Бес сұрақ

0
148

 

     –  Жасым мен жинағымның сомасы жеткілікті болғаннан кейін, мен оның бір бөлігін сақтандыру компаниясына аудардым. Енді қалған бір бөлігін қайтадан зейнетақы қорына қайтарғым келеді. Бұл мүмкін бе?

–  2003 жылдан бері біздің азаматтардың өмірді сақтандыру компанияларымен (бұдан әрі – ӨСК) зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға құқығы бар. Мұндай шарт азаматтарға зейнеткерлік жасын күтпестен жыл сайынғы индекстеуді (кемінде 5%) ескере отырып, ӨСК-ден тұрақты төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік береді. 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген сақтандыру нарығын дамыту туралы Қазақстан Республикасының Заңымен зейнетақы аннуитеті шарты бар азаматтарға ӨСК-дан ақшаны БЖЗҚ-ға ішінара қайтару құқығы берілді. Заңды іске асыру үшін 2022 жылғы 20 қазанда тиісті нормативтік құқықтық акт (НҚА) қабылданды. Ол ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, атап айтқанда, 2022 жылғы 8 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді. Көрсетілген күннен бастап, зейнетақы аннуитеті шарты бар азаматтар ӨСК-ге өтінішпен жүгініп, зейнетақы аннуитеті шартының ең төменгі құнынан асатын сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін БЖЗҚ-ға қайтара алады. Ол үшін зейнетақы аннуитеті шарты ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес төлемдерді қамтамасыз етуге тиіс жаңа шарттармен қайта жасалады. Сақтандыру ұйымдары сақтанушы өтініш берген күннен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде қайтарылуға жататын ақша сомасын БЖЗҚ-ға аударуға міндетті.

 

– Жақында жеке шағын компанияға курьер болып жұмысқа орналастым. Менің жеке шотыма зейнетақы аударымдары уақытылы түсіп отырғанын білуге бола ма?  Оны қалай жасаймын?

– Біріншіден, жұмысқа орналасу кезінде Сіз міндетті түрде жұмыс берушімен еңбек шартын немесе азаматтық-құқықтық келісім-шарт жасасу арқылы қарым-қатынасты рәсімдеуіңіз керек. Екі жағдайда да жұмыс беруші (салық агенті) ай сайын міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ)  жеке зейнетақы шотыңызға  табысыңыздың 10 % мөлшерінде аударуға міндетті.  Оның жарналарды аудару бойынша өз міндеттемелерін адал орындайтындығына көз жеткізу үшін олардың шотқа түсуін бақылау қажет.

БЖЗҚ салымшыларға түрлі әдістерді ұсынады. Олардың ішінен ең жоғары сұранысқа ие боп тұрған – Қор сайтындағы және БЖЗҚ ұялы қосымшасындағы Жеке кабинет. ЭЦҚ немесе ЖСН мен құпиясөзді пайдалана отырып, Сіз кез келген уақытта Жеке кабинетіңізге кіріп, зейнетақы жинақтары мен қаражаттың түсуін көре аласыз. Ол үшін  Қор сайтына кіресіз, оның жоғарғы оң жақ бұрышында «Жеке кабинет» деген тиісті жазуы бар белгіше орналасқан. Соны басып, «Жеке тұлға кабинетін» таңдаңыз. Жаңадан бастаушылар үшін тіркелу қажет.

Егер  электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, ол Сізге екі жағдайда қажет болады. Біріншіден, ЭЦҚ көмегімен Сіз жай ғана өз кабинетіңізге кіресіз. Бірақ цифрлық қолтаңбаның жарамдылық мерзімі бар және оны egov порталында қайта тіркеу өте жылдам. Десек те, оның көмегімен мынаны бірден жасап алғаныңыз дұрыс: Сіз Жеке кабинетке – «Қызметтер» бөліміне кіріп, деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу және «ИНТЕРНЕТ – ақпараттандыру әдісін» таңдаңыз.

Егер ЭЦҚ болмаса, Сіз БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне бір рет барып, онда ақпараттандыру тәсілі ретінде интернетті таңдайсыз. Осыдан кейін Жеке кабинетке ЖСН және өзіңіз таңдаған құпиясөз арқылы кіруге болады.

Жоғарғы сол жақ бұрышта «Қызметтер» функциясы бар. Оны басу арқылы  қызметтердің түрлері көрсетілген ортақ бөлімге кіресіз. Сізге жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу керек. Өзіңізді  қызықтыратын кезеңді көрсетіп, содан кейін алынған үзінді көшірмені компьютерге жүктеуге немесе қалауыңыз бойынша электрондық поштаға жіберуге болады.

Жеке кабинет арқылы шоттың жай-күйін ғана емес, сонымен қатар зейнетақы жинақтарын төлеуге өтініштерді қарау мәртебесін бақылап,  деректемелеріңізді өзгертуге,  зейнетақыны болжауға және т. б. болады.

Қорда зейнетақы жүйесі мәселелері жөнінде жалпы кеңес алуға болатын 1418 тегін нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.

 

    – БЖЗҚ-да қандай төлемдер бар және оларға кімдер құқылы?

– БЖЗҚ-дан белгіленген кесте бойынша міндетті зейнетақы жарналары мен кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне зейнет жасына толған адамдар: ерлер – 63 жасқа толғанда, әйелдер –  ағымдағы жылы 60,5  жасқа толғанда, 2023 жылы — 61 жасқа толғанда құқылы. Алушылардың екінші санаты – егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар.

Жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындау, сондай-ақ БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу үшін бірыңғай өтініш және құжаттар топтамасымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына ғана жүгіну қажет. Алушыға белсенді, яғни әдепкі бойынша мемлекеттік кепілдікті төлеу жөніндегі қызмет көрсетілетін болады.

Егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру үшін, Қордың тікелей кеңсесіне немесе «Электрондық қызметтер» бөліміндегі сайт арқылы жүгінулері қажет.

Зейнетақы төлемдерін алу үшін қажетті құжаттар тізімі enpf.kz сайтында егжей тегжейлі көрсетілген. Бұл ретте зейнетақы төлемін алуға өтініш берген күн болып:

— зейнет жасына толған алушылар үшін өтініш – Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күн;

— бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар алушылар үшін, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе – БЖЗҚ-ға құжаттар қабылданған не түскен күн есептеледі.

Салымшы 45 жасқа толған кезде, зейнетақы жинақтары республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болмаған кезде зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы өз жинақтарын сақтандыру компаниясына аударуға болады.

Бұдан басқа, зейнетақы жинақтары төлемін алуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда құқығы бар.  Тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдерді алу үшін көші-қон полициясы органдарында белгіленген тәртіппен кетуді ресімдеу рәсімінен өту, басқа мемлекеттің азаматтығын алу, содан кейін Қорға қажетті құжаттар тізімін ұсыну қажет.

Зейнеткер немесе БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, жинақтар заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Сондай-ақ, БЖЗҚ қайтыс болған адамды жерлеуді жүзеге асырған адамға  52 АЕК шегінде жерлеуге біржолғы төлем төлейді. Бүгінде оның мөлшері 166 мың 632 теңге.

     – Менің анама БЖЗҚ-да жинақтары бар екендігі туралы sms-хабарлама келді. Бұл не? Өйткені, оның зейнеткерлікке шыққанына бес жылдай болды. Бұл «алаяқтық» емес пе?

–  БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп зейнет жасына толған және БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдар бойынша жыл сайынғы салыстырып, тексеруді жүзеге асырады. Салыстыру барысында БЖЗҚ мамандары зейнет жасына толған және мемлекеттік бюджеттен зейнетақы алатын адамдарға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне жүгіну қажеттілігі туралы хабарлайды.

Мұның неліктен болып жатқанын түсіндірейік: жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау үшін, сондай-ақ БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу үшін азаматтар бірыңғай өтінішпен және құжаттар топтамасымен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына ғана жүгінулері қажет. Алайда 2018 жылға дейін, Сіздің анаңыз зейнетке шыққан кезде, мұндай қызмет болған жоқ: зейнет жасына толған кезде азаматтар Мемлекеттік корпорацияға базалық зейнетақы мен жасына байланысты зейнетақы алу үшін бөлек, ал зейнетақы жинақтарынан төлемдер алу үшін БЖЗҚ-ға бөлек құжаттар тапсырды. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген және мемлекеттік төлемдерді ала бастаған кейбір азаматтар БЖЗҚ-ға төлем алуға өтініш білдірген жоқ. Дәл осындай өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша Мемлекеттік корпорацияның 1414 Бірыңғай нөмірінен мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне sms-хабарлама жіберу арқылы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Мұндай хабарламаларды алған адамдарға тек жауап хабарлама жіберсе болды, БЖЗҚ-ға немесе ХҚКО-ға басқа да қосымша өтініштер жіберу және құжаттарды тапсыру талап етілмейді. Одан әрі БЖЗҚ-дан төлемдер жасына байланысты зейнетақы төлемдерімен бірге мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау кезінде бұрын Мемлекеттік корпорацияға берілген банк шотына есептеледі. Бұл ретте БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері мен мерзімі алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығына байланысты болады.

        –  Менің досым зейнетақы жарналарын аудармай, «көлеңкелі» жағдайда жұмыс істеп жүр. Ол: «Зейнетақы жинақтарымызды алатынымызға кепілдік жоқ» дейді. Мен бұған қарсылық білдірдім. Осы мәселені заң аясында түсіндірулеріңізді өтінемін. Көмектесіп жіберіңізші.

– Қазақстан – зейнеткерлікке шыққан кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел. ҚР «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң (5-бап) алушыларға зейнетақы төлемдеріне құқық алған кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген жарналар мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары мен БЖЗҚ-дағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді. Басқаша айтқанда, адам зейнетке шыққан кезде оның жеке зейнетақы шотындағы кірістілік жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған барлық кезеңдегі инфляция деңгейіне қатысты есептеледі. Егер осы уақыт ішінде зейнетақы жинақтарының кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болса, мемлекет бұл айырмашылықты өтейді. Сондықтан салымшылардың жинақтары сенімді қорғалған және бұл қаржы нарықтарындағы оқиғалардың қалай дамитынына және инвестициялық табысқа қатысты жағдайдың қалыптасуына байланысты емес. Салымшылар зейнет жасына толған кезде мемлекеттің кепілдігі бойынша төлем жасау құқығын алады. Бұдан басқа, бұл құқыққа, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, І-ші және ІІ-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен адамдар, МЗЖ, МКЗЖ аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда мұрагерлер ие болады.

  БЖЗҚ.