын…

«Менің әкем Әлібай үнемі: «Лениннің құрдасымын» деп айтып отырушы еді. Соған қарағанда 1870 жылы туылған болуы керек. Сонда соғыс басталғанда 71 жаста болғаны ғой.  Әкемнің інісі жұмыс жағдайымен елден алыста жүргенде қайтқан екен. Содан інісінің артында қалған отбасын қолына алып, асырап бақты. Одан кейін немере інісі қайтып, оның да жанұясын қолына алды. Жесірін, жетімін шашау шығармай, 1930-1933 жылдың алапат аштығында бір адамды, бір баланы шетінетпей, аман алып шықты.

Содан соғыс басталғанда өзінің екі баласы, інісінің бір баласы, бір үйден үш адам қан майданға аттанды. Әкем әр күн сайын таң атпай тұрып, дәретін алып, ас үйге барып жүрелеп отырып, күбірлеп тілек тілеп отыратын. Иә, ол кісі «Таңғы тілек Тәңірге жетеді» дегенді жиі айтушы еді.

Сонымен, біздің колхоздың әскерге жарамды еркек кіндіктінің бәрі түгел соғысқа аттанып кетті. Бір үйлі жанның барлық ауыртпалығы, әлі тұрмысқа да шығып үлгірмеген маған түсті. Тек маған ғана емес, жалпы колхоздың барлық ауыр жұмысы елде қалған қыз-келіншектердің мойнына артылды ғой.

Біздің колхоз Темір қаласынан жиырма шақырым жерде, Темір өзенінің бойында орналасқан, Балдысай ауылы, Жамбыл колхозы деп аталатын. Колхоз қой шаруашылығымен айналысты, аздап егін де екті. Ала жаздай қыстақтарға екі өгіз жеккен арбамен шөп, арасында сол арбамен қырманға жем тасимыз. Қыстақтың айналасына шөпті іскірт қылып үюге шама жоқ, шөмеле-шөмеле қылып тастай береміз.

1942 жылдың 1943-ке қараған жылы қыс өте қатты болды. Қыс ерте түсіп, жәй шықты. Қасқыр да масқара көбейіп кетті. Қазақтың: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегені сол жылы дәл келді.  Қасқырдың көптігі сол, түнде қар басқан тоқал тамдардың төбесінде ойнақтап, көршілер бір-біріне басын жүн жіппен қабат-қабат қылып қатты ораған, малдың қайнаған майына суарылған от шоқпар (факел) алып баратын. Түнге қарай соққан боранның гуілімен араласып, қасқырдың ұлығаны кейде алыстан, кейде жақыннан естіліп, жүрегіңді тітіркендіретін.

Сол жылы қаңтарда колхоздың қойларына жем жетпейді деп, төрт пар өгіз шананы Қожасайдан жем әкелуге жіберді. Колхоздың басқармасы әкемнің немере інісі, алпыстан  асқан Жаманқара деген ағайымыз еді. «Ал, айналайын Ақілгек, сен мына үш әйелді бастап, Қожасайдан төрт-бес рет қатынап, жем әкелмесең, ертең жеміміз жетпей, қойымызды қырып алуымыз мүмкін. Саған сенемін, сен Әлібайдың қызысың ғой» деп аттандырып салды.

Қожасай ауылы бізден отыз шақырымдай жерде екен, соған таңғы бестен шыққаннан кешкі 10-11-лерде жеттік. Ол жақтың колхозшылары өгізімізді жайғап, таңға дейін арбамызға шөп тиеп  берді. Біз таңғы алтыда жолға шықтық. Алда менің өгіз арбам, ішіндегі қажырлысы осы екеуі, соғыстың төрт жылында жолға тастамай серігім болды. Қалғандарын шананың артына тізіп байлаймыз. Алдыңғысы омбы қарды жарып,  жол салып отырады.

Қожасайдан 10-15 шақырым  ұзаған соң, тоғайдың арасынан бір топ қасқыр шыға келіп,  бізді қоршап, қарды боратса бола ма! Қолымыздағы қаруымыз – теріден тігілген мес қалтадағы, ішіне жылқы майымен араласқан май толы местеге тығулы, отшоқпар. Соны ала салып, жағып алып, қасқырларға біраз сес көрсеттік. Орамалымызды тұмшалап тартып, жең, қоныш, бел барлығын тұмшалап таңып аламыз. Қасқырлар боратқан  қардан осылай қорғанбасақ, қойны-қонышымызды қарға толтырып тастайды. Отшоқпарымыз көмескілене бастаса, екіншісін тұтатып, алдыңғысын сөндіріп, қайтадан май толы меске тығып қоямыз. Осы отшоқпардың арқасында Қожасайға барғанша екі-үш қасқырмен алысып жетіп едік, қайтарда да бір топ қасқырдан қорғануға тура келді. Қысқасы, осылай бірнеше рет қатынап, қасқырмен алысып жүріп, бізге бөлінген жемді тасып алдық.

Сонымен Қожасайдан жем тасып болған соң, басқарма ағай: «Ақілгек, қарағым, бір шаруаны абыроймен  атқардың. Енді «Аша» деген қыстақта екі отар қой қыстап жатыр, жазда өзің талай шөп тасыған жерің. Өгіз шанаңды алып, қыстай сонда қыстап, қыстақтың айналасындағы өзің үйген шөмелені қардан ашып, шөпті қойларға жеткізіп  бересің. Қасыңа шананың үстіне жайып тұруға жарайтын бір әйелді қосамын. Қыстақта қазір бір 80 жастан  асқан дімкәстау үлкен кісі, оның 60-тан  асқан кемпірі және 10-11-лердегі немересі бар. Сен барғасын қастарыңа сенің шешеңді де қосамын. Сонымен сол алтауың екі мың бас қойды осы қыстан алып шығасыңдар» деді.

Содан қасыма берген жасы үлкен апайды салып алып, қос өгізді ұзын жас талдан жасалған шыбыртқымызбен кезек-кезек шыбыртып, түс әлемінде Ашаға да жеттік. Катонды да, жапсарлап салған тоқал тамды да қар басқан, айнала жаздай тасып үйген шөмелелер қардың астынан төмпешік болып көрініп жатыр. Екі-үш күннен кейін басқарма ағай шешемді де әкеліп тастады. Ол кезде шешем де 50-ден асқан  кісі еді. Сексеннен асқан үлкен кісі әйтеуір бізге ес, даусы жуандау адам еді. Кеш түсе, «айтақ-айтақ» деп айқайлап, катон жақты бір айналып келіп жатады.

Бір күні шаруаны жайлап келіп, шамның жарығымен тамағымды ішіп алдым да, төсегіме жатып, қалжырағаннан қатты ұйықтап қалыппын. Бір кезде үлкен кісінің: «Ақілгек, Ақілгек, тұршы, ана катон жақтағы қойлардың дүркіреп үркуі жаман, бірдеңе болған сияқты» деген даусынан оянып кеттім. Үлкен кісі таяғын сүйеніп, сырттан келіп тұр екен. Апыл-ғұпыл киіне салып, далаға жүгірдім. Бұл кезде үйдегілер де дауыстан оянып: «Ойбай, не болды?» деген үреймен түгел киініп жатты. Далаға жүгіре шыққанымда, толған айдың сәулесінен айнала жап-жарық болып тұрғанын көрдім. Боран да бір сәт тына қалып, аяз күшіне ене бастапты. Қора жақтағы қойлардың бірдеңеден үркіп, топырлап жатқаны байқалады. Жалма-жан  катонның қақпасын тіреп тұрған айыр сапты ала салып, ашып жібердім. Бір қасқыр,  қойлардың ортасына ойран салып, бірнешеуін жарып тастап, біреуін жәукімдеп жатыр екен. Бар даусыммен айқайлап, айыр сапты құлаштай көтергенімде, қасқыр да қан-қан тісін ақсита маған қарай атылды. Құлаштай  көтерген айыр сапты атылған қасқырға сілтеп қалғанымда, құлақ шекеден тиген, ауыр соққыдан есеңгіреп қалды-ау деймін, қасқыр бір айналып барып, құлап түсті. Сол қас-қағым сәтте қасқырды екі құлағын жалымен қоса ұстап, үстіне мініп алыппын. Екі құлақтан төмен тұқыртып, езгілей бастап едім, ол да есін жинап алды-ау деймін. Азу тістерін ақситып, басын екі жаққа шайқай берді. Шайқаған сайын азу тістері қолыма тиіп, қан жоса болды. Бірақ бойыма алапат күш біткендей, қолымды қасқырдың азу тістері сойып жатса да, ауырсынбаймын. Бар күшіммен үстінен жерге қарай баса түсем. Атша мініп алған мені көтеріп-көтеріп жібергенде, аяғым жерге тиер-тиместей болып қалады. Сөйтіп  арпалысып жатқанда, үйдегі адамдар да келіп жетті-ау. Олардың да қолдарында кесеу, таяқ, шалдың кемпірінде қолшам. Оларға: «Тұмсықтан ұрыңдар!» деп айқайлап жатырмын. Аңшы ағамыздың айтқаны есімде: «Қасқырды соғып алғанда, тұмсықтан ұру керек» дегені. Шешемнің қолында кесеу екен, баласы үшін аянсын ба, барын салып тұмсықтан ұрғылап жатыр. Жан беру оңай ма, қасқыр да барынша жанталасып бақты. Тек қасқырдың жаны шықты-ау дегенде есімді жиып, қолымды алайын десем, қолым қарысып қалыпты. Шешем егіл-тегіл жылап жүр. Оны ана екі әйел жұбатып әлек. Сөйтіп жатқанда, үлкен кісі күректің басын үйге барып отқа қыздырып келіп, басыма ұстап тұрып, мұздай суды қызған күрекке құйып (қорықтық құйғаны) тұрып, күбірлеп дұғасын оқып, қолымды әзер дегенде ажыратып алды. Екі қолымның сырты жырым-жырым, қан-жоса. Үйге жетектеп апарып, киізді күйдіріп басып, екі қолымды орамалмен таңып тастады. Шешем қасыма отырып, басымнан сипап, шаққа дегенде ұйқыға кеттім-ау.

Таңертең қасқырдың қораға қалай кіргенін білдік. Қақпаның алдын аршыған  қарды катонның жанына лақтыра беріппіз ғой. Ол қар үйіліп, өсе-өсе төбеге жақындаған. Ал қасқыр сонымен төбеге шығып, төбені тесіп ішке түскен екен. Үлкен кісі біраз жерге дейін барып, қарап келгенін айтты. Сөйтсе, айналада жеті-сегіз қасқырдың ізі шұбырып жатыр екен. Содан ол: «Басқармаға барып, хабар берейін» деп қораның бұрышында тұрған, жаздай қойды бағуға мінген мәстек атын ерттеп, немересін артына мінгізіп, ауылға кетті. Түс қайта басқарма ағай да ат шанасымен жетті. Келе мені көріп: «Ойпырм-ай, қызым-ай,  әйтеуір өздерің амансыңдар ма?..» деп құшақтап, маңдайымнан сүйіп жатыр.

Түндегі қасқыр алты қойды жайратқан екен. Басқарма қасқырды әрі-бері аударып көріп: «Ойпырм-ай, мынау нағыз арлан ғой! Бұл арланды үш-төрт жылдан бері қолыма түсіре алмай жүр едім, қызым-ай, сен алған екенсің. Өте әккі, әрі шапшаң, қайтпайтын қасқыр еді, талай жылқыны да жарып кеткен» деді.

Басқарма ағай содан қасқырдың терісін сыпырып, созып қойып, адымдап өлшеп жүр. «Мынау мен алған талай қасқырдан әлдеқалай ірі екен» деп қояды, ауық-ауық күбірлеп. Ол кісі де жасынан аңшы болған кісі. Ағай содан кейін қолымды шешіп қарап, қасқырдың табанынан өтір бәкісімен терісін жұқалап сылып, табаға аздап шыжғырып, екі қолымдағы жараға ыссылай басып, орамалмен таңып тастады. Содан кейін қасқырдың ішін жарып, жүрегін, іш майын әкеліп, шешеме: «Мынаны ұсақтап турап, іш майға қуырып, таусылғанша қызыңа бер, жүрегі тітіркеніп, бойын қорқыныш алған шығар, бұны жеген соң жүрегі басылып, бойындағы  қорқынышы кетеді» деді.

Басқарма ағай: «Алмастыратын басқа адамым жоқ» деп, қойды қайта бізге аманаттап, ауылға кетті. Сонымен қыспен, қасқырмен алысып, сәуір айының аяғында екі мың қойды басшылар келіп санап алып, қойшыға тапсырып, үйімізге қайттық-ау. Үйде әкем: «Ойпырм-ай, қарағым-ай, сенің құлаштап сілтеген айыр сабың қасқырдың құлақ шекесінен дәл тимей, тайып кеткенде, алқымыңды орып түсетін еді. Саған тура атылғанда  сол алқымыңнан алуды көздеген ғой» деген еді. Сөйтіп үлкен бір қауіптен, ажалдан аман қалдық» деп аяқтаған еді, анам әңгімесін…

2002 жылы Орынбордан Қандыағашқа бір суретші келіп, бұл суретті оқиға желісін айтып отырып, майлы бояумен салдырған едім. Әуелі эскизін, артынан толықтырып, бір ай дегенде салып шықты. Сол сурет маған өте қымбат. Өйткені ол менің анамның қыз кезінде, ел басына төнген қиын кезде жасаған ерлігін есіме салып отырады. Мен оны үйімнің қақ төріне   көрнекті жеріне іліп қойғанмын.

Мен өзім Сәңкібай батырдың тікелей ұрпағы боламын. Әлгі суретшіге Сәңкібай бабамның жасаған ерлігін де баяндап беріп, сол оқиға бойынша сурет салдырған едім. Ол сурет те менің төрімде ілулітұр. Бұл туралы  бұрын осы «Темір» газетінде жарияланған болатын.

Мен осы оқиғалар туралы салынған әлгі суреттерді көрсете отырып, немерелеріме жыр етіп айтып отырамын…

Тағы бір айта кететін жайт, әкемнің соғысқа кеткен үш баласы қан майданнан аман оралды. Інісінің баласы келгеннен кейін  ауырып қайтты. Ал өзінің екі баласы, біреуі 78 жасында,  екіншісі 83 жасында өмірден озды. Ағаларым соғыстан келгесін: «Аспаннан жауған, жерден атылған сансыз оқтан қалай аман қалдық?» десек, әкеміздің таңда тілеген тілегін Тәңіріміз қабыл алып, оқтан қаққан екен ғой» деп  отырушы еді…

                                                                                               Тұрсынбай БАЛАУШИН.