КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ

0
134

16 желтоқсан күні аудан әкімі Саламат  Аманбаев пен ауданымызға жұмыс сапарымен келген Түрікстан облысы Кентау қаласындағы «Бала би» құран жаттау орталығының директоры, Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Арман Баймаханұлы Қуанышбаевлен арада  меморандумға қол қою рәсімі болып өтті.   Шараға аудандық мәслихат хатшысы Болат  Шаимов, аудан әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева және бірқатар бөлім меңгерушілері мен  жергілікті дін,  БАҚ өкілдері қатысты. Арман Баймаханұлы Қуанышбаев аталған рәсімнен кейін, аудандық мәдениет үйінде  тұрғындармен «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» атты кездесу өткізді.

Жоғарыда аталған меморандумнің негізгі мақсаты – қол қойыған тараптар ынтымақтастықты арттыра отырып әрі  өзара әрекет етіп, мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету және олардың біліктілігін арттыру, көзқарасын өзгертуге ниетті деструтивті дін өкілдерін құран жаттау орталығындағы қысқа мерзімді семинарларға қатыстыру туралы өзара келісім болып табылады. Тараптар меморандумға қол қойылған соң   келісімде көрсетілген  талаптардың сәтті орындалуына  тілектестіктерін білдірді. Сондай-ақ шара барысында сөз сөйлеген  Саламат Аманбаев, Болат  Шаимов пен Нұрлыгүл Көшекбаева, соңғы уақытта қарқынды жұмыс атқарудың нәтижесінде аудандағы діни ахуал тұрақтанғанын, дегенмен мешіттерді  сауатты имамдармен қамтамасыз ету жағынан әлі де болса қиындықтар бар екенін, сондықтан бүгінгі қол қойылған меморандум осы және тағы басқа да мәселелерді шешуге жәрдем беретініне сенетіндіктерін жеткізді. Өз кезегінде Арман Қуанышбаев та, бұдан бірнеше жыл бұрын Темір ауданына іс сапармен келгенін, содан бері өңірдің дамып, көп нәрсе өзгергенін, әсіресе Досжан ишан  кешені мен жаңадан салынып жатқан мешіттің архитектуралық ерекшелігі мен ауқымының кеңдігі риза еткенін білдіріп, аудан басшыларына осы бағытта жасап жатқан жұмыстарына табыс тіледі.

 

Ал, аудандық мәдениет үйіндегі тұрғындармен ұйымдастырылған «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» атты  кездесуде А. Қуанышбаев,  ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрінің арасындағы байланыс пен ұқсастықтар туралы сөз қозғады. Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесу барысында А. Қуанышбаевқа, жиналғандар тарапынан өздерін қызықтырған   сұрақтар да қойылды.   Солардың бірі: «Еліміздегі Ислам дінінің саясат құралына айналған немесе халқымыздың құнды салт-дәстүріне кері әсерін тигізетін тұстары бар ма?» деген сұрақ болды. Бұл сұраққа  А. Қуанышбаев: «Біздегі муфтияттың ішкі тәртібі бар. Сол тәртіп бойынша, біз саясатқа араласпаймыз. Дегенмен, біздің кейбір қызметкерлеріміз кейде елде болып жатқан оқиғаларға пікір білдіріп қалатын жағдай болады. Ол муфтияттың пікірі емес. Біз мұндайды қолдамаймыз. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Ол Ислам дінінің негізгі мақсаты – елді тыныштыққа, бірлікке шақыру. Бұл біздің ең басты міндеттеріміздің бірі болып саналады.  Осы міндетімізді атқаруымызды кейбір кісілер саясатқа араласты деп түсінетін  секілді. Біз рухани адамдармыз. Рухани адамнан ел не күтеді? Дұрыс бағыт пен дұрыс жолды нұсқауды күтеді. Ал ең дұрыс бағыт не? Ол – халқымыздың бірлікке және елдің тыныштығына ұмтылу. Сондықтан кейде имамдарымыз  ел алдына шығып, тыныштыққа шақырып жататыны рас. Мұны саясатқа араласу деп емес, асыл дініміздің бейбітшілікке шақыру туралы бұйрығы деп ұғынуымыз керек. Қазір білектің  емес, білімнің күшімен дамитын заман. Парақорлық пен жемқорлық сияқты арам қылықтар елге тек зиян әкеледі. Ел мен биліктік алдына шығып, біз мұны да айтып жүрміз. Біздің қалайтынымыз – халқымыздың бірлігі мен еліміздің тыныштығы» деп жауап берді.

Кездесудегі: «Халқымызда көз тимесін деген ниетпен әртүрлі жылтырақ моншақ, тиын, түйме, тұмар  т. б. тағып қоятын әдет бар. Осыған көзқарасыңыз қалай?» деген сұраққа А.Қуанышбаев, көз тиіу деген исламда да, қазақтың салт-дәстүрінде де бар екенін  тілге тиек ете келіп, пайғамбарымыздың  осы мәселе бойынша, кісінің назарын басқа жаққа бұрып, көз тиіуден сақтану туралы айтқанын еске салып өтті.

Сондай-ақ, кездесуде тұрғындар тарапынан: «Бала би» құран жаттау орталығы балаларды неше жастан бастап оқуға қабылдайды?» деген сұрақ  қойылды.

–  Елімізде діни білім беретін Нұр Мұбарак Университеті және бір институт, 9 колледж, 6 қарилық орталық бар, – деді бұл сұрақ бойынша жауап берген А. Қуанышбаев. –  Соның бір қарилық орталығы – Түрікстан облысындағы Кентау қаласында орналасқан. Мен сол оқу орнының директорымын. Құранды жатқа айтатын адамды қари деп атайды. Біз оқуға ер баланы 6-шы сыныптан жоғары, қыз балаларды 9-шы сыныптан кейін,  жаттау қабілеті  мен мектептегі  бағасын тексеріп, тек 4 пен 5-ке оқығандарды ғана қабылдаймыз және бүкіл 30 пара Құранды жатқа айтатын деңгейдегі қарилерді дайындаймыз. Оқу тегін. Бізде бір баланы оқыту үшін жылына 700 мың теңге жұмсалады.  Орталықты бүкіл Қазақстан бойынша  жігіттер мен қыздар ерікті түрде қаржыландырып,  ұстап отыр. Сол жігіттер мен қыздардың сенімдерін ақтау үшін біз оқуға балаларды әбден тексеріп, таңдап аламыз. Бүгінде медресенің құрылғанына 4 жыл болса, біз осы уақыт ішінде 28  шәкіртті оқытып шығардық.  28   қаридың  8-і бір отырыста, яғни 20 сағат бойы тапжылмай отырып, бір деммен тоқтамастан, кітаптың бетін ашпай, Құранды түгел судай етіп, жатқа оқып береді.  Осындай жұмыстардың арқасында, бұрын Рамазан айында Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан қарилар шақырып әуреге түсетін біз,  биылғы жылы бұл мәселені 95 пайызға қысқарттық. Темір аумағы Досжан ишан өмір сүрген тарихи өлке. Бұл өңірден қазір де сол ғұламаның жұмысын жалғастыратын діни білімді жастар шығуы ләзім деп ойлаймын. Негізі  2 жыл оқыған кісі – молда, 4 жыл оқыған – домулла, 6 жыл оқыған – ахун деп аталады. Діни оқу – кейін басқа мамандықты да игеруге кедергі  келтірмейді. Мәселен біздің орталықты  бітіріп шыққан бір қари, бүгінде дәрігер болып қызмет атқарып жүр…».

– Бүгінгі кездесудің тақырыбы  әдемі болды, – деді тартымды өткен кездесудің соңында  аудандық мәслихат хатшысы Б. Шаимов.     – Біз әлеуметтік желілерден: «Бай болудың 10 шарты», «Ақша табудың үш жолы» деген сияқты әртүрлі үгіт- насихаттарды көріп жатамыз. Мүмкін, бұл да керек шығар. Бірақ рухани байлыққа ештеңе жетпейтіні анық. Біз Қуанышбаев Арман ағамызды да теледидар мен әлеуметтік желіден жиі көріп, мағыналы әңгімелерін тыңдап жүрміз. Дей тұрғанмен, осындай жүзбе-жүз тікелей көрісіп, әңгімесін тыңдау ерекше маңызға ие әрі әсерлі болады деп есептеймін. Себебі мұндай кісілер елімізде көп емес. Халқымыз рухани жағынан аш деп те айта алмаймын. Дегенмен, әсіресе жастар жағы осы кездесуден көп әсер алды деп ойлаймын. Бұл жерде қай жағдайда 5 нәрседен қашық болып, қандай кезде 5 нәрсеге асық болу керектігі айтылды. Бүгінде ұлдың атаны, қыздың ананы тыңдамайтын жағдайлар ұшырасып жатқан  кезеңде, бұл әңгімелер сондай келеңсіздіктерден сақтануға  кеңес береді деп санаймын. Сондықтан ағамыздың алтын уақытын бөліп, ауданымызға арнайы атбасын бұрып, мағыналы да мазмұнды кездесу өткізгеніне  алғыс айтамын.

Арман Қуанышбаев осындай кездеулерді Кеңқияқ пен Шұбаршиде т. б. өткізді. Ол жерлерде де жергілікті тұрғындар өздері түсінгісі келетін кейбір діни мәселелер бойынша сұрақтар қойып, мағыналы жауаптар алды.

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЙ.